Жаңалықтар

Жолдарды жөндеу, жұмысқа орналастыру: тұрғындарды қандай мәселе алаңдатады?

ашық дереккөзі

Жолдарды жөндеу, жұмысқа орналастыру: тұрғындарды қандай мәселе алаңдатады?

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Партия мүшелері Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 60-қа жуық азамат келіп, 4 шалғай елді мекен қамтылды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғындары «AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдеріне сумен қамту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті қолдау секілді мәселелер бойынша  жүгінді. Жергілікті тұрғын Қалидолла Қадыров аманаттықтарға жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі бойынша шағымын айтты.  «Жақын маңдағы өзек аумағында су жоқ. Сондықтан су мен шөп іздеп көрші ауылдарға мал айдап кетуге тура келеді. Біз ауылда мал жаятын және суаратын орын болғанын қалаймыз. Кейбір жерлерді жеке шаруашылықтар жекешелеп қоршап алды. «AMANAT» партиясы бұл мәселені республика деңгейінде көтеріп отыр. Сондықтан біз бұл мәселенің оң шешімін табатынына сенімдіміз», - дейді ол. «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Әлия Садырбаева 4 шілдеде шалғай елді мекендерге сапардың  екінші кезеңі басталғанын атап өтті. «Бірінші кезең 14 наурыз бен 14 маусым аралығында өтті. Екінші кезең кезінде 131 ауылдық округте болып, мыңға жуық адам қабылдады. Мәселелердің 25%-ы дер кезінде оң шешімін тапса, қалғандары бақылауға алынады», - деді Әлия Садырбаева. Еске салсақ, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері  91 мыңнан астам адам жүгінді. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 18 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 46 мыңнан астам адам қабылданды.