Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына әлі де насихат жетіспейді – Райхан Имаханбет

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына әлі де насихат жетіспейді – Райхан Имаханбет

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына әлі де насихат жетіспейді – Райхан Имаханбет
ашық дереккөзі

Биыл Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Ақынның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде, әрине алдымен қазақ жерінде кең ауқымда тойланады. 2021 жылғы 9 қарашада Үкімет арнайы қаулы шығарып, осы мерейтойды ұйымдастырып, өткізуге жауапты комиссияның құрамын бекіткен болатын.  Талай жылдан бері Ахмет атамыздың көзіндей болған музей-үйіне қамқорлық жасап, артында қалған мұрасын зерттеп, насихаттап жүрген ахметтанушы Райхан Имаханбет turkystan.kz тілшісіне сұхбат беріп, мерейтой қарсаңында қолға алынып жатқан бастамалар туралы айтты. – Биыл ұлттық жазудың реформаторы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтеді. Осыған орай, қандай бастамалар қолға алынып жатыр? – Ұлт ұстазының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту бір жылдың көлемінде шешілген шаруа емес. Біз бұған 2-3 жыл бұрын кіріскенбіз. Ол үшін қандай да бір тұлғаның әлемдік деңгейде мойындалған ғылыми еңбектері болу керек екен. Сосын әлем ғалымдарының ол кісіге қатысты монографиялық еңбектері болуы шарт. Әлбетте, біз ондай кітаптарды таптық. Осыдан 55 жыл бұрын жарық көрген «Орталық Азия орыс билеген ғасырда» деген кітапты таптық. Кітап Нью-Йоркте басылған. Эдвард Олуорттың жетекшілігімен жарық көрген. Кітапта Ахмет Байтұрсынұлының кім болғаны және 37-жылы неге атылғаны, 56-57-жылдары ақтауға неге ілікпей қалғаны жөнінде анализ жасалған. Осы кітаптың көп көмегі тиді. Өйткені бұл ағылшын тілінде шыққан әрі алпауыт мемлекеттің ғалымдары мойындаған еңбек еді.  width=  width=

Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде шыққан кітаптарының саны 23-ке жуықтайды. Қайта басылып шыққандарын есептегенде 56-дай кітап шығарған екен. Осы кітаптардың түпнұсқасын сақтай отырып, қайта шығарып, Ахмет Байтұрсынұлының жұмыс кабинетін жасап жатырмыз. Қолданған шабаданы, сандығы бар.
 width= Жұмсалуы тиіс қаражат мемлекеттік тапсырыс арқылы бөлінеді. Ол жылдың бірінші тоқсанында емес, екінші тоқсанның басында бөлінетін шығар. Осындай кедергілер болмаса, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында біраз дүние қолға алынады. Ақынның туған өлкесіндегі және біздің Алматы қаласындағы тағылым мектебіне айналған музей-үйді қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазір күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бірақ 5 қыркүйек күні бітеді деп айта алмаймыз. Туған күнінде туған жері Торғай өлкесінде арнайы жиын болады. Торғай елді мекеніндегі Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби-мемориалдық мұражайы қайта жөндеуден өткен болатын. Осы мұражайдың алдына  Алаш көсемі мен оның рухани шәкірті Міржақып Дулатұлына еңселі ескерткіш орнатылады. Ұлт ұстазы Торғайда оқыған. Одан 100-120 шақырымдағы Ақкөлдің Сарытүбегінде туған. Осы Сарытүбек ауылында, Ахмет атамыздың шыр етіп дүниеге келген жерінде музей ашылмақшы, кесене де салынды. Қазір құрылысы бітіп қалды. Ашылу салтанаты 3-5 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған.  width= – Ақынның бай мұрасын зерттеп, музей-үйін басқарып келесіз. Ғимараттың тарихына тоқталсаңыз. Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде қай жылдары тұрған? – Алматы қаласы астана ретінде 1928 жылы мойындалған соң, қалада жоғары оқу орнын ашу ісі қолға алынды. Қазіргі Абай атындағы университет ашылған болатын. Сол кездегі саясаттың салқыны тиіп, бір жылға жетпей ашылған университеттің статусы институт деңгейіне түсіп қалған. Ал осы университеттің тұңғыш профессоры ретінде Ахмет Байтұрсынұлы ашылу салтанатында баяндама жасаған екен. Ақынға сол маңдағы «Университетская» деген көшеден үй берілген. Жалпы, ұлт ұстазы Алматыда 1928-1937 жылдар аралығында тұрған. Сол аралықта үш үй ауыстырса керек. «Университетская» көшесіндегі үйінен өз еркімен шықпаған деп ойлаймыз. Өйткені А.Байтұрсынұлын 1929 жылы Қызылордада болған әдеби жиынға шақырып, оның артынан «халық жауы» деп тұтқындағаны белгілі. Сол кезден бастап ақынның басына қара бұлт үйірілді. Университеттің профессоры болған кезде тұрған үйі өкінішке қарай сақталмаған. Алматыда көпқабатты тұрғын үйлер салынған уақытта ол үй бұзылған болуы керек.  width= Бүгінде Алаш көсемінің тағылым мектебіне айналған музей 1993 жылы ашылған. 1988 жылы Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабайұлымен бірге ақталғанда тұлғалардың Алматыдағы тұрған үйлерін анықтау жұмысы қолға алынды. Сол кезде үш үй табылған. Айдаудан келген кезде бір кезде қамқорлығында болған үлкен ағасының қызы Кәтез Қалиқызының қолында біраз аялдаған. Сосын жұбайы Бадрисафамен, қызы Шолпанның отбасымен қазір музей-үйге айналған үйде 1934-1937 жыл аралығында бірге тұрған. Айдаудан келгеннен кейін Ахметке Қарқаралының байы Қасенбек Исатаев Каскеленская 44 мекенжайындағы өзінің пәтерін босатып берген екен. Ондағы үйінен 1937 жылдың 11 тамызында тағы да тұтқындап алып кеткен. Арада аз уақыт өткенде, сол жылдың 8 желтоқсанында ату жазасына кесілген. – Қалай ойлайсыз, қазір Ахмет Байтұрсынұлының мұралары жастар арасында, мектеп бағдарламасында тиісті деңгейде насихатталып жатыр ма? – Ақынның шығармашылық мұрасы мектепте өз деңгейінде оқытылып жатыр деп ауыз толтырып айту қиын. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ жазуы, «Әліппе» оқу құралы өз деңгейінде пән ретінде оқытылып жатқан жоқ. Біздің кемшілігіміз де осыда. Жалпы, Алаш тұлғалары мұрасының қай-қайсысы да мектепте пән ретінде оқытылуы керек деп ойлаймын.  width= Ақынның шығармаларын қайта шығару ісі 1988 ресми ақталғаннан кейін қолға алынды. Алғашқы «Қырық мысал» мен «Маса» жинағын шығарған кісілер бүгінгі қаріпке салғанда біраз өңдеген. Алаш көсемінің кітаптары қазақтың өзінде ұлттық баспа болмай тұрған кезде Татарстанда, Орынборда басылып шыққан. Сондықтан қазақтың көп қаріптері бұрмаланған болуы керек. Сондықтан араб қарпінде жазылған кітабын бүгінгі ұрпақ «арабша ма?» деп сұрайды. Шын мәнінде, ол арабша емес. Қазіргі біздің қолданып жүрген қарпіміз де қазақтың төл әріпі емес қой. Мәселе, таңбада емес. Мәселе сенің сөзіңде. Ахмет атамыздың «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі бар. «Ата-бабадан мұраға қалған сөзіміз өлмеуі керек, ауызекі әдебиеттің негізінде ғылымды дамыту қажет» деген Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымын бүгін жалғастыра алмай отырмыз. Қазақтың таза табиғи сөздері қазір өзге тілдерге араласып, тіліміз қойыртпақ тілге айналып барады. – Ғалымның шығармашылық мұрасы оқырманға түгел жетті ме? – 1988 жылы ақталғаннан кейін шыға бастаған кітаптардың таралымы 30 мың тиражға дейін жеткен. Ал одан кейін шыққан кітаптардың таралымы күрт төмендеді. Екі мың данамен шыққандары бар. Екі мың тиражбен шыққан кітап оқырманды түгел қамтыды деп айта алмаймыз. Дегенмен бүкіл облыстағы кітапханаларға таратылып жатыр. Кітапты шын іздеген адамға, қайта басылып шыққан еңбектерін түгел оқимын деген жұртқа қолжетімді деп ойлаймын. Кітапты көп шығарғаннан ешкім ұтылмайды. Өйткені бүкіл ілім кітапта.  width= Өкініштісі, қазір кітапты шығару ісінде кейбір талаптар дұрыс орындалмай жатыр. Кітаптар бұрынғыдай сауатты шықпайды, қате өте көп. Одан кейін негізгі автордың құқығы қорғалмай жатады, кейінгі шығарушылар өзінің мүддесін көп ойлайды. Баспалар да сондай. Сондықтан кітап шығару ісінде тазалық азайып бара жатыр. Мұны да алдағы уақытта баспасөзбен айналысатын Ақпарат, Мәдениет, Білім министрлігі назарға алуы керек деп ойлаймын. Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан апайдың көзін көрдіңіз. Қандай сәт есіңізде қалды? – Шолпан Ахметқызымен жүздескен сәтім ерекше есте қалды. Балалар әдебиетін сүйетін қауым жақсы біледі, кездесуге Сайын Мұратбеков себепші болған. Ол кісі «Халық конгресі» деген газетте істеп жүрген кезде Шолпан апайдан сұхбат алуға жұмсады. Осы кездесу мені Ахмет тақырыбына алып келді. Ал апай туралы айтатын болсам, екеуміз 1994 жылы кездестік. Бірақ, өкінішке қарай, үш айдан кейін ол кісі  қайтыс болды. Ахмет атамыздың өміріне қатысты көп әңгіме айтты. Оның бәрін жадымда сақтауға тырыстым. Одан бөлек, маған аманат ретінде төрт папка қалдырған. Соның негізінде кітап жаздым. Шамам келгенше, Ахмет мұраларын зерттеу ісінде адалдық танытуға тырысып жүрмін. Өйткені қазақта «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген сөз бар. Біз сияқты ауылдан шыққан балалар, ауыл мектебінің жазылмаған заңымен жүретіндер мұндай қағиданы жадымызға түйіп өстік. Бәрін заманға жабуға болмайды. Заман сол бір заман, заманды бұзатын да, түзейтін де біз. Сондықтан қай істі шын көңілмен істесеңіз, ол сізді биікке жетелейтіні анық.  width= –  Қазір Ахмет атамыздың мұрасын зерттеп жүрген жас ғалымдар, шәкірттеріңіз бар ма? – Иә, шәкірт даярлап жатырмын. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасында қызмет атқарамын. 2014 жылдан бері сабақ беремін. Шамам келгенше, Алаш мұрасына қызығатын жастарға бағыт сілтеп, жол көрсетіп жүрмін. Қазір бір докторантым бар. Төрт магистрантым Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тақырыпты таңдады. Алаш мұрасымен табысқанымызбен, оны практика жүзінде әлі ғылыми айналымға түсіріп, қолданып үлгермедік. Мұны жаңаша пайыммен таныту – бүгінгі ғылымның міндеті.

Әңгімеңізге рақмет!