Арқадан Аршатыға
Арқадан Аршатыға
Ұлы даланың ұлық ұйығы – Жетішаһар һәм Семьпалат
Жер қуаңдау, жаңбыр сараңдау жауса да биылғы жаздың өз өңі бар. Қыстай қыртысқа сіңген қыраулы күртіктің түбінен күнге тырыса өскен бөзкекіл тарлау мен шөлкөденің толқыны пойыздың екі жағында жайқалып қалып жатыр. Керекуден өтіп, Семейдің мұнарлы даласымен желдіртіп келеміз. «Аһооу Семей, тіл мен көмей...»! Ертістің оң сағасы ІХ ғасырдағы Қимақ кентінің тағаны – Семей шаһарының орнына сәйкес дейді. Бұған да хош! Қимақтың шамамен (840-940 ж.ж.) ғасырға жуық түтін түтеткен орны десек не деуге болады!? Жеті тайпа бірлесе түзген Жетішатыр. ХІІІ ғасырда Дешті Қыпшақ, Шыңғыс хан ордасына қарай барлаумен беттеген, Бату ханның ордасынан дәм-тұз түйген, Шыңғыстың немересі Күйік ханның Ұлы хан болу (1246-1248 ж.ж) рәсіміне қатысқан итальян жиһангері монах Жованни Плано Карпини (Iohannes de Plano Carpini 1182-1252) жазбасында Ертістің орта сағасында алып шаһардың бар екені айтылады... Планоның «планы» 1245-1247 жылда жүргізілген. Тіпті, Ақсақ Темірдің тұсында (1368 ж.) да Жетішаһар (Жетішәрі) болған. Соңыра Жоңғар шапқыны кезінде де 1660 жылдан кейін жарты ғасырға жуық будда мінәжатханасы (сүм хийд) орнаған болуы керек. Кім көріпті, әйтеуір білікте солай дейді екен!? Петр патша 1718 жылы Қазақияға (кеудесіне) шерік бекінісін салғанда да – «Семьпалат» аталған!Жетішәрінің жеті кереметі
Жетішәрі, жеті киелі пері, жеті данышпаны; Қоңыр әулие, Кеңгірбай би, Құнанбай, Өскенбай көсем, Абай хакім, Мұхтар Әуезов тұма-қайнар, Шәкерім Құдайберді шер-әулие, Мұхтар Мағауин – ұлы классик.
Кеңестің үш бұтағы мен жеті танабын тарқатуға келгенде Талапбек Тынысбек тіпті тынысты тапқыр, Ықылас Ожай – ұқыпты, ұғынықты ой ширататын шебер. Ықылас аңқылдаса Талапбек таңданады! Менде екеуіне тамсану ғана! Жеті қат жердің үстінде жекен тұрған Жеті шаһардың «топ жетеуі кімдер?» дейміз... Өзімізше өріп-өріп өң берейік?! Тек өзімізше ғана. Марһабат!
Қасиетті ене тәңірлері: Аңыздың ақ перісі Баян сұлу мен Еңлік ару, Құрсағынан Құнанбайдай көсемді жыртып берген ұмай ене Зере Бектемірқызы (1785-1873), Ұлы Абайдың анасы Ұлжан Тұрпанқызы (1810-1887), Абайдың алғашқысы Ай дидарлы Ділдә Алшынбай немересі (1843-1924) және Әйгерім Байшорақызы, Еркежан Ибаққызы (1858-1927).
Әдебиет білгірлері: «Қыр әңгімелерінің» шым бұлағы шың Мұхтар Әуезов, «Аласапыран» заманның алдаспаны Мұхтар Мағауин, атақты ақтаңгерлер Қайым Мұқаметхан, Рымғали Нұрғали, Төкен Ибрагим, Бекен Исабай, Мекемтас Мырзахмет (бұл кісі тек абайтанушы ретінде – Р.С), Сейіт Қасқабас, Тұрсын Жұртбай.
Әуени нәздің әндігерлері: Ақылбай Құнанбай, Мұхаметжан Майбасар, Шәкір Әбенов, Болат Сыбанов, Теміржан Базарбай, Бекен Жамақай,Тұрсынғазы Рахимов.
Бұлбұл көмей әншілері: Әлмағамбет Қапсәлем, Әміре Қашаубаев (1888-1934), Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев, Роза Рымбаева, Толғанбай Сембай, Еркін Шүкіман.
