Жаңалықтар

Ойран салған отшашу

ашық дереккөзі

Ойран салған отшашу

Өткен аптада Мексикадағы Тультепек қаласының пиротехника базарында болған жарылыс 29 адамның өмірін жалмап, 72 адамды аурухана төсегіне таңды. Католиктік Рождество мейрамын тойлау үшін отшашу таңдап, бейғам базар аралап жүргендер мұндай жағдайға тап боларын қайдан білсін? Жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық өнімдердің кесірінен дүниенің әр бұрышында талай адам ажал құшатынын біле тұра, қызық іздеген қауым одан бас тартар емес. Мексикадағы қайғылы оқиғадан кейін бірер күн өткенде Қытайдың Тяншань қарасында (Хэбэй провинциясы) пиротехника және петарда жасайтын зауытта да жарылыс болды. Қытай ұлттық радиосының (CNR) дерегіне сүйенсек, төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тапты. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демеуші ме еді, дәл сол күні, яғни 24 қыркүйекте Қытайдың тағы бір штатының тұрғындары отшашудан опық жеді.  Шаньдун провинциясында пиротехника заттары сақталған қоймада жойқын жарылыс болып, 5 адам жан тапсырды. Алдын ала мәлімет бойынша, отшашулар ғимаратта заңсыз сақталған. Аталған іспен астыртын айналысқан мекеме қожайыны қамауға алынды. Отшашу десе, ойға бірден оралатын тағы бір оқиға – Үндістанның Коллам қала­сын­дағы индуистік ғибадатханада болған фейерверк фестивалінен кейінгі алапат өрт. Пиротехникаларды ату барысында өрт шығып, шамамен 500 адам зардап шеккен болатын. Индуистердің Жаңа жыл мерекесін қарсы алу үшін ғибадатханаға 15 мыңнан астам адам жиналған. Қалыптасқан дәстүрге сай жергілікті жамағат түнгі әуе көгіне сан алуан отшашу атудан бәсеке өткізеді. Алайда, өкінішке қарай, шоу басталғаннан кейін пиротехникадан ұшқан шоқ ғибадатхананың сыртын әрлеп тұрған жасанды гүл тізбегіне тиіп, өрт тұтанады. Сәл уақыттан кейін өрт ғимараттың ішін шарпиды. Бұған қоса, фейерверктің бірі пиротехникалар тұрған қойманың шатырына түсіп, ахуалды одан ары ушықтыра түскен. Пиротехника жарылысы ғибадатхананың бетон құрылғысының бір бөлігін ойрандады. Қайғылы оқиға 116 адамның өмірін жалмады. Бұған қоса, қаланың 380 тұрғыны түрлі деңгейде жарақат алды. Апат ауқымының көлемі бүкіл Керала штатында фейерверк атуға тыйым салуға түрткі болды. Абайламаса отшашудың опық жегізетінін шетелдік тәжірибе ескертудей-ақ ескертіп келеді. Өткен жылы 31 қазан күні Румыния астанасындағы Colectiv түнгі клубындағы отшашудың кесірінен тұтанған өрт 45 адамның өмірін жалмап қана қоймай, саяси толқуларға себеп болып, Виктор Понта бастаған ел үкіметін биліктен тайдырды. 500-ге жуық адамды түнгі клубқа жинап, шоу көрсеткісі келген Goodbye to Gravity тобының концерті дүрбелеңмен аяқталды. 2013 жылы Бразилияның Санта-Мария қаласындағы түнгі клубта болған қайғылы жағдай да бүкіл дүниежүзі халқын сең соққандай есеңгіретіп тастаған болатын. Пиротехникалық шоудан туындаған өрт екі жүзден астам адамның өмірін жалмады. Түнгі клуб дегеннен-ақ, сауық құрамын деп барып, ажал құшқандардың барлығы өрімдей жастар екендігін шамалауға болады. Қасіретті оқиғаның себебіне үңілген Бразилия мамандары өрттің сахнаға ән айтуға шыққан бір әншінің қолындағы алаудан тұтанғандығын анықтады. Жалпы мұндай пиротехникалық шоулар әрбір түнгі клубтағы көңіл көтерудің дәстүрлі түріне айналып кеткен. Сондай-ақ, әлгі клубтың қабырғасы мен төбесіндегі тез жанғыш материалдар тілсіз жаудың одан әрі өршелене түсуіне жағдай жасаса керек. Сол күні онда 500-ге тарта адам болған. Олардың тең жартысы соңғы рет көңіл көтеріп жатқандарын білмеген еді… Пиротехниканың салдарынан 2009 жыл­дың желтоқсан айында Перьмдегі «Хромая лошадь» клубында да алапат өрт болып, 156 адам өмірімен қоштасқан болатын. 2012 жылы Иранда болған от фестивалінің зардабы да әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. Мемлекетте жыл сайын атап өтілетін «Чахаршанбе-Сур» фестиваліндегі оқыс оқиғадан 70 адам зардап шеккен еді. Қызыл жалын арқылы адам жаны тазарады деген сенім­ді басшылыққа алатын ирандықтар 21 наурызда келетін жаңа жылдың алдында міндетті түрде от мерекесін атап өтеді. Дәстүр бойынша бұл мейрамды тойлау барысында ирандықтар оттан секіріп, отшашудың түр-түрін атады.

