«ЖЫЛ ТАҢДАУЫ – 2016» жеңімпаздары марапатталды

28 желтоқсан күні «Қазмедиа орталығының» концерт залында салтанатты түрде жыл таңдауы жасалды. «Қазақстан» ТРК» АҚ қызметкерлері арасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Жыл таңдауы – 2016» байқауының жеңімпаздары анықталды.

Мақсаты – қызметкерлердің шығармашылық белсенділігін арттыру, журналистердің кәсіби шеберлігін көтеру, сондай-ақ, оларға моральдық және материалдық қолдау көрсету.

«Жыл таңдауы – 2016» байқауын ашқан «Қазақстан» ТРК» АҚ Басқармасының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады:

– Бұл жерде сайдың тасындай іріктелген, өз жұмысына шын жаны ашитын, қаламын қару еткен, ойы ұшқыр журналистер жұмыс істейді. Оған айғақ, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын мерекелеуде, биыл құрылған ақпарат және коммуникациялар министрлігінен және көптеген басқа мекемелерден медальдар мен алғыс хаттар жаңбырша жауды…

Елдің атауымен аталатын телеарнада қызығушылықсыз жұмыс істеу мүмкін емес!«Қазақстан» атауын ту ретінде тік ұстап, мемлекетіміздің абыройын одан әрі асқақтату сіздердің қолдарыңызда. Баршаңызды биылғы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтаймын, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Келесі жыл қызықты оқиғалар мен эксклюзивті материалдарға толы болсын, – деді.

Байқауға биылғы жылдың қарашасына дейін эфирге шыққан 145 жұмыс тапсырылды. Байқау жеңімпаздары 6 аталым бойынша анықталды.

«Үздік сюжет» номинациясында Семей каласы мен Павлодар облыстық филиалдарының ұжымы ІІІ орынға ие болды. ІІ орын СҚО филиалы мен «Қазақстан» ҰТА» ақпараттық бағдарламалар дирекциясына бұйырды. І орын «Қазақстан» ҰТА» ақпараттық бағдарламалар дирекциясының ұжымы дайындаған «Баян-Өлгейдегі акция» мен «Қазақ қызы – аквалангист» сюжеттері үшін берілді.

«Үздік ойын-сауықтық бағдарлама және ток-шоу» номинациясында ІІІ орын «Ханымдар» (Атырау обл. филиалы) мен «Рауан» бағдарламаларына (ШҚО филиалы) берілді. ІІ орынды «Открытая студия» бағдарламасы алды (БҚО филиалы). І орында «Айтуға оңай» бағдарламасы (Алматы қ. Филиалы).

«Радиодағы үздік бағдарлама» номинациясында ІІІ орын «CLASSIC» радиосындағы «Ел мақтанышы», «Шалқар» радиосындағы «Таңжарық» және Казақ радиосындағы «Әдеби-Саз» бағдарламаларына берілді. ІІ орында «Астана» радиосындағы «Welcome to Astana» бағдарламасы. І орынға «Қазақ елі» бағдарламасындғы Алматының 1000 жылдығына арналған материалы үшін Алматы қ. Филиал ұжымы ие болды.

«Әлеуметтік желідегі үздік» номинациясы бойынша ІІІ орын «Қазақстан» ҰТА» ақпараттық бағдарламалар дирекциясы тілшілер қосынының техникалық редакторы Сымбат Досмаханова мен әлеуметтік медиамен жұмыс жөніндегі бөлімнің бейнемонтажер Әскербек Қиясовқа берілді. ІІ орын Ақмола облыстық филиалының жүргізуші-редакторы Тажмурат Альжановқа берілді. І орын «Астана» радиосының музыкалық редакторы Жанна Чулановаға берілді.

«Үздік дизайнерлік жұмыс» номинациясында ІІІ орын Ақмола және Қызылорда облыстық филиалдарының дизайнерлеріне берілді. ІІ орынды ОҚО алды. І орында «Сайлау- 2016» жобасы.

Back to top button