Бармағында Бахтың қылы бар, көкірегі күңгір-күңгір күйшілері: Байжігіт Жулыұлы (1705-1795) , Жүнісбай Станбайұлы, Секен Тұрысбек, Таласбек Әсемқұл, Ғабдылхақ Барлықов, Біләл Ысқақ, Мұрат Әбуғазы. Ақындары: Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатай, Тыныштықбек Әбдікәкім, Несіпбек Айтұлы, Талғат Ешенұлы.
Жазушылары: Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Әзілхан Нұршайық, Медеу Сәрсеке,Таласбек Әсемқұл, Роллан Сейсенбай, Талғат Кеңесбай.
Күш иелері: Дәулет Тұрлыханов, Қамит Ысқақ, Айбек Нұғыман, Шалқар Жоламан, Мұхит Тұрсынов, Дәурен Нұрлан, Ерасыл Қажыбай.
Таң атып, шұғыласын шашқанда ғаламдық ұғымдағы ұлы даланың данышпаны Ұлы Абайдың атымен ұлықталған руханияттың кенті – Абай облысы орталығына жеттік. Алдымыздан ақеспе ақын ініміз қолында бір дорба түйіншегі, кеудесінде «қазақша сөйле!» деген жазуымен Мерей Қарт шықты. Семейдің мерейі, Абай ұрпақтарының ақын жалғасы әрі жас ақын әдепті азамат – Қарт Мерей! Бір сағат аял, таңғы ауа, жайлы сәт, қайта жаңғырған Абай! Семей десе ядролық аймақ, қасірет еске түсетін түсі сұсты түксиген түзем елестейтін. Бүгін осы қасыреттің өзі мұңлы мұражайға, ұмытылмас жаралы, зақымды орынға айналса керек. Зардаптың қасіретті жұртын көруге келетін туристер де болашақта көбеймесе азаймас. Абайдың балағын түрген балаң ізі сақталған қасиетті Ахмет Ризаның мұнарасынан ғұлама Құнанбай жақтырған Қабдылжаппар имамның шариғаты, тауыриһаты, мағырифаты жауып тұрғандай! Алланың хаһ дініне нақ сенген софы Аллаяр абыздың үнінен шығыс поэзиясының сыры, араб, парсының үр үні естілердей... Арғы бір мүйісте Гете – Лермонтов – Абай тағылымдар, әріде Әуезов мемориалдық мұражайы тұр. Жалғыз андыз секілді жаһан жаңғырығындай үш түстіктің жамбылы – Жәміш қақпасы (Ямыш 1773 ж.) ХVІІІ ғасыр жарқыны дейді. Семей мен Абай – егіз атау. Жерасты байлығы өте мол, өнеркәсібі мен өндірісі тең өлке. Көмір кені іргесінде жатқан қара алтынды Қаражырасы бар. Ел көлемінде көмір кенімен айналысатын 30-дан астам ірі компаниялар бар. Бұл Қазақ жылына шамамен 100 миллионннан астам тонна көмір өндіреді. Қазақ көмірі әлемде алғашқы ондықтағы тізімде тұрады. Алайда ішкі нарықта ең қымбат, әрі сапалы көмір де осы Абайдікі. Ұлы ғұлама өңірінің көмірі де алтыннан қымбат! Тетеқұрылымы Ресей мен Қытайға жақын һәм ғаламдық базарға бір табан жақын, ұрымтал, оңды. Алтын кені жағынан – бар байлықтың хас маңдайында. Алтынның құны қазіргі COMEX-те қымбат металл фьючерстерінің бағасы бір троя унциясына 1 442-1 461 доллар шамасында саудаланды. «Алел»-ден аман қалса түсті металдарының түсі мен пайдасы жетеді. Торғын топырағы толған өнім. Кірпіш пен цементі өз алдына мақтауға тұрарлық. Қашанғы жамандай береміз... Бірақ бізбен бірге сапарлас болған бір азамат осы жақтағы бір стратегиялық кен орындарының бірінде істейді екен. Небір сұмдық әңгімелерді сол жігіттен естіп, аузымызды аңқитып, көмейіміз құрғап, бір сәт мәңгіріп қалғанымызды тезірек ұмыту үшін басқа әңгімеге ойыстық.