Мереке кезіндегі сергелдең

Қызыл-жасыл оттарымен арбайтын­ пиро­тех­никалық өнімдер біздің елімізде де талай қайғылы оқиғаның себепкері болып, қаншама адамға залалын тигізді. «Отшашудың салдарынан көз­ жарақатын алған», «Петарда ата­мын деп қолын күйдірген». Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында осындай себептермен ауруханаға түсетіндер күрт көбейеді. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі – балалар. Балақайлардың қолына пиротехникалық заттарды алаңсыз ұстатып қойған ата-аналардың артынан бармақ тістегенін талай көрдік. 2015 жылы Жаңа жыл мерекесін тойлаған төрт күн, яғни 1-4 қаңтар аралығында Алматының 59 тұрғыны отшашудан жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олардың арасында отшашу мұрнын жұлып түсіргендер, жамбасы мен бөксесін күйдіргендер, саусағының айналасын жырымдап жаралағандар, сол жақ көзінің ағын жарақаттағандар, көздің мүйізгек қабығы мен қол білезігін күйдіргендер, тіпті мұрын сүйегін сындырғандар да бар. Сонымен қатар, еріннің ашық жарасы мен ауыз қуысы түгелдей күйіп қалғандар болды. 2 қаңтарда түскен адамның көзі ауыр жарақаттанған. Дәрігерлердің айтуынша, 3 қаңтарда ауруханаға жеткізілген адамның екі білегі түгел жырымдалған жара болған. Ал 4 қаңтарда түскен төрт адамның біреуінің қолы күйген, сынған және тағы біреуінде жабық бассүйек-ми зақымы болып, беті күйген. Сау адамды жарымжан ететін жарыл­ғыш­тың кесірінен көру қабілетінен айырылған Алматы қаласының тұрғыны Жанат Тұңғышбаев мерекелік желіктің соңы бұлай аяқталар деп ойлаған жоқ еді. Ол – 2015 жылдың алғашқы үш күнінде зағип атанған 6 алматылықтың бірі. «Бұлай боларын қайдан білейін? Отшашусыз Жаңа жыл мерекесі тойланбайтындай көрінеді. Жыл сайын сағат тілі тұп-тура 12-ні көрсеткенде көрші-қолаңмен жарыса атамыз. Биыл да дәстүр бойынша бірнешеуін сатып алдық. Қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға тырыстым, бірақ жазым деген аяқ астынан екен ғой. Бір сәттік шаттық үшін жанарымнан айрылдым. Жарық сәулені ғана көремін. Бір жыл бойы аурухана жағаладым», – дейді зағип жан. Осындай оқиға екі жыл бұрын Шымкент қаласында да орын алған болатын. 14 жасар жасөспірім жаңажылдық отшашудың салдарынан екі көзінен жарақат алды. Қарабұлақ ауылының тұрғыны Шерхан Хасенов сыныптастарымен бірге 14 қаңтарда жол бойындағы саудагерлердің бірінен отшашу сатып алған. Тұтандыру кезінде отшашу жарылып кетеді. Қатты күйік жарақатын алған бала алдымен облыс­тық балалар ауруханасының жан­сақ­­тау бөліміне жеткізіледі, үш күн­нен кейін офтальмологиялық ауруха­наға ауыстырылады. Шымкенттің офталь­молог­тары жасөспірімнің көру қабілетін сақтап қаламыз деп жанталасқанымен, отшашудан опық жеген Шерханның қос жанары да семіп қалды. Тағы бір жантүршігерлік оқиға Астанада болған еді. Пиротехникалық заттың кесірінен қала тұрғыны қос қолынан айрылып қала жаздаған. Араққа сылқия тойып алған азамат отшашуды тұтатпаққа талпынған кезде шартылдақ 10 саусағын осып түскен. Бірақ мұндай оқиғалар Жаңа жылды ұмытылмастай етіп қарсы алуға ұмтылатын өзге жұртқа сабақ болар емес. Мереке кезінде күшейтілген тәртіпте жұмыс істейтін ақ халаттылар мейрам күндері ауруханаға түсетіндердің саны жылдан жылға ұлғайып бара жатқанына алаң. Олардың қатарына арақтан аузы күйгендер, астан уланғандар мен жұдырықтасамын деп дене жарақатын алғандар да жетерлік. Мәселен, 2016 жылы Жаңа жылға берілген төрт күндік демалыстың ішінде жедел жәрдемге 11 669 алматылықтан шақырту түскен. «Мереке күндері күнделікті шақыру саны 1 мыңға дейін артты. 1 қаңтарда Жедел жәрдем медициналық станциясына 2765 шақырту келіп түсті. Кез келген басқа күнгі шақыртудың санын алып қарайық. Мысалы, 10 қазанда 1969, 4 желтоқсанда 1917 шақырту түскен», – деді «Жедел медициналық жәрдем станциясы» шаруашылықты жүргізу құқығына ие мемлекеттік коммуналдық мекемесі бас дәрігерінің орынбасары Олег Сариев. Мереке күндері дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің 188-і ішімдіктен уланса, 628 адам ауруханаға түрлі жарақатпен түскен. Олардың 169-ы соққыдан зардап шексе, 14-і пышақ және екеуі оқ жарақатын алған.

