Жаңалықтар

Сомалидегі құрғақшылық: 7,7 млн адам су мен тамаққа зәру

ашық дереккөзі

Сомалидегі құрғақшылық: 7,7 млн адам су мен тамаққа зәру

Сомали кейінгі онжылдықта құрғақ­шы­лықтан зардап шегуде. Миллион­даған халық ішер су мен тамақ таппай үйлерінен алыс аймаққа қоныс аударып жатыр. Сомалиде 2011, 2016 және 2021 жылдары үш үлкен нәубет болды. 2011 жылы БҰҰ аталған елде жұт басталғанын жариялады, онда 3,7 миллион адам азық-түлік қауіпсіздігінің дағдарыстық деңгейіне тап болды. Ал биыл құрғақшылықтың салдарынан 7,7 миллион адам аштықта өмір сүріп жатыр. Бүгінде ұлыбританиялық «Мұсылман қолдары» қайырымдылық ұйымы аштықтың зардабын тартқан әйелдер мен балаларға көмектесіп, оларды азық-түлікпен, сумен қамтамасыз етуде. The New Arab газеті Сомали 30 жылдан астам қақтығыс пен климаттық апаттардан зардап шегіп келе жатқанын жазған. Бұл әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымның құлдырауына және кедейліктің кең таралуына әкелді. Сомали - Африканың солтүстік-шығысындағы Сомали түбегінде орналасқан мемлекет. Жер аумағы – 637,7 мың км2. Халқы саны – 16 186 504 (2005). Астанасы – Могадишо қаласы. Халқының 98%-ға жуығы сомалиліктер, олардан басқа арабтар, суахилиліктер, италиялықтар, үнділер, тұрады. Ресми тілі – сомали, араб тілі. Тұрғындарының 99%-ы - мұсылмандар. Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы (ГМҮБ) бұл елдегі су көзінің 80%-ы құрғақшылықтың салдарынан құрғағанын хабарлады. Сомалиде 40 жылдан астам уақыт ішіндегі ең қатты құрғақшылық байқалды. Адамдар су мен ішер асқа зәру. «Біз Саплаал ауылынан Могадишо қаласына жақсы өмір іздеп келдік. Бізге су мен тамақ керек болды. Қалада отбасымды асырау үшін көшеде қайыр сұраймын. Балам аш болғандықтан күні-түні жылайды. Ондай кезде жүрегім ауырады», – дейді Хаво есімді жалғызбасты ана The New Arab газетіне берген сұхбатында. The New Arab тілшісі Сомалидегі «Мұсылман қолы» ұйымы ашаршылықтан, қуаңшылықтан зардап шеккен тұрғындарға жүк көліктерімен су, азық-түлік таратып жатқанын жеткізді. Ұйым көмекке келмес бұрын мұндағы аш адамдар 40 литр суды (3 доллар шамасында) ақшаға сатып алып жүрген. Суды ауыр сары канистрлерді матамен орап, көбінесе әйелдер арқалап тасып жүргенін көруге болады.  «Мен мұнда алғаш келгенде 6 ай бойы су тапшы болды. Біз қиын кезеңдерді бастан өткердік. Жақында қалпына келтірілген құдық үлкен маңызға ие болды. Мұндай суды лагерьлерде сатып ала алмаймыз», – деді қауымдастық жетекшісі Фархан Али Фарах.