Жаңалықтар

Ақмола облысындағы 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

ашық дереккөзі

Ақмола облысындағы 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Ақмола облысына барды. Нәтижесінде мемлекет меншігіне 60 мың гектар жайылымдық жер қайтарылды. Енді бұл жер учаскелерін ауыл тұрғындары мал жаю және шөп шабу үшін пайдаланатын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен меморандум жасалғанын атап өтті. Соған сәйкес, шаруалар 333 мың гектар жерді бұдан былай ауыл тұрғындарымен бірлесіп пайдаланады. «Ақмола облысының тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі өте өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан комиссия мүшелері мұнда белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік органдармен және ірі меншік иелерімен бірлесіп қабылдаған шешімдердің орындалу барысына мониторинг жүргізуді жалғастырамыз», – деді комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Ғалым Байтоқ. Айта кетсек, кейінгі бірнеше ай ішінде комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында болды. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 350 мың гектардан астам жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Жер мәселелерін неғұрлым жедел шешу үшін қазақстандықтар барлық заң бұзу фактілері туралы «AMANAT» партиясының «Жедел желі» 8 800 080 44 41 телефонына хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмір бойынша қабылданады.