Өртке ораған өнімдер

Жаңа жыл мерекесі кезінде жұртты әбігерге салатын тағы бір қатер – өрт. Ол да көбінесе пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбаудың салдарынан тұтанады. Қазақстанда тәулігіне орташа есеппен 50-60 өрт болса, мереке күндері өрт саны және қаза болғандардың саны 3 есе артатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Мұндай тұтанулардың басым көпшілігі тұрғын үй секторында болатынын атап өту қажет. Статистика бойынша Қазақстанда өрттің 68 пайызы тұрғын үй аудандарында десек, Жаңа жыл мерекесі кезінде бұл көрсеткіш 82-85 пайызға дейін артады. Осыдан екі жыл бұрын жаңа­жылдық отшашу бүтін бір отбасына қай­ғы әкелген болатын. Сағат түнгі 12-ні соққанда атылған петардалардың шоғы Павлодардағы бес қабатты үйдің бір балконына түсіп, алапат өртке ұласқан. Жаңа жылды жолдастарының үйінде қарсы алмақ болған жанұяға пәтерлерінің өртеніп жатқанын көршілері хабарлайды. «Ести салып, жүгіріп келсек, пәтеріміз – қызыл жалын. Қою түтіннен ішке де кіре алмадық, тым құрығанда құжаттарымызды алып шығар едік», – дейді отанасы Гүлсім Айдарханова. Балконда тұтанған отты алғашқы болып байқаған көршілер дереу өрт сөндірушілерді шақырғанымен, күшейіп алған тілсіз жаудан үйдегі жиһаз бен тұрмыстық техника тегіс жанып кеткен. Куәгерлер өрттің түнгі сағат 12-де басталған отшашулардан тұтанғанын айтты. «Терезеге қарасам, жастар далаға шығып, отшашу атып жатыр екен. Бір кезде көрші үйді петардамен атқылай бастады. «Тоқтатыңдар, үйді өртейсіңдер ғой!» – деп айқайлағаныма құлақ аспады. Ақырында әлгі үйдің балконында ілулі тұрған пердеге шоқ тиіп, арты алапат өртке ұласты», – дейді Айдархановтар отбасының көршісі. Сөйтіп бір түнде барынан айрылған отбасы барар жер, басар тауы болмай сенделіп қалды. Дәл сол күні Павлодар қаласында 20 жерден өрт шыққан. Барлық жағдайда да тілсіз жауға пиротехникалық өнімдер себепші болыпты.

