Жаңалықтар

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына әлі де насихат жетіспейді – Райхан Имаханбет

ашық дереккөзі

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына әлі де насихат жетіспейді – Райхан Имаханбет

Биыл Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Ақынның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде, әрине алдымен қазақ жерінде кең ауқымда тойланады. 2021 жылғы 9 қарашада Үкімет арнайы қаулы шығарып, осы мерейтойды ұйымдастырып, өткізуге жауапты комиссияның құрамын бекіткен болатын.  Талай жылдан бері Ахмет атамыздың көзіндей болған музей-үйіне қамқорлық жасап, артында қалған мұрасын зерттеп, насихаттап жүрген ахметтанушы Райхан Имаханбет turkystan.kz тілшісіне сұхбат беріп, мерейтой қарсаңында қолға алынып жатқан бастамалар туралы айтты. – Биыл ұлттық жазудың реформаторы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтеді. Осыған орай, қандай бастамалар қолға алынып жатыр? – Ұлт ұстазының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту бір жылдың көлемінде шешілген шаруа емес. Біз бұған 2-3 жыл бұрын кіріскенбіз. Ол үшін қандай да бір тұлғаның әлемдік деңгейде мойындалған ғылыми еңбектері болу керек екен. Сосын әлем ғалымдарының ол кісіге қатысты монографиялық еңбектері болуы шарт. Әлбетте, біз ондай кітаптарды таптық. Осыдан 55 жыл бұрын жарық көрген «Орталық Азия орыс билеген ғасырда» деген кітапты таптық. Кітап Нью-Йоркте басылған. Эдвард Олуорттың жетекшілігімен жарық көрген. Кітапта Ахмет Байтұрсынұлының кім болғаны және 37-жылы неге атылғаны, 56-57-жылдары ақтауға неге ілікпей қалғаны жөнінде анализ жасалған. Осы кітаптың көп көмегі тиді. Өйткені бұл ағылшын тілінде шыққан әрі алпауыт мемлекеттің ғалымдары мойындаған еңбек еді. Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде шыққан кітаптарының саны 23-ке жуықтайды. Қайта басылып шыққандарын есептегенде 56-дай кітап шығарған екен. Осы кітаптардың түпнұсқасын сақтай отырып, қайта шығарып, Ахмет Байтұрсынұлының жұмыс кабинетін жасап жатырмыз. Қолданған шабаданы, сандығы бар. – Ақынның бай мұрасын зерттеп, музей-үйін басқарып келесіз. Ғимараттың тарихына тоқталсаңыз. Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде қай жылдары тұрған? – Алматы қаласы астана ретінде 1928 жылы мойындалған соң, қалада жоғары оқу орнын ашу ісі қолға алынды. Қазіргі Абай атындағы университет ашылған болатын. Сол кездегі саясаттың салқыны тиіп, бір жылға жетпей ашылған университеттің статусы институт деңгейіне түсіп қалған. Ал осы университеттің тұңғыш профессоры ретінде Ахмет Байтұрсынұлы ашылу салтанатында баяндама жасаған екен. Ақынға сол маңдағы «Университетская» деген көшеден үй берілген. Жалпы, ұлт ұстазы Алматыда 1928-1937 жылдар аралығында тұрған. Сол аралықта үш үй ауыстырса керек. «Университетская» көшесіндегі үйінен өз еркімен шықпаған деп ойлаймыз. Өйткені А.Байтұрсынұлын 1929 жылы Қызылордада болған әдеби жиынға шақырып, оның артынан «халық жауы» деп тұтқындағаны белгілі. Сол кезден бастап ақынның басына қара бұлт үйірілді. Университеттің профессоры болған кезде тұрған үйі өкінішке қарай сақталмаған. Алматыда көпқабатты тұрғын үйлер салынған уақытта ол үй бұзылған болуы керек. Ақынның шығармаларын қайта шығару ісі 1988 ресми ақталғаннан кейін қолға алынды. Алғашқы «Қырық мысал» мен «Маса» жинағын шығарған кісілер бүгінгі қаріпке салғанда біраз өңдеген. Алаш көсемінің кітаптары қазақтың өзінде ұлттық баспа болмай тұрған кезде Татарстанда, Орынборда басылып шыққан. Сондықтан қазақтың көп қаріптері бұрмаланған болуы керек. Сондықтан араб қарпінде жазылған кітабын бүгінгі ұрпақ «арабша ма?» деп сұрайды. Шын мәнінде, ол арабша емес. Қазіргі біздің қолданып жүрген қарпіміз де қазақтың төл әріпі емес қой. Мәселе, таңбада емес. Мәселе сенің сөзіңде. Ахмет атамыздың «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі бар. «Ата-бабадан мұраға қалған сөзіміз өлмеуі керек, ауызекі әдебиеттің негізінде ғылымды дамыту қажет» деген Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымын бүгін жалғастыра алмай отырмыз. Қазақтың таза табиғи сөздері қазір өзге тілдерге араласып, тіліміз қойыртпақ тілге айналып барады. – Ғалымның шығармашылық мұрасы оқырманға түгел жетті ме? – 1988 жылы ақталғаннан кейін шыға бастаған кітаптардың таралымы 30 мың тиражға дейін жеткен. Ал одан кейін шыққан кітаптардың таралымы күрт төмендеді. Екі мың данамен шыққандары бар. Екі мың тиражбен шыққан кітап оқырманды түгел қамтыды деп айта алмаймыз. Дегенмен бүкіл облыстағы кітапханаларға таратылып жатыр. Кітапты шын іздеген адамға, қайта басылып шыққан еңбектерін түгел оқимын деген жұртқа қолжетімді деп ойлаймын. Кітапты көп шығарғаннан ешкім ұтылмайды. Өйткені бүкіл ілім кітапта. –  Қазір Ахмет атамыздың мұрасын зерттеп жүрген жас ғалымдар, шәкірттеріңіз бар ма? – Иә, шәкірт даярлап жатырмын. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасында қызмет атқарамын. 2014 жылдан бері сабақ беремін. Шамам келгенше, Алаш мұрасына қызығатын жастарға бағыт сілтеп, жол көрсетіп жүрмін. Қазір бір докторантым бар. Төрт магистрантым Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тақырыпты таңдады. Алаш мұрасымен табысқанымызбен, оны практика жүзінде әлі ғылыми айналымға түсіріп, қолданып үлгермедік. Мұны жаңаша пайыммен таныту – бүгінгі ғылымның міндеті.

Әңгімеңізге рақмет!