Қазақ қызы джиу-джитсудан халықаралық турнирдің жүлдегері атанды
Қазақ қызы джиу-джитсудан халықаралық турнирдің жүлдегері атанды
Қазақстандық Дана Төлеужан Гамбургте (Германия) өткен AJP TOUR International PRO - GI & NO-GI халықаралық турнирінде көк белбеулер арасында 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды деп хабарлады turkystan.kz Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Жарысқа әлемнің 32 елінен 430-дан аса спортшы қатысқан. 23 жастағы Дана үшін бұл екінші турнир. Оның алдында Испаниядағы жарыста жетістікке жеткен болатын. Ол финалға шығу үшін өткен жекпе-жекте төрешілердің шешімімен Даниядан келген қарсыласына жол берді. Бірақ үшінші орын үшін өткен кездесуде Германиядан келген қарсыласын жеңді.
«Турнирге жалғыз бардым. Ешқандай қолдау болмады. Жаттығу процесі қиын болды. Парижде күніне екі-үш рет жаттығатынмын. Өкінішке қарай, бұл жеткіліксіз болды. Жаттығуға көбірек уақыт жұмсасам, келесі жолы жақсы нәтижеге қол жеткіземін деп ойлаймын», - дейді спортшы.
Дана Төлеужан 2019 жылы Абу-Дабиде (БАӘ) өткен әлем чемпионатында ақ белбеулер арасындағы джиу-джитсу фестивалінің күміс жүлдегері атанды. Ол қазір Италияның Рим қаласында тұрады.