Анасы үш баласын суға тұншықтырған: құтқарушылар оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Анасы үш баласын суға тұншықтырған: құтқарушылар оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Алматыда 20 тамыз күні белгісіз әйел адам Сайран көліне үш баласын тұншықтырып өлтірмек болған еді деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Балаларды көшеде кетіп бара жатқан кездейсоқ адамдар құтқарған болатын. Бейбіт күннің батырлары оқиға орнынан дер кезінде табылды. Балаларды ажалдан арашалап қалған Алматы құтқару қызметінің қызметкерлері еді. Солардың бірі – Жетісу облысының тумасы Ершат Далабаев. Ол оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«20 тамызда Әуезов ауданында құтқарушылар отыратын стансада қызметте болатынбыз. 14:30-15:00 шамасында бұрын-соңды көрмеген үш баласын ерткен әйел келді де, қолындағы бір жасар сәбиін суға тұншықтыра бастады. 3 және 4 жасар екі баласын да суға алып кірген. Мұны ең бірінші боп байқаған мен болдым. Құтқаруға келе жатқанымды байқап, қалған екі баласын да жағаларынан ұстап суға батыра бастады. Мен келген сәтте үш баласы үш жақта батып жатқан болатын. Суға сүңгіп кетіп, екі үлкен баласын жағаға алып шықтым. Жағаға алып шығуға әріптесім Ринат Ситиев көмектесті. Ринат екеуміз қайтадан суға кіріп, 1,5 жасар сәби мен әйелді алып шықтық. Өзіміздің стансамызға апарып, киімдерін ауыстырып, жылыту үшін пеш жақтық. Балалар жылағаннан кейін, телефонымыздан мультфильм қосып беріп жұбаттық. Одан кейін 102, 103-ті шақырдық. Медбикелер келіп тексерді. Балалардың бәрі су жұтып қойған, бір-екі минутқа кешіксек, аман алып қала алмас па едік», – деп бөлісті Ершат.
Құтқарушылар сол сәтте әйелдің балаларын не үшін өлтірмек болғанын сұраған. Олардың айтуынша, әйел мұндай жантүршігерлік әрекетті күйеуіне ерегесіп жасауы мүмкін.
«Күйеуімен жанжалдасып қалған көрінеді. Күйеуім көңіл бөлмейді деді. Айтуы бойынша, өздерінің жағдайы жоқ екен. Каспийде ақшам жоқ, телефонымда тарифім жоқ деді. Балалардың не кінәсі бар деп сұрадым. Күйеуіне ерегісіп жасады деп ойлаймын», – дейді құтқарушы.
Қоғам белсендісі Ақмарал Басированың да айтуынша, әйелдің бұндай әрекетіне күйеуін жұмыстағы әріптестерінен қызғанғаны себеп болуы мүмкін.
Қазір әйел психоневрологиялық диспансерде жатыр. Қоғам белсендісінің сөзінше, күдікті бұған дейін ешқандай есепте тұрмаған.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, қазір балалар ауруханадан шығарылған. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір балалар әкесімен бірге көрінеді.