Ресейдегі жол апатынан Қырғыз елінің 14 азаматы көз жұмды

Ресейдегі жол апатынан Қырғыз елінің 14 азаматы көз жұмды

Ресейдегі жол апатынан Қырғыз елінің 14 азаматы көз жұмды
ашық дереккөзі
21 тамыз күні Ресейдегі Ульяновск облысындағы жол-көлік оқиғасынан 14 Қырғыз елінің азаматы көз жұмған. Бұл туралы Ресейдегі Қырғыз Республикасының елшілігі мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz. Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, жүк көлігі тоқтап тұрған микроавтобусты соққан. Салдарынан жолаушылары бар микроавтобус екі жүк көлігінің ортасында қысылып қалған.
«Алдын ала ақпарат бойынша оқиға салдарынан 16 адам қаза тапты, олардың 14-і Қырғыз Республикасының азаматы. Үш адам ауруханаға жеткізілді. Олардың азаматтықтары анықталып жатыр», – делінген хабарламада.
Көз жұмғандар арасында екі ресейлік бар. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, олардың арасында қазақстандықтар жоқ.
«Ресей Федерациясы Ульяновск облысы Төтенше жағдайлар министрлігі штабының алдын ала мәліметі бойынша, жол апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан Республикасының азаматтары жоқ» - делінген министрліктің ресми хабарламасында.
.