Жаңалықтар

Маңғыстау облысында 240 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

ашық дереккөзі

Маңғыстау облысында 240 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Маңғыстау облысында жұртшылықпен, ауылдық округ тұрғындарымен, бастауыш партия ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Сондай-ақ, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын тексерді. Асхат Оралов Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинмен, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабекпен, қоғам қайраткері Мұрат Әбеновпен және «Жер аманаты» комиссиясының өзге де мүшелерімен бірге Таушық ауылында Түпқараған ауданының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі және құнарсыздануы мәселелерін талқылады. Ауыл ақсақалы Амангелді Жүнбасовтың айтуынша, ауыл тұрғындарының мал жаятын жері болмай отыр. Ал, жақын маңдағы жайылымдардың меншік иелері жергілікті тұрғындардың мал жаюына рұқсат етпейді. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдардың аумағын кеңейту мәселесі өзекті болып отыр. «Мұндай кездесулер аманаттықтарды толғандыратын мәселелерді біліп отыруға мүмкіндік береді. Себебі, бастауыш партия ұйымдары – партияның негізі. Сонымен қатар, партияның жаңа Саяси тұғырнамасын әзірлеу кезінде қатардағы партия мүшелерінің пікірі ескеріледі. Бүгінде БПҰ-ны ірілендіру, олардың әлеуетін күшейту жөнінде жұмыс жүргізілуде. БПҰ бастамаларын қолдау мақсатында жергілікті жерлерде жобаларды іске асыру үшін партиялық жарналардың 20%-ын қайтарып беру тәжірибесін енгіздік», – деді Асхат Оралов.