Жаңалықтар

Көшпенділер тарих жазбаған: қазақтар жазған көне тарихи еңбектер

ашық дереккөзі

Көшпенділер тарих жазбаған: қазақтар жазған көне тарихи еңбектер

Көшпенділер тарих жазбаған деген пікір бар. Кейде қазақтың тарихын еуропалық және орыс тарихшыларынан оқып біліп, көп еңбектердің шетелдік авторларды жиі кездестіреміз. Сондайда қазақ, оның ішінде, көшпенділер расымен тарих жазбаған ба деп қаламыз. Әсте олай емес. Көшпенділер ерте дәуірде жазу ойлап тауып, тарихы мен шежіресін тасқа қашаған. Бұған дәлел – Күлтегін мен Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштері. Бұдан бөлек көшпенділер жазған кітаптардың көбі мұрағатта жоғалып не өртеніп кеткен. Соларды көбі Отырар және Мәскеу кітапханасында кеткен. Мәселен, Тарихнама, Абылайнама, Тәукенама шығармалары Мәскеу кітапханасында өртеніп кеткен деседі. Сонымен, көшпенділердің әсіресе, қазақтардың өзітарихын өз қолымен, өз пайымымен жазған қандай тарихи еңбектері бар екен. Соған тоқталып өтелік. Тарих-и Рашиди Авторы: Мұхаммед Қайдар Дулати Жазылған уақыты: ХVI ғасырдың ортасы Қазақ тарихи туралы жазылған өте құнды еңбек. Парсы тілінде жазылған. Қазақ хандығының құрылуы мен Жетісу мен Дешті Қыпшақ даласында болған белді оқиғалар, қазақ-өзбек, қазақ-моғол, қазақ-қырғыз қатынастары жайында жазылған, өз дәуірінің бүкіл тарихи жағдайын сипаттап берген кітап. Кітапты жазған – тарихшы, ғалым, мемлекет қайраткері Мұхаммед Қайдар Дулати (1499-1551). Шонжар тұқымынан шыққан Құсайынның ұлы, 1499 жылы Ташкентте туған. Оның ата-бабалары Моғолстан мемлекетіне қараған оңтүстік-шығыс Қазақстанның, Қырғыстан мен Шығыс Түркістанның саяси өмірінде белді, белгілі адамдар болған. Олар ұлысбегі, тархан қызметтерін атқарған. Қайдар Дулати – Үндістанда Ұлы моғол әулетінің негізін қалаған Мұхаммед Бабырдың немере інісі. Мемлекеттік қызметте жүріп, Орталық Азия, Қашқар, Тибет, Үндістан, тіпті Иран мен Ауғанстан аумағында өткен тарихи оқиғаларды жақсы білген. Оның үстіне, сол заманның тарихшыларының еңбегі мен жылнамаларды оқып, соған да иек артқан. Қайдар Дулатидің қалдырып кеткен ең құнды мәліметі – бұл Қазақ хандығының қашан және қалай құрылғанын жазғаны. Қазақ хандығының тарих сахнасына көтерілген кезін Мырза Хайдар 1465 жыл деп көрсетеді. «…(Һижра) 940 (1533-34) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне толық билік жүргізген еді. Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарды. Дешті Қыпшақ даласын толық биледі. Жошы ханнан кейін ол жұртта одан үлкен хан болмады» деп жазады Дулати. Қазақ жеріндегі жер-су, қала мен кент, ру мен тайпа аттарын да келтірген. Мұхаммед Қайдар Дулати 1510 жылдары Қасым ханмен кездескісі де келген. Бірақ сырқаттанып бара алмайды. Қашқарияға кетіп, сонда Қашқар хандығын құрып, 18 жыл өмір билікте болады. Қазақ хандығының құрылуы мен тыныс-тіршілігі, өмір сүрген ортасы һәм көршілерімен болған қарым-қатынасы жайлы Мырза Хайдар секілді осылай жүйелі де нақты жазған қаламгер кемде-кем. «Тарихи-и Рашиди» кітабы – адамзат тарихы мен дүниежүзілік әдебиеттің інжу-маржаны қатарына қосылатын іргелі шығарма. Әлкей Марғұлан Қайдар Дулатиді қазақтың тұңғыш тарихшысы десе, Шерхан Мұртаза «Қазақтың Геродоты», «Тарих ғылымының атасы» деген. Жамиғат-ат-таурих Авторы: Қадырғали Қосынұлы Жалайри (1530-1605) Жазылған уақыты: 1600 жылдан бастап жазған Әкесі – Қосын бек, атасы – Темшік батыр қазақ хандарының ордасында қызмет еткен. Қадырғалидің өзі Тәуекел ханның інісі Ондан сұлтанға, кейін Ораз-Мұхаммедке қызмет еткен. Ондан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхаммед Сібір даласына барып, Қасым хандығын ханы болған. Кітаптың кіріспесінде «Мен дүниежүзіндеі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім мен нақы сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын» деп бастағанынан-ақ Жалайридің кәсіби тарихшы екенін аңғарамыз. Кітап төрт бөлімнен тұрады. 