Мәсі-кебісімізді шетелдегі қандастарымыз тігіп беріп отыр – кәсіпкер
Мәсі-кебісімізді шетелдегі қандастарымыз тігіп беріп отыр – кәсіпкер
Бақытбек Мұхаметғазы – Қытайда туып-өскен қандасымыз. Елге 2018 жылы көшіп келген. Бүгінде өз кәсібі бар. Ол суық жерде жұмыс істейтін жандардың аяғын жылытып жүр. Қалай дейсіз ғой? Таза былғарыдан жасалған мәсі, кебіс сатуды қолға алған.
«Мәсі-кебісті қолдан тігіп беріп жатқан – Қытайдағы қазақ бауырларымыз» дейді ол. Басында 5-10 дана әкеліп базарларда сатқан. Сұраныс ойдағыдай болған соң біртіндеп көбейте бастады. Өйткені қақаған суықта далада жұмыс істейтін жандар үшін бұл таптырмас дүние. Аяқтан суық өтпейді. Базарда жұмыс істейтіндерден басқа да тұрақты клиенттері бар. Олар: көлік жуу тұрағында жұмыс істейтін жігіттер, автоэлектриктер және ата-әжелер.
«Жазда арзан болады. Ол жақта жазда көп өтпейді. Қысқа қарай жақсы бағамен сатамыз. Тұтынушылардың көбі егде тартқан кісілер. Қытайдан келген әйел адамдар көбіне үй жұмысымен айналысады. Ауыл жақта жағдай бола бермейді ғой. Жылы еден жоқ. Малға шығады. Жер үйде тұратындықтан мәсі, кебіс керек. Ата-апаларымыз тұрақты алып тұрады. Тойға да киіп барады. Бір мәсі, кебісті 2-3 жыл киеді. Әртүрлі түсі бар. Табанында сиырдың жон терілері қабатталған. Кішігірім өкшесі бар. Қыста суық, ызғар өтпейді. Негізі барлық жастағы адамдарға бар. Бірақ үлкен кісілер денсаулықтың қадірін жақсы біледі ғой», – дейді кейіпкеріміз.
«Мәсі-кебіс тігудің қыр-сырын біліп алғаннан кейін осы жақта өзіміз тіксек деген ой бар. Ол үшін тері илеп, бояп беретін зауыт болуы керек, іздестіріп жатырмыз. Тігетін апараттар алдырамыз. Кәсіп ашатын адам тәуекелшіл болуы керек. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді ғой, тек қана алға жүреміз», – дейді Бақытбек Мұхаметғазы.