Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қызметі ел дамуына серпін береді
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қызметі ел дамуына серпін береді
Елімізде экономикалық дамуға серпін беру мақсатында түрлі жобалар жасалып, бағдарламалар қабылданып, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары қарастырылған. Соның нақты мысалының бірі – мемлекеттің жеке секторларымен бірігіп жұмыс жүргізуі. Бұл орайда Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖC) – экономикалық даму үдерісінде инвестициялар тартуға қажет істерді атқарып келеді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мемлекеттік серіктес пен жекеше серіктестің арасындағы ынтымақтастық негізінде жұмыс істейді.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік Қазақстан Республикасының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік серіктес пен жеке серіктестің өзара тиімді байланысына жағдай жасайды. Яғни, инфрақұрылымды және халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау жүйесін дамыту үшін мемлекеттік серіктес пен жеке серіктестің ресурстарын біріктіреді. Сол арқылы мемлекет экономикасына инвестицияларды тартуды көздейді, сондай-ақ мүдделі тараптардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартады. Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттырып, жоғары технология мен ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуға жәрдемдеседі.
Мемлекет кәсіпкерге, яғни жеке серіктеске түрлі жолмен қолдау көрсетеді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заттай гранттар беру, МЖС жобаларын бірлесіп қаржыландыру, МЖС жобасын іске асыру барысында өндірілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемін ұлғайтып, оны мемлекеттің тұтынуына кепілдік береді.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының «Жер туралы» заңына сәйкес жер учаскелерін беру, мемлекеттік меншік объектілерін пайдалану құқығын беру, МЖС нысанын инженерлік және көліктік коммуникациямен қамтамасыз ету, МЖС жобасы бойынша инвестициялық және пайдалану шығындарының өтемақысын беру, МЖС туралы заңға сәйкес мемлекеттік МЖС нысанын басқару үшін сыйлықақы төлеуді қамтамасыз етіп отырады.
Ал кәсіпкерлер МЖС жобаларын қаржыландыру, МЖС нысандарын құру және пайдалану, МЖС жобаларын басқару секілді істерге қатысады. Сонымен бірге МЖС шарты бойынша өндірілген тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Балабақшалар Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынып жатыр
Соңғы жылдары Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік ісі жақсы нәтижелер көрсетуде. Жеке кәсіпкерлер мемлекет грантын ала отырып көптеген жобаны жүзеге асырды. Соның бірі – мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша жекеменшік балабақшалар ашу. Еліміздің барлық жерінде балабақшалардың санын көбейту және мүмкіндігінше балабақша тапшылығын азайту жолында бұл бағдарламамен жүзеге асып жатқан істер жемісті болды деп айтуға болады. Бүкіл ел бойынша қала, ауылдарда балабақшалар салуды мемлекеттік кәсіпорындар қысқа мерзімде орындап шыға алмайды, сондықтан бұл мәселеде грант беру арқылы жеке кәсіпкерлерді осы іске жұмылдырудың маңызы зор. Бұл жағдайда біріншіден, балабақша тапшылығын жою көзделсе, екінші жағынан кәсіпкерлерге көмек беру арқылы халықты жұмыспен қамту ісі де жүзеге асады. Балабақшалар санын көбейту ісіне көмегін тигізетін жеке кәсіпкерлер шағын коттедждерді балабақшаға айналдыру арқылы бағдарламаны тиімді пайдаланып жатыр.
Қазір үлкен қалаларда үлкенді-кішілі балабақшалардың саны артып келеді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында – 88, Алматы қаласында: Алатау ауданында – 105, Алмалы ауданында – 8, Әуезов ауданында – 63, Бостандық ауданында – 18, Жетісу ауданында – 15, Медеу ауданында – 42, Түрксіб ауданында – 47, Наурызбай ауданында – 63 балабақша бар. Алматы мен Жетісу облыстарында – 312, Ақмола облысында – 119, Ақтөбе облысында – 154, Атырау облысында – 49, Батыс Қазақстан облысында – 22, Жамбыл облысында – 187, Қарағанды облысында – 74, Қостанай облысында – 37, Маңғыстау облысында – 88, Павлодар облысында – 9, Солтүстік Қазақстан облысында – 19, Қызылорда облысында – 293. Бұл egov.kz сайтындағы мәлімет бойынша беріліп отыр. Материал 24.02.2022 күні жарияланған. (Мемлекеттік тапсырысы бар жеке балабақшалар. https://egov.kz/cms/kk/articles/pre_school/2Fdo_goszakaz). Демек, бұлардың бәрі де мемлекеттік тапсырыспен салынған жекеменшік балабақшалар. Әрине, бір қарағанда балалақшалардың саны едәуір көп көрінгенімен, бұлардың кейбірі 20-30 балаға арналған, коттедждерге орналасқан шағын балабақшалар. Дегенмен бұл да еліміздің барлық аймағын балабақшамен қамтамасыз етуге зор пайдасын тигізіп жатыр.