Өскеменнен Өрелге қарай
«Өскен Ел» – деген бір әуеннің сарыны алыстан құлаққа естілердей. «Өскен ел сен аман бол сайрандаған...», «...өскен елім, өскен жерім, қоңыр аң – қойдай өрген қоңыр белім...» Шіңгілдің атақты жеті әнінің бірі. Ақиесі Қожікен Шотайұлы деген жайсаң қазақ. Соған ұқсас сарын сағынышпен Өскеменге келдік. Төр Алтайдың өңіріндегі өз еліңе! Өскемен туралы осындай бір ән бар ма екен деген ой келеді. Мүмкін бар шығар... Иә, Паң Шығыста бәрі бар. Осы реткі саяхаттың ақылшысы от тілді бауырым Олжас Керейхан. Қасындағы нөкерлері бойы тапал, ойы зау Тоқтаубек Дүйсен мен Есенбек Нақтыбай мыс шегедей мығым. Кештегі кездесу сәтті өтті. Ақын да еге талантты ініміз қос облыстың телі шайыры Қалқаман Сариннің ішкі ұғымы байсын, пайымы ұтымды ерекше, ниеті тым етене. Шығыстағы поэзияның шырақшысы, қалқаны осы Сарының баласы іспетті. Балалар және жасөспірімдер кітапханасына кілең жас ақындар келген. Ақеспе беренді, жаңашыл әрі шырайлы шым назымды жастар жүр. Тізгінші Ақерке Досанова – әдебиеттің қыры мен сырына әбден қанық маман. Тебінді топтан тереңнен терген меруерт жырлар төгілсін келіп! Иә, Ықылас ән мен жыр салған қос атты Сал серідей самалдатады. Талапбектің жаңа өлеңдері де жанды сүгіреттердей. Екі көбесінен ентіге аққан Ертістің түнгі ағысы – құм көшегі секілді бедерлі. Шығыс Көк төрінің жауһар үзім жұлдыздары Ертіске шомған керімсал іңірде ай мүйізін бұлтқа ілген кербұғыдай керемет елес! Елең кемердегі ақ қайыңдарға сұқтанып қарап тұрмыз. Шығыс пен мұхиттың арасындағы тәңірдің күміс көпіріндей көк тамыры бұлқынған бұрнағы көне Ертіс ештеңеге алаңдамастан бұлаң сырғып өтіп барды. Ертіс – байырғы сағат, уақыттай! ...Керме иық далам, келем көсіліп, Аяғым асты көк шалғын. Төсіңнен текті өлең көшіріп, Батыр бабамды еске алдым... Бұл өлең ұзақ болуы мүмкін, демек бұла ақын Қалқаман Сариннің қолтаңбасы осылай жұлдыз кешіп мөлдіреп тұрады, ләйім.Өскеменнің еңізі
Өскен өңірдің Өскемені кенді өңір! Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан үш жыл бұрын (1720) қамал салынып, сенделген 80 жылдан кейін шағын қалашық, тағы да шамамен 60 жыл өткенде (1868) Өскемен алтын құмдақты, мыс құндақты қала болған. Қара өлеңде: «...айтайын айт дегенің тау мұраған, таудың тасы етекке саудыраған...» деген жолдары бар. Мұндағы «мұраған» сөзі көне түркіше «нұраған» атауын білдіреді. Осы таудың саудыраған тастарының бәрі алтын, түгел түсті мыс, жез екенін ерте білген бабалар! Соғыс жылдарынан сәл бұрын мұртты Сталиннің пәрменімен мыс зауытының тағаны тартыла бастаса керек. Тұңғыш өнімдері де оқ болып ұшқаны белгілі. Соғыстан кейін де үдеріс соңы Үлбінің пайдасы ұшан-теңіз металл зауытын тұрғызған. 1945-1955 жылдар аралығында Төр Алтай Өскемен түгелдей мыс-мырышты жартылай жабық қалаға айналған. Ақ сағалды жұмсақ кадмииі аса құнды. Айталық, жылына шамамен жиырмадан астам мың тонна кадмии өндіріледі де түсті металдардың түтінін көкке самғатады. Бұл бір ғана мысал. Арғы жағы Ертістің – бергі жағы кәдуелгі ұлпа кадмии... Өскемен өнеркәсіптік аймақ һәм әлемдік деңгейдегі 40 шақты ірілі, орта өндірістер, зауыттардың ортасы. Қорғасын мен мырыш, титан – магний, Бұқтырмадағы цемент, машина құрастырудан кейінгі деңгейде ерекшеге еге қағаз-картон қаттамаларын жасайтын зауытқа дейінгі аты аталмаған сантүрлі технологиялы өндірістердің өзі бір төбе. Ағаштан – қағаз, топырақтан – металл, алқаптан – егін мен дән, дәнектен май, судан электр, өсімдіктен ем, таудан аң, бұғыдан қан, арадан бал, жылқыдан қымыз, түліктен өнім, өнімнен киім, т.