«Әр әйелдің табиғатында Айсара, Балқия, Асылым өмір сүреді» – Гүлнұр Мамасарипова
«Әр әйелдің табиғатында Айсара, Балқия, Асылым өмір сүреді» – Гүлнұр Мамасарипова
Халықтың қалауымен телехикаяның жалғасының түсірілуі – кез келген телехикая үшін берілген ең жоғары баға. «Келінжан» – Қазақстанда ең көп қаралым жинаған, танымал отбасылық сериал. Көрерменнің сұрауымен осымен төрт рет ұзартылған «Келінжан-4» телехикаясы «Хабар» арнасынан 5 қыркүйек күні сағат 22.00-де көрерменге назарына ұсынылады.
«Хабардың» тапсырысымен 2018 жылдан бері түсіріліп келе жатқан телехикаяның осыған дейін жалпы 55 сериясы көрсетілді. Сериал қазақ ауылының қарапайым бір отбасындағы Күләш апа мен келіндері арасындағы қарым-қатынасқа құрылған. Youtubе пен арна эфирінде ең жоғары рейтингке ие болды. Бүгінге дейін телехикаяны Youtubе-та 120 миллионға жуық көрермен тамашалады.
– Жаңа кейіпкерлердің ішінде актерлік шеберлігі жөнінен сіз күткендегіден де асып түскен адам болды ма? Болса, ол кім?
– Ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді. Барлығы да өзіне қойылған міндеттерді атқарып шықты. Менің емес көрерменнің берген бағасы маңыздырақ деп ойлаймын.
– Биыл Қасым ата рөлін ойнаған атақты актер Сағат Жылгелдиев ағамыз дүниеден озды. Сценарийді өзгертуге тура келді ме?
– Дүние жалған деген... Қасым атаны сомдаған Сағат ағамыз жаңа маусымға дайындалып жүр еді. Дүниеден өтетін күні де Нұргүл Мыңғатова екеуі сериалдың сценарийіне қатысты біраз әңгімелескен екен. Әу бастағы сценарий бойынша Қасым ата ауылға түбегейі оралуы керек болған. Жалғыз емес... Жалғыз ұлының рұқсатымен қарттығын бөлісетін замандасымен көңіл қосады. Бұл рөлді Сағат ағаның өмірлік серігі, актриса Жібек Лебаева сомдайды деп ойлағанбыз. Сағат ағаның қалауы да сол кісі болған. Жалпы, кино деген бір тылсым әлем ғой. Басында Қасым атаны кім ойнайтыны белгісіз кезде кинодағы өмірден өткен асыл жарының атын Жібек деп жазғанмын. Кейін кастинг өткен кезде Сағат аға: «Гүлнұржан, неге Жібек деп қойдың, менің Жібегім үйде отыр ғой» деген. «Ауыстыра қояйық» дедім бірден. Аға қарсы болды. «Қаламыңнан қалай шықты, солай қалсын» деді. Былтырғы маусымның соңында «Менің Жібегімді қосшы сериалға. Әйтпесе, Қасым атаның «жұлдыздығын» көтере алмай жүр» деп әзілдеген. Сахнада да, үйде де жан серігі болған Жібегін де, «Келінжандағы» бір қауым ауылдасын да тастап кете барды... Ал біз сценарийді өзгерттік. Қасым атаның орнына басқа актер алу тіпті ойыма да келген жоқ. Сериалда да Қасым ата мәңгілік мекеніне кеткен болады.
– Мәссаған! Ал, сізге «Келінжанның» қай маусымы ыстық көрінеді. Неліктен?
– Маған алғашқы маусымы ыстық. Бәрі сол кезде басталды ғой. Бірінші маусымның әр кадрын қалай түсіргеніміз әлі күнге көз алдымда. Қылышбектің рөліне Рүстем Жаныамановты бекіткенде қатты уайымдағаным-ай. Режиссер Ернар Нұрғалиевке қанша SMS-хабарлама жазғаным есімде жоқ. Күмәнға қатты берілемін деп ұйықтай алмай қалғанмын. Осыншама актерлік құрамды бір актер бүлдірмесе не қылсын?» деп іштей таусылатынмын. Өйткені кастингке келгенде Рүстем тым жұқа, тым жас көрінді. «Айсараға қалай күйеу болады?» деп миыма сыйғыза алмағам. Ернар алған бетінен қайтпай қойды. «Нартәуекел!» дедім. Ең бірінші түсірілім күні Қылышбектің киімін киіп, көзілдірігін тағып тұрған адамды көргенде «Уһ, Ернар ақыры мені тыңдап, басқа актер алыпты ғой» деп ойлағанмын. Сөйтсем, алдымда тұрған Рүстем екен. Бұл Рүстемнің қандай шебер актер екенін білдірсе керек.
– Расында да, телетуындыны халық жанына жақын тұтты. Кейіпкерлері мен олардың кейбір сөздері ел аузынан түспейді. Жалпы, «Келінжан» сериалының феномені неде?
– Маған осы сұрақ жиі қойылады. Мен де өзіме жиі қоямын. Менің ойымша – шынайылығында. Келінжанда қиял-ғажайып, яғни, ойдан шығарылған ештеңе жоқ. Бәрі өмірдегідей. Мен осы «Келінжанды» жазып отырғанда диалогтарына дейін дауыстап айтып отырамын. Маған оғаш көрінген сөйлем актерге де ыңғайсыз болады. Жалпы, өмірде болуы мүмкін емес оқиғаларды қоспаймын. Өзім – ата мен әженің қызымын. Өз шешемді қосқанда бес келінді көріп өстім. Оған көрші-қолаңның келіндерін қосыңыз. Біздің ауылда әр үйде бір ене болатын. Кішкентай кезімнен адамдарды зерттегенді ұнататынмын. «Келінжанда» осының пайдасы тиді. Кейбір жеңгелерім өзін көріп хабарласып та жатты. Әр әйелдің табиғатында Айсара да, Балқия да, Асылым да өмір сүреді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбат «Хабар» агенттігі баспасөз қызметінің көмегімен әзірленді.