Жаңалықтар

Дәуірдің даналық дидары

ашық дереккөзі

Дәуірдің даналық дидары

Жеке кітапханамның бір бөлігін – атақты адамдар, мем­лекет және қоғам қайраткерлерінің еңбектері құрай­тыны еске түседі. Көрнекті кітаптар қатарында – есімі мен еңбегі алыс-жақын елге кеңінен мәшһүр болған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» (1992), «Ақи­қаттан аттауға болмайды» (1994) және «Елу жыл – ел ағасы» (2002) атты естеліктер мен сыр-сұхбаттар, деректер мен жыр-тол­ғау, хаттардан тұратын қымбат қазыналар да бар. Бұл кітаптар та­нымал тұлғаның адами болмысы мен асқақ мұраттарын, аза­маттық һәм қайраткерлік қырларын, кезеңі мен қызметін кең кө­лемде көрсетеді. Қысқасы, Қазақстанның жартығасырлық тарих­намасы аталған кітаптардың тұтас табиғаты мен мазмұнын, даму үрдістерін де жан-жақты сөз етеді. Дәуірдің даңқты тұлғасы Д.Қонаев ха­қындағы кітаптар қатарын ақын-қа­ламгер Рафаэль Ниязбектің «Көсем» атты тарихи романы да толықтыра түскенін осы рет­тен де еске алу артық емес (Алматы, 2021. – 676 бет). Кітап аты – «Көсем», авторы – ақын еке­нін еске алсақ, күрделі жанрды не­гіз еткен, даңқты тұлғаның еңбек һәм өмір жо­лы арқау болған, сан салалы оқиға мен та­лайлы тағдырлар талқысы тоғысқан, кезең шын­дығы мен уақыт рухы терең танылатын кең көлемді, тың өрісті, соны үрдісті, тағы­лым­ды туынды екені анық аңғарылады. Бас­тапқы бөліктегі – «Ұлыны ұлықтаған туын­ды» атты мақалада (авторы – Темірбай Мұ­қашев, ф.ғ.к, доцент) басты тұлға – Д.Қо­наев­тың болмысы мен ұстанымы, тұлғалық қыры мен көркем бейнесі кең түрде сөз бо­лады. Тарихи романының құрылымдық жүйе­сі төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бө­лім – 1955 жылдың наурыз айынан бастау ала­ды. Бұл тұста – Мәскеуде Жоғарғы Кеңес­тің сессиясы өтетіні, Д.Қонаевтың сөз сөй­лей­тіні белгілі болған-ды. Алайда Поно­марен­кодан естіп-білгеніндей, Министрлер Кеңесінің төрағалығына бекітілетіні анық­талып, Бірінші хатшы Н.Хрущевпен алғаш кез­десуі де осы кезеңде өтеді. Орайлы тұста, Ғы­лым академиясының президенттігіне кім­ді сайлау турасында да сөз етіледі. Л.Брежнев пен П.Пономаренко өз тараптарынан бірер ға­лымды