Түркістан облысында жаңа мектептің қабырғасы құлап қалды

Түркістан облысында жаңа мектептің қабырғасы құлап қалды

Түркістан облысында жаңа мектептің қабырғасы құлап қалды
ашық дереккөзі
Шардара қаласында бес жыл бұрын салынған мектептің іргетасы шөгіп, қабырғалары құлай бастаған деп хабарлады turkystan.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап. Адам үшін қауіпті болғандықтан ғимараттың бір бөлігін жабуға тура келген. Енді мұғалімдер жөндеу жұмыстарын өздері жасамақ. Өйткені мердігер келмей қойған. Әңгіме Өтеғұл елді мекенінің 250 орындық мектебі жайлы болып отыр. 5 жыл бұрын ғана салынса да асханадағы қабырғалар қисайып, бір жаққа ауа бастаған. Мектеп басшылығы ғимараттың осы бөлігін жауып тастапты. Кезінде жаңа мектепті тапсыру жұмысы да біраз уақытқа кешіккен. Себебі құрылыс сапасыз жүргізілген. Дегенмен, бір жылдан кейін жауаптылар ғимаратты қабылдап алған. Көп ұзамай, оның қабырғалары құлай бастады.
«Мына қабырға қисайды, арасы ашылды. Қауіпті ғой. Жөндеу жұмысы басталғанша деп өзіміз тіреп қойдық ағаштармен. Енді бұздырып жатырмыз. Мердігер келмеді. Кепіл уақыты келген жоқ», - дейді мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Нұржамал Әділова.
Соңғы уақытта мектепке ата-аналар да жиі келіп жүр. Баласының өміріне алаңдап, оларды сабаққа жіберуге жүрексініп отырғандар көп.
«Мұнда менің балаларым оқиды. Келешекте 4-5 балам осы мектептің табалдырығын аттайды. Қандай жағдайға тап болатынын білмеймін. Балалар төбеге мінген жағдайда төменге түсіп кетсе ойылып, әлде мына шеті құлап кетсе... Естігелі бері қорқамыз», -  деді Шардара қаласының тұрғыны Зоя Есбосынова.
Ғимараттың басқа қабырғаларында да жарықтар пайда болған. Мектеп басшылығы 5 жыл бұрын нысанды қабылдап алған құрылыс бөліміне де, облыстық басқармаға да хат жазған. Бірақ нәтиже жоқ. Енді жыл сайын жөндеуге бөлінетін қаражатпен амалдай тұрмақ. Жалпы, Түркістан облысында, жаңа болса да, күрделі жөндеуді қажет ететін бірнеше мектеп бар.
«Бірақ қазіргі уақытта Сайрам ауданында да сондай мектеп бар. Мақтаарал мен Жетісай аудандарында бар. Бірақ сол мектептерге де бізден қайта қаржы сұрап отыр. Жетісайда, Сарыағашта және Қазығұртта осындай проблема бар», - деді Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Білімге жауапты басқарма сапасыз мектеп салған мердігерлердің тізімін құзырлы органдарға тапсырмақ. Нысанды қабылдап алған құрылыс мамандары да жауапкершілікке тартылу керек деген пікірде. Ал шардаралық ұстаздар болса, мектептің бұзылған бөлігін сабақ басталғанға дейін өз күштерімен жөндеуге тырысады.