Жаңалықтар

Бізге беймәлім әлем: алақан жайғандардың жан сыры

ашық дереккөзі

Бізге беймәлім әлем: алақан жайғандардың жан сыры

Көше, мешіт алды, базар. Жалпы, оларды адам көп жиналатын жерден кездестіресіз. Қол созып, қайыр тілейтіндердің басым бөлігі - мүмкіндігі шектеулі жандар мен әйелдер. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі. Біреулер мұны кәсіп көзіне айналдырса, енді бірі амалсыздан алақан жаяды. Елорда көшесінде кездескен кісілермен тілдесіп, қалай жан бағып жүргенін сұраған едік. Алдымен «Шапағат» базарына бардық. Мұнда қол жайып отырғандар көп емес. Дегенмен бірлі-жарымын көресіз. Жерасты өткелінен кездестірген Санат ағай сөйлесуге құлықсыз. «Шаршадым, ештеңе айтқым келмейді» дейді. Әскерде бір аяғынан айырылған ол бұл жерде 2006 жылдан бері отырады екен. Ендігі кейіпкеріміз Ақнұр (аты өзгертілді – ред.) – Түркістанның тумасы. Жанына баласын ерткен қазақ әйелі көшеден өткен адамның назарын еріксіз аудартады. Кейбіреулер оған «Қазақтар бұлай отырмайды, неге жұмыс істемейсің?» деп ұрысады екен. Ал үш баласы бар әйел жұмыс істеуге денсаулығы жарамайтынын айтады. Үлкен ұлы 27 жаста. Ұрлық жасап, түрмеге қамалған. Түрін көрсетпей, атын өзгертуді өтінген әйел туыстарының көзіне түскісі келмейді. «Танып қояды» дейді. «Асыраушым жоқ. Денсаулығым жарамайды, мына балаға тамақ керек, ешкімнен кем қылғым келмейді. Мектепке барады. Жұмысқа денсаулығым жарамайды. Неше түрлі адамдар бар. «Аяқ-қолыңыз бүтін. Неге жұмыс істемейсіз?» дейді. Балам түрмеге 5 жылға кетті. Қамалғаннан кейін артынан бардым, сол жақта тұрмақшы болдым. Туысқандарым көмектеседі. Бірақ әркімнің өз отбасы, проблемасы бар. Қашанғы көмектессін. Жолдасыммен ажырасып кеттік. Көрсетпегенді көрсетті. Құрылыста жұмыс істейді, ішеді. Бізге түк пайдасы жоқ, үйдің берекесін қашырды. Оның жүріп-тұруына мен ақша тауып беруім керек. Балаға теріс тәрбие береді. Қыз баланың тағдыры қиын ғой. Мешітке шығамын. Қарапайым халық бұйырғанын береді, көмектеседі. Үйіңе әкеліп береді. Туыстарым, балам бұлай жүргенімді білмейді, намыстанады», – дейді Ақнұр. Кейіпкеріміз кейбіреулер, әсіресе жас қыздар бұл істі кәсіпке айналдырып алғанын да жасырмады. «Жас қыздарды көремін. Күйеуі бар. Өзіміздің қазақ қыздары. Балалары бар. Жас қой, жұмысқа жарайды. 20-дан енді асқан қыздар осы жерде жүреді. Кәсіпке айналдырып алған. Мен осы уақытқа дейін жұмыс істедім. Қазір денсаулық жарамаған соң амалсыздан отырмын. Дәрімен жүрмін. Алдымыз қыс. Мына бала мектепке барады. Түрмедегі балама киім керек. Жақсы адамдар да бар. Мұңайып отырғанда бір келіншек келіп, «Қандай дәрі ішесіз?» деп сұрады. Бүкіл дәрімді алып берді. Үйге әкеліп те көмектесіп тұрады. Оның да күйеуі жоқ екен. Енді балам түрмеден шықса, ел қатарлы күн кешеміз деген үмітім бар», – дейді кейіпкеріміз. «Күйеуімнің бұрыннан бір аяғы қысқалау еді. Құрылыста кірпіш құлап, қазір жатып қалды, денсаулығы жоқ. Қайын атам да үйде. Ол кісіге де қарауым керек. Мына кішкентай ұлым сөйлемейді. Екі бауырым бар. Біреуі жүйке ауруымен ауырады, анаммен бірге тұрады. Ал сіңлім менімен тұрады, кафеде жұмыс істейді.  Кішкентай кезімізде әкеміз тастап кетті. Таразда тұрғанбыз. Бұл жерге ештеңе болмай қалғанда амалсыздан келемін. Адамдар тиын-тебен береді. Білім алсам, бұлай жүрмес едім. Кезінде оған  әке-шешемнің жағдайы болмады. Басында ренжіп, кінәлайтынмын. Қазір балаларым оқып, білім алып, ел қатарлы азамат болса екен деп армандаймын», – дейді Айгерім. Ең бастысы, кейіпкеріміздің үміті үзілмеген, алдағы күннен жақсылық күтеді. Соған қуандық. Жас болса да, нәзік иығына түскен ауыртпалықты көтере білген табандылығына сүйсініп, амандық, бақыт тілеп қоштастық. Түйін: Қазір әлем елдері қайыршылықпен күресіп келеді. Ал біз қалай күресеміз? Көшеде алақан жайған азаматтарымыздың санын қалай азайта аламыз? Жұмыла көтерген жүк жеңіл емес пе?!.

Фото: автор