Нұрсұлтан Назарбаев: Қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді

Еліміздің көрші мемлекеттермен экономикалық, саяси қарым-қатынасы жыл өткен сайын дамып келеді. Әсіресе, Ресеймен қай салада да байланысымыз нық орныққан. Соның дәлелі – Елбасы Ресей басшысымен биыл төрт ресми кездесу өткізіп, екі елге ортақ мәселелердің шешімін бірлесе қарастырды.

Ал апта басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Санкт-Петер­бург қаласында өткен Жоғары Еу­ра­зиялық экономикалық кеңес пен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сес­сия­сының отырыстарына қатысқан болатын.

Бұл екі шараға дейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путин­мен жеке кездесу өткізіп, екі елдің ЕАЭО аясындағы тиімді ын­ты­мақ­тастығын атап өтті. «Біздің қа­рым-қатынасымыз дамып келеді. Туындаған мәселелер елдеріміздің үкі­мет­тері деңгейінде шешіліп жатыр. Сізбен бірге Байқоңыр қаласын одан әрі дамыту мәселесін талқыладық. Біз қазір 8 жылға арналған тиісті «жол картасын» әзірледік», – деді Қазақстан Президенті. Елбасы өз пікірінде Қазақстанның ЕАЭО-ға табысты төрағалық еткенін айта келе, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында тауар айналымы бәсеңдегеніне екпін түсірді.

Қазақстан Президенті Ресей Федерация­сымен әскери-техникалық ын­тымақ­тастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Сирия қақтығысы жөнінде Астанада келіссөздер өткізу үшін Қазақстан мүмкіндік беруге дайын екенін мәлімдеді.

Бұдан соң сөз алған Ресей пре­зиденті Қазақстан Мемлекет бас­шысын Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғы­мен құттықтай келе, еліміздің қол жеткізген жетістіктеріне баға берді. «Қазақстан ЕАЭО-ның барлық мүшелеріне оң ықпал ететін интег­ра­циялық үдерістердің белсенді қа­тысу­шысы болып табылады. Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі интегра­циялық үдерістерге белсенді атсалысып келе жатқан ел. Бұған  табысты елдің интеграциялық жобаларды белсенді алға жылжытып жатқаны дәлел. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың барлық қатысушыларына оң ықпал етуде», – деді В. Путин.

Екіжақты келіссөздердің қорытын­ды­сы бойынша екі құжатқа қол қойыл­ды. Біріншісі «Байқоңыр» кеше­нінде ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру тұжырымдамасы, екін­шісі – Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құру тәртібі мен олардың мәртебесі туралы мемлекетаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы 1995 жылғы 23 желтоқсандағы хаттаманың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының тізіміне қатысты бөлігі.

ЕАЭО-ға төрағалық еткен Қазақстанның есебі

Негізі Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңес отырысына Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше бес елдің басшылары қатысуы тиіс еді. Алайда алқалы жиынға Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко келмей қалды. Сөйтіп, тек төрт президент – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Армения Респуб­ли­касының президенті Серж Саргсян, Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев қатысты. Ал жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырды.

Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның Кеден кодексі әзірленгенін атап өтіп, оны дайындау барысында қатысушы елдер азаматтарының мүддесін сақтауға, сондай-ақ бизнес жүргізудің ашық әрі тұрақты ережесін қалыптастыруға басымдық берілгенін айтты. «Күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға қарамастан, күш-жігерімізді жұмылдыру арқасында біз жыл басында Қазақстан ұсынған негізгі бағыттарды іске асыру барысында ілгерілей түстік. Интеграциямыздың негізгі құжаттарының бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі қол қоюға дайын болды», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын құру жөніндегі үдерістердің басталғанына назар аударды.

«Қазан айында Вьетнаммен арадағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді. Иран, Үндістан, Сингапур және Мысыр елдерімен осындай аймақтар құру жөнінде келіссөздер бастау туралы мәселе қарастырылып жатыр. Түрлі мемлекеттермен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы 25-тей меморандумға қол қойылды. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» осы одақпен ұштастыру ісі бағдарға алынды. Еуропалық одақпен және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен әріптестік жолдары қарастырылуда», – деді Елбасы атқарылған шаралар мен болашақтағы жоспарлар жайында ой бөлісіп.