с.с. толып жатқан ен байлық, ел ішіндегі ел, байтағы жайлау, жайлауы саялы саяхатты мекен. Жалпы жер көлемі – 54,4 мың шаршы шақырым. Шри-Ланка деген 25 миллион халқы бар елдің жер көлемі де осындай ғана. Құдай, Шри-Ланканың көрген күнін аулақ қылсын! Қара өлеңде Ықылас Ожай айтатын ерекше тәмсіл бар: «Әкесін ала жаздай ауру қылып, құлағын шешесінің саңырау қылғай!» Бүгінгі империяшыл алпауыттарға айтылар бұдан зор қарғыс болмаса керек!?Төр Алтайға сапар
Өскеменнен ертемен шығып тау жолымен сыпыртып келеміз. Шамамен Алтай қаласына дейін 185 шақырым жол. Орманды таудың ирелең асфальтымен өрлеген сайын бұрылыс, қиылысы көп күдір. Ескілеу сүрлеудің жағасы қысаң болса да жамауы жоқ жинақы. Алтайға дейінгі қара жолдың екі қанаты, қос қапталы түгелдей бидай мен күнбағыс егін алқаптары. Сондай ұзақ алқаптың түсімі де доллармен өлшенбек. Тау басына бұлт үйірілсе, нөсер төпеп өтетін қасиетті кенеулі қойнау. Қолатты қолтықшаларда бұрынғы сәбеттік ауылдардың (деревня) бірнешеуі кездеседі. Алдымызда Аққайың ауылы. Күдірейіп тұрған жалдың жағалау уысына қонған ауыл құдды ықтырмадағы бір қауым елдің жарымы, Бұқтырмаға сұғынған тіреме сай, ауылды қиып өтетін күре жолдың үстіндегі Аққайың Талапбектің атбайлары, атақонысы. Ары қарай Тынысбектің дарасы, сұлу қаптал, түгел түңкелі мекен. Талапбектің көзіне кіреуке тұнады, көкірегімен күллі Алтайды құшып тұрып әкесіне арнауын оқыды... Бұқтырманың көбесінде көп ауыл! Солардың бірі бұрынағы Күмісбұлақ ауылы (Серебрянск) бейорганикалық өндіріс зауыты болған. Күмістің ең көп қоры осында болуы мүмкін. Осы ауылға жаңадан қандастар орналаса бастаса деген ой да айтылады. Қалай дегенмен де бұрынғы жабық, бүгінгі ашық сәттің ұшырасқан тұсы моно қалада – жаңғырған Елге сеп. Үлкен Нарын аудан орталығы кең етегін жайып, өңірін аша түсетіндей мекен тәрізді. Жол қапталы биебау, жеміс-жидек саудасы. Қойбүлдірген өсімін ұсақ малдың иегінің алқызыл бояуы мен жылқының қанқызыл тұяғынан ғана байқауға болады. Қаптай өскен жоңышқа мен бидайық, балауса мен жалбыз, андыздап өскен сырғын мен сарғалдақ, табаншөп, таушымылдық, алтын тамыр, тамырдәрі, изен, қызылша, қымыздық, қойжуа, қозықұлақ, ермен мен егеужал, еңлікгүл, есекжем, қалың итмұрын, қалақай мен бозжусан... Төр Алтай жарықтық осы мінеки. Кездесе кеткен жандардың түгелі Үлкен Нарынды айтсаң – шекаралық ауданнан шалғай дейді. Қалихан Ысқақ ұлықтаған Қатонқарағайдың нақ есімі – Қатынқарағай дейді. Осы Қатынқарағай үлкен шекаралық қалаға лайықты екен. Мүмкін қазіргі армандары да сол секілді. Қатынқарағайда халықаралық аламан айтыс өтіп жатыр. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, бүкіл қазақ қаламгерінің басшысы атақты ақын Ұлықбек Есдәулеттің өзі айтыс тізгінін қолына алған. Шаппа алаңындағы сабан төселген алаңқайда айтыс шабандоздарын сәл тыңдадық. Қатынқарағайдағы дәл осы орынға Берелдің көк жасыл тасы мен Аршатының ақ қайыңдарынан қиып қаланған алып Айтыс ордасында Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Қырғыз елдерінен келген айтыскерлердің ой турнирі өтетін орын боларына сенетін Олжас Керейханның һақ арманымен қанаттанып ары аттандық...Төр Алтайда – «Өр Алтай»