157 беттен тұрады, қытай қағазына ұқыптылықпен жазылған. Кітаптың негізгі бөлімі қырғыз-қазақ даласындағы оқиғаларға арналған. Парсы тарихшысы Рашид ад-Диннің «Жами-ат-Тауарих» атты парсы тілінде жазылған кітабын түркі тіліне аударып бірінші бөлімін соған арнаған. Екінші бөлімде ХVI ғасырдағы Қазақстандағы оқиғалар баяндалады. Қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, тәуелсіздік үшін жүргізген күресі, халықаралық қарым-қатынастары, ішкі және сыртқы саясаты жайлы мағлұматтар берілген. Әсіресе, қазақ елінің рулық қатынастары жайлы, ескі дәуірден келе жатқан түркі руларының тарихын баяндайды. Шыңғыснама Авторы: Өтеміс қажы Жазылған уақыты: шамамен ХVI ғасырдың ортасы Түрік тілінде жазылған «Шыңғыснама» еңбегі Алтын орда дәуіріндегі саяси, этносаяси, шаруашылық, әлеуметтік-мәдени өмірі жайлы тарихи және дерекнамалық мәліметтер берілген. Негізінен аңыздық және ауызша айтылған деректердің негізінде жазылған. Шыңғыс ханның ұлдарының Дешті Қыпшақта билік етуі, ұлыстарға бөлінісі жайлы құнды деректер бар. ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Шыңғыс хан мен ұрпақтарының билігі кезеңін қамтиды және Бату ханнан бастап биліктің Тоқтамыс ханға көшкенге дейінгі Алтын Орда хандары туралы мәлімет береді. Өтеміс қажы – Маулана Мұхаммед Достының баласы. Әкесі Шайбани ұрпақтарына қарасты Елбарыс ханның қызметіне болған жан. Ал Өтеміс қажы да кейін әке жолымен сара хатшысы болған. Өтеміс қажы Хорезм жерін және Алтын Орданың оңтүстік аймақтарын Каспий теңізінің төңірегін, Еділдің бойын көп аралаған. Сонда көз көрген адамдарының оқиғаларын жазып алып, кітапқа енгізген. Тарих-и Абулхайр-хани Авторы: Осман Кухистани Жазылған жылы: ХV ғасырдың 60-жылдары Көшпелі өзбек хандығы, Әбілқайыр ханның саясаты жайлы жазылған кітап. Авторы – Масуд бин Осман Кухистани. Шайбани әулетінің сарайында қызмет еткен. Әбу әл-Латиф ханның өтінішімен жазылған. Шығыс Дешті Қыпшақ даласындағы өзбектердің орны, Әбілқайыр ханның қалай таққа келгені, әскери-тактикалық өнері, қай жылы қандай жорыққа аттанғаны, артынан ерген серіктері мен батырларына мадақтама түрінде баяндалған. Кітаптың басым бөлігі әдеби формада жазылғандықтан, тарихшылар мұны тарихи кітап ретінде мойындамайды. Алайда жазылу стилі мен келтірілген деректері жағынан біршама бірегей шығарма. Әбілқайыр ханның қазақ хандарымен қарым-қатынасы мен Сырдария бойындағы қалаларға шабуыл жасауы жайында баяндалған деректерде Шыңғыс ханның тұқымдары – қазақ хан-сұлтандарымен кикілжіңі тереңке кеткенін көрсетеді. Бабырнама Авторы: Мұхаммед Бабыр Жазылған уақыты: 1530 жылдары Бабырнама – тарихи көлемді шығарма, Орта Азия халықтарына ортақ құнды мұра. Авторы – Моғол империясының (1526–1258) негізін қалаған Захир әд-Дин Мұхаммед Бабыр. Кітап шағатай тілінде жазылған. Темір әулеті құрған мемлекеттердің құрылымын, әдет-ғұрпын, салт-санасын және топонимикасын зерттейтін тарихшы, этнограф, географтар үшін және орта ғасырда түркі тілінде жазылған әдеби, ғылыми шығармаларды зерттеумен айналысатын әдебиетшілер мен тіл мамандарына қажетті құнды еңбек. Түрік шежіресі Авторы: Әбілғазы Баһадүр (1603-1664) Жазылған уақыты: 1659-1661 жылдар Бұл кітап – Шыңғыс ханнан бұрынғы және одан кейінгі дәуірлерде Қазақстан, Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерінде болған оқиғалар мен сол тұстағы ел басқарған хандар жүргізген саясат туралы жылнама. Еңбек қазақ халқын құрған рулар мен тайпалардың көне тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті туралы құнды деректер келтірілген. Әбілғазы Баһадүр хан – қазақтан шыққан Хиуа ханы. Жиырма жыл хандық билікте болып, түркімен тайпаларымен, баса көктеп кірген қалмақтармен қиян-кескі шайқас жүргізген. 