Бүгінде Қазақстан Қытай және Израильмен сауда келісімдері жөнінде белсенді келіссөздер жүргізіп келеді. Нәтижесінде Одаққа Оңтүстік Америка елдері де мүдделілік танытып отырған жайы бар. Яғни, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың негізгі қағидалары көрініс табатын сауда саясатын дамыту туралы мәлімдеме ЕАЭО-ның халықаралық экономикалық байланыстарын дамыту жөніндегі қызметтің заңды жалғасы болып табылады.

«Сонымен бірге, біз сауда келісімдері жөніндегі жұмыстың жүйелілікті, мейлінше тиімділікті, одақтың барлық мүшелерінің мүддесін ескеруді талап ететінін ұмытпағанымыз жөн. Тарифтік міндеттемелер құрылымына, біздің мүмкіндіктеріміз бен шектеулерді ескере отырып ықтимал алымдардың тізіміне мұқият талдау жүргізу қажет. Бұл орайда барлық қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерді де ескерген жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әрине, ЕАЭО аясындағы жұ­мыс­тардың бәрі оңынан туып отыр деуге келмейді. Елбасы жұмысқа ықпал ете­тін бірқатар факторларды, соның қатарында әлемдік экономикалық жағдайдың нашарлай түскенін және бірлестіктің өз ішіндегі мәселелер шешімін таппай отырғанын атап көр­сетті. «Өзекті мәселелерді шешудегі ерек­ше рөлді ең алдымен Еуразиялық эконо­микалық комиссия атқаруға тиіс. Бүгінгі таңда дағдарыстан кейінгі жағдайды пайымдау, Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың одан арғы стратегиясын түзуге мүмкіндік беретін жүйелі және ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеу маңызды болып отыр. Осыған орай дағдарысқа қарсы кеңес құру қажет. Егер мемлекеттер басшылары мұны қолдаса, комиссияға бұл мәселені біздің үкіметтермен бірлесе отырып қарастыру және тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма беруді ұсынамын», – деген Елбасы Н.Назарбаев Қырғызстан басшылығының ЕАЭО төрағалығын табысты атқаруына тілектестік  білдірді.

ЕАЭО-ның Кеден кодексіне қол қойылды

ЕАЭО-ның Кеден кодексінің әзірленгеніне үш жылдың жүзі өтіпті. Онда  кедендік жұмыстарды ақпараттандыруға жаңа тәсілдемелер, қағаз түріндегі құжат айналымын және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың лауазымды тұлғалармен  байланысын азайту мақсатында  бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың ыңғайлы алгоритмі енгізілген болатын. Ең бастысы, Одаққа мүше елдерге ортақ кедендік операцияларды бірізге түсіруге басымдық берілген. Сол сияқты жаңа құжат Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі елдер үшін бірыңғай  баж салығынсыз сауданың жоғары өзіндік құнын және салмақтық шегін белгілейді. Мұнымен қоса,   2018 жылдан ЕАЭО елдеріне шетелдік интернет-дүкендерден бажсыз тасымалдаудың шегін біртіндеп төмендетуді енгізу қарастырылған.

Осылайша, ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шартқа жиынға қатысқан елдердің  басшылары ғана қол қойды. ЕАЭО-ның Кеден кодексі келесі жылдың шілде айынан бастап күшіне енеді. Бір айта кетерлігі, үш ел ЕАЭО сауда саясатын дамыту туралы мәлімдемеге қол қойып жатқанда, Қырғызстан бұл құжаты мақұлдаудан бас тартты.

Қауіпсіздікті сақтау оңай болмай тұр

Ал жабық есік жағдайында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы отырысында  Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей басшылары Ұйым аясындағы одақтық өзара әрекеттестіктің өзекті салаларын, оның ағымдағы қызметін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. «Біз әлемнің көптеген өңіріндегі қарым-қатынастардың қалыптасуы қаншалықты қиынға соғып отырғанын білеміз. Проблемаларға толы шиеленісті аймақтар саны азаяр емес», – деді іс-шараның ашылу рәсімінде Ресей басшысы. Отырыста әлемді дүрліктірген терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды пысықтау, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымымен күресті тоқтатпау жөніндегі мәселелер жан-жақты талқыланды.

 

Back to top button