Төр Алтайда «Өр Алтай» атымен аталатын бір салқын саяжай бар. Үкіметтің шапағатынан тыс өз қара күшімен орнаған тынықтыру үйлерін салқар жайлау, орманды сайдың жәннатты етегіне орда тіккен арда азаматтың есімі Шалқар Ұлықпан. Хан ордасының түндігін Айға апарып қақ ортаға, ақбоз отауларын алқа-қотан түзімдеген «этноауыл». Бұдан ары кетсе тақталап барып маралды Тарбағатайға, Жалпақ жұрт, Мәметек шатқалымен кезеңге өрлеп, Шабанбай жайлауына, Аршаты жаққа аз өрлесең Өрелге, арғы беттегі Кемпіртаудың кең етегіне жатқан Берелге, ыраңоты жайқалған Раһыман қайнарына жетесіз! Төр Алтай түгел саяхат аймағы болады кешікпей!Топқайыңда – Қалихан
Шекара түбіндегі ең керемет орталық расында Қатынқарағай мекені секілді. Қайран да асыл Қалихан Ысқақтың алтын ұйығы – Топқайың Алтайдан шығысқа 70 шақырым ғана, ескі есеппен қой көш жер! Топ-топ шоғыр қайыңдардың көркіне көз тоймастай көкше – мұнарлы Белқарағай тепе төңірегі. Топқайың – Қалихан Ысқақұлы (1935-2014) – қазақ прозасының қара нарының тал бесігі, жер бесігі. Бұл ауылда Қалихан атындағы – «Ақсу – жер жәннаты» баламасыз туристік кешені де салынар!Шыңғыстайда – шың Оралхан
Шың басына шарбы бұлттан шәлі жапқан әлетте – Оралханның ауылы Шыңғыстайға бардық. Бұлт-бұйра толқын шашын Шыңғыстайдың құбақоңыр самалына беріп, еңселі еге Оралхан аға тұр! Аттан түсіп, атақты ауылдың өр іргесіне, бұл әлемге осындай құдыретті жазушыны қазаққа жолдаған жаратушыға тәубе еттік. Енді аз жүрсең Елеңшадыр, Түрген мен Құрған (Хурган), Қыпшал... Қасқа құлындарын ерткен бір топ үйір кесе көлденең өтіп барады. Өңшең қасқа құлындары құлдыраңдаған даланың дарала теңбіл жылқылары! Тірі алау секілді шоқ үйір! Атау-кере (Кауіпті будан) «Мұзтау» (Соңғы ертек): хикаяттар... Әсіресе «Атау кере» еске жиі оралады. Беу, Оралхан аға! Мұзтауға жете алмадық! Маралдының марқасқасы Әлібек Асқар ағам айтқандай: «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді!!!»Жаңа Үлгіде – Дидахметтің Ай дидары
Қазақ қаламгерлеріне бір кезеңде үлгі болған «Жер аңсаған сары атан», «Самырсынның сыры» деп бірегей аңсардың пірі таудидарлы Дидаш ағаның рухына андалық риясыз хош көңіліміз бар. Дидахмет Әшімхан аға дер кезінде моңғолдың классигі Пүрэвжавын Пүрэвсүрэннің «Кек» («Өшөө») әңгімесін қазақ тіліне шебер тәржімалаған-ды. Соңыра заман бір өткенде Дидаштың «Жынды жел» трагедиялық монороманын мен аударып моңғол оқырмандарына жария еткен едім. Ағаның маған жазған үшбу сәлем хаты сақтаулы. Бұл енді үлкен кеңеске татитын бөлекше көкейкескенім болатын секілді! Соңыра бұйырса тағы да ақ парақтың бетіне шыр себерміз. Қайта айналғанда шілденің туған Айы көрінді. Тіп-тік!Сұраған РАХМЕТҰЛЫ