Отшашу өкіндірмесін десек...

Тәртіп сақшылары еліміздің түкпір-түкпірінде пиротехникалық заттардың заңсыз саудасымен күресті күшейтті.  Мәселен, өткен аптада Павлодарда «Пиротехника – 2016» алдын алу шарасы барысында оннан астам ірілі-ұсақты сауда орны тексерілді. Олардың көпшілігінде отшашуларды сақтау ережесі бұзылған. Рейд барысында 1 миллион теңгенің пиротехникалық заттары тәркіленді. Сатушылар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Аста­на­ның ішкі істер департаменті Әкімшілік по­лиция басқармасының қызметкерлері де пиротехника заттарын сақтау, есепке алу, тасымалдау, әкелу және әкету тәрті­бін сақтау бойынша жұмыстарын жан­дан­дырды. Бұл шаралар қауіпті заттарды заңсыз саудалаушылардың жолын кесіп, көлеңкелі бизнеске тосқауыл қойғанымен, жақындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін базардан отшашу іздеп сарсаңға түсетіндердің қатарын азайта алмайды. Төтенше жағдайлар қызметі аттанға салып, қауіп-қатердің табан астында екенін ескертіп әлек болғанымен, Жаңа жыл мерекесін пиротехникалық заттар мен бенгал шамдарынсыз өткізуге ниеттілер қатары көп емес. Баласына отшашу алып бермесе, ата-ананың көңілі көншімейтіні белгілі. Сондықтан пиротехникалық бұйымдарды пайдалану шарттарын айтпай кетуге болмас. Ең әуелі, мамандар отшашу құралдары мен бенгал шамдарын сатып алар кезде тауардың сертификаты мен шығу мерзіміне ерекше назар аудару керегін ескертеді. Өнімде қазақ немесе орыс тілінде жазылған қолдану нұсқаулығы болуы қажет. Қаптамада міндетті түрде отшашу саны, көлемі және әсері туралы мағлұмат көрсетілуі тиіс. Ақауы бар, мыжылған, суланған, сұр не қара түсті бояуы шашылған өнімдерге жоламаған жөн. Олардың аяқасты жанып кету қаупі жоғары. Пиротехниканы қолдану кезінде шылым шегуге мүлдем тыйым салынады. Зымыран тәріздес отшашуларды автомобиль тұрақтарының маңайында ұшыруға болмайды. Оларды тұтатпас бұрын 50 метрлік радиуста тез жануға бейім нысандар жоқ екеніне көз жеткізіп алу керек. Көрермендер от шашуды жіберетін аумақтан 15-20 метрлік қашықтықта, оларға желдің әсерінен түтін мен жанбаған бұйым бөлшектерінің ұшуын болдырмау үшін міндетті түрде желсіз жағынан болуға тиіс. Бенгаль оттарын қолдану кезінде де сақтық шараларына мұқият болған жөн. Мемлекеттік өртке қарсы қызметі жанғыш заттар бар жерлерде ашық отты пайдаланбауға кеңес береді. Бенгаль оты – ашық от. Өзегіндегі температура 2 мың градусқа жетеді. Сондықтан оларды жанғыш материалдардан алыс қолдану қажет. Бенгаль шамдарынан өзге пиротехникалық өнімдер ашық аспан астында тұтандырылуы шарт. Пиротехникалық бұйым жанбай қалған жағдайда, оған 10 минут көлемінде жақындауға және қолға алуға болмайды. Өйткені ол кенеттен тұтанып кетуі мүмкін. Жерге түскен зымыран тәріздес пиротехника қалдықтарын жинау да аса қауіпті екенін ұмытпаған жөн. Балалар қызылды-жасылды оттардың қызығына кіріп, қауіпсіздікті ескере бермейтіндіктен, «өзім атамын» деп қанша қиғылық салса да, ата-аналар бүлдіршіндердің қолына пиротехникалық құралдарды ұстатпаса екен.  Жаңа жыл өкінішті оқиғалардан басталмасын десек, сақтықты күшейткен абзал.