Жатақхана салу ісіне кәсіпкерлерді қатыстыру да пайдалы болмақ
Елімізде толық шешімін таппай отырған мәселенің бірі – студенттерді жатақханамен қамту ісі. Соңғы жылдарда арнаулы орта және жоғары оқу орындарының студенттері үшін жатақхана салу ісі үздіксіз жүріп жатса да жатақхана тапшылығы еңсерілмей келеді. Бұл істе мемлекет зор қолдау көрсетіп жатыр. Кейбір жоғары оқу орындары өз күшімен жатақхана салып та жатыр. Дегенмен бұған кәсіпкерлерді жұмылдырған мәселе толық шешімін таппақ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында жатақхана тапшылығын шешуді көздейтін үш ұсыныс айтты. Онда министр «2018 жылдан бастап жатақханалар құрылысы басталды. «AMANAT» партиясының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес, 2025 жылға дейін 50 мың төсек орын енгізілуі керек. Жыл сайын төсек-орын пайдалануға беріледі. Соған қарамастан, қазіргі таңда жүйелі үш үлкен ұсынысымыз бар. Біріншіден, қазіргі таңда «Қаржы орталығы» АҚ жеке инвесторлармен жұмыс істейтін қаржы операторы болып саналады. Бірақ жеке инвесторлар қазір жатақханалар салу мәселесіне күмәнмен қарайды. Құрылыс материалдарының бағасы өсіп кетті, «Қаржы орталығының» шарттары да инфляцияны көзге алғанда қолайлы емес. Біз «Қаржы орталығымен» бірнеше шартты өзгертіп жатырмыз. Міндеттемелерді 8 жылдан 6 жылға қысқартамыз. Айлық көрсеткіштерді көтереміз, бұл – Қаржы министрлігімен пысықтайтын шаруа. Екіншіден, қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жақсы бір үлгісі бар. Алматыда орналасқан жеке қонақүйлер мен хостелдерді жинап, олармен арнайы келісімшартқа отырып жатыр. Қонақүйлер мен хостелдерге де ыңғайлы. Біз міндетті түрде оларға 100 пайыздық тапсырыс береміз. Олармен қаржы модельдері де түзеледі. Осы жобаны біз қазір бүкіл өңірлік университеттермен пысықтаймыз», – дей келіп, жатақхана құрылысын мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы жандандыруға болатын туралы былай деді: «Үшіншіден, әрине, жеке инвесторларсыз бұл мәселе толыққанды шешілмейді. Сондықтан ірі-ірі құрылыс компанияларымен, өңірлік құрылыс компанияларымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында, басқа да шарттар арқылы өңірлік университеттермен бірігіп жатақханалар құрылысын қолға аламыз». Демек, бұдан былай кәсіпкерлердің жатақхана салу ісіне белсене араласуына мүмкіндік бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында студентті жатақханамен қамтамасыз ету қолға алынып, студенттерге жатақхана салу тетігі әзірленген. Соған сай еліміздегі кез келген кәсіпкер, заңды тұлға жатақхана салатын болса мемлекеттен әрбір салынған орынға қаржы ала алады. Ол екі бағытта жүргізілетін болады: бірінші, кәсіпкер жаңадан жатақхана салғанда, екіншісі, бар ғимаратты жатақхана етіп қайта құрылымдағанда. Жаңадан салынатын орынға Алматы қаласы үшін 144 АЕК, яғни 441 мың теңге беріледі. Ал қайта құрылымдауға 92 АЕК немесе 282 мың теңге төленеді. Шарт бойынша кәсіпкерлер екі жылда ғимаратты салып бітуі қажет. Оған қоса салынған ғимарат жоқ дегенде 20 жыл жатақхана мақсатында қолданылуы керек, кейін кәсіпкердің жекеменшігіне өтеді. Жатақхана салғысы келетін кәсіпкер үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 9 пайыз мөлшерінде жатақханалар мен жекеменшік мектептерді де салу және реконструкциялау бойынша банктік қарыздарды субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Оған қол жеткізу үшін кәсіпкерлердің қаржысы, қарыз қаражатын тартуға мүмкіндіктері және жер учаскесі болуы қажет. Алдағы уақытта мұның бәрі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асатын болады. Демек, студенттерге арналған жатақхана салу ісінде де мемлекет жеке кәсіпкерлерге зор мүмкіндік беріп отыр.