Оңтүстікте жемқорлық өршіп тұр

Оңтүстікте жемқорлық өршіп тұр

Оңтүстікте жемқорлық өршіп тұр
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясының жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі отырысы өтті. Жиында Түркістан облысы және Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жағдайы және партияның «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын» орындау мәселесі сөз болды. Бауыржан Серікбаев
«Бүгінде «Жаңа Қазақстанға» деген халқымыздың сенімі мен үміті басым. Қоғамда әлеуметтік әділеттілікке деген сұраныс жоғары. Ал осы халықтың сеніміне селкеу түсіретін факторлардың бірі – жемқорлық»,  – деп атап өтті Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі  республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Серікбаев.
Түркістан облысында жемқорлық деңгейі жылдан-жылға өсіп барады. Облыстың Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, 2019-2021 жылдар аралығында сыбайлас жемқорлықтың 364 фактісі тіркелген. Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған мерзімде 284 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеген. Қылмыстың негізгі бөлігін пара алу (172) және алаяқтық (лауазымды тұлғаның қызметтік бабын пайдаланып жасаған) фактілері құрайды (50). Ал анықталған шығын көлемі 119,8 млн теңгені құраған. Жемқорлық құқықбұзушылықтардың көбі әкімдіктердің қызметкерлерімен, мемлекеттік кірістер қызметкерлерімен және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен жасалған. Шымкент қаласында да сыбайластыққа, бармақ басты, көз қыстылыққа жиі жол беріледі. Оны нақты деректерден көрсек болады. Мәселен, қалада 2020 жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы 266 қылмыс тіркелген. Аяқталған қылмыстық істер бойынша белгіленген залал сомасы 4 млрд теңгені құрайды. Зерделенген кезеңде облыстағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің негізгі бөлігін облыстық және аудандық деңгейдегі басшылар бюджеттік қаражатты игеру, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының мемлекеттік лицензиялау функцияларын жүзеге асыру барысында жол берген. Партия жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі  республикалық қоғамдық кеңеске қатысушылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста басты назарды дәл осы кемшіліктерге бағыттау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ оңтайландыру процестерін, қоғамдық бақылауды күшейтуді, нормативтік-құқықтық базаны қайта қарауды қамтитын шаралар кешенін қарастыру қажет. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың шешімдер қабылдауда ашық, айқын болмауы да сыбайлас жемқорлық жағдайын тудырып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі табыс көп жағдайда мемлекет қабылдаған шаралар мен шешімдерге халық сенімінің деңгейіне байланысты екені анық. Ендеше, жергілікті атқарушы органдардың басшылары халықпен үнемі байланыста болып, түйткілді мәселелер туралы шынайы және ашық айта отырып, оларды шешу жолдарын ұсынуы қажет. Өйткені сенім биліктің іс-қимылына халықтың түсіністігі мен ортақ мүддесіне байланысты.