1663 жылы биліктен қажып, тақты ұлына беріп, өзі шығармашылыққа кетеді. Әбілғазы хан – тарихшы, шежіресі, жазушы. Тарихи кітаптарды көп оқыған, халық ауыз әдебиетін, ру-тайпа шежіресін жақсы меңгерген. Парсы және түркі тілдерін білген. Тауарих-Хамса Авторы: Құрбанғали Халид Жазылған уақыты: 1899 жылы «Тауарих хамса» Алтын Орда жəне оның ыдырау нəтижесінде құрылған түрік-татар мемлекеттерінің тарихын баяндайтын жазба деректердің қатарын құрайды. Кітап 10 тараудан тұрады әрі Шыңғыс ханның ұрпақтары құрған мемлекеттер жайлы жеке-жеке тоқталған. Кітап 800 беттей. Негізінен шағатай тілінде жазылған. Құрбанғали Халид алғы сөзінде былай деген: «Орта Азия мен Шығыс Түркістанда болған оқиғалар желісін бітірген соң қазақ ахуалы мен хандары туралы жазуға кірістім. Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда жекелеген жазба тарихы мен естеліктері болмаған, әркім әртүрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет арам оймен, енді біреулері тек мұқатуды мақсат еткен. Кезіндегі бақсылар тарихты анығырақ түсіндіруге білімдері жете тұра, оған мән бере қоймаған. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен, мен бар күшқайратымды жұмсап жиырма жылдан астам уақыт бұл тарихқа қатысты ақпараттар мен мәліметтер жинап, жалпы жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып осы кітапты жаздым», – дейді. Автордың ескертуіне қарағанда «Тауарих Хамсаны» жазғанда естіген, жүрген жерінде жинаған мәліметтермен ғана шектеліп қалмай өзінен бұрынғы ғалымдар жазған 30-ға жуық әртүрлі ғылыми еңбектерді молынан пайдаланған. Халид бұл еңбегінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, этнографиясын жан-жақты талдайды. Әсіресе, қазақтың өзімен бірге жасап келе жатқан ауыз әдебиеті мен мәдениетіне ерекше көңіл аударады. Бұл еңбектің тағы бір құндылығы – Қазақстан және Орта Азия жерін мекендеген тайпалар мен рулардың көне, бағзы тарихына үңілтеді. Соның ішінде, Қараханид, Алтын Орда, Көк Орда, Ақ орда, қазақ хандықтары, жоңғар шапқыншылығы, Қоқан хандығы және т.б. ел тарихына талдау жасалған. Батыс қытай, Шығыс Түркістан елінің қалыптасу кезеңі жөнінде мәліметтер толығырақ берілген. Қазақтардың түнде жұлдызға, күндіз табиғат құбылыстарына қарап ауа-райын алдын ала болжау сынды құнды көне күнтізбелік білімі, жер-су аттаулары, оның танымдық деректері жайлы құнды мәліметтер берген. Насаб наме сұлтан Сыдық Авторы: Ахмет Кенесарин (1837-1910) Жазылған жылы: 1888 жылы Кенесары ханның ұлы – сұлтан Ахметтің әкесі және ағасы Сыздық сұлтан жайлы жазып қалдырған кітабы. Кітап 6 тараудан тұрады: Кенесары ханның Ресеймен ұрыс қылғаны, Кенесары ханның қырғыздан опат тапқаны, Кенесары ханның әулеттері, Кенесары ханның әулеттері Ұлы жүзден шығып, Сыр бойына келгені себебі баяндалады. ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы тарихи оқиғаларды барынша шынайы баяндайтын тарихи дерек көзі. Сол кезеңдегі Орталық Азия аумағында өрістеген жағдайлар, өркениет құндылықтары арасындағы күрес, отаршылдық саясат және оның салдары тұлға арқылы жақсы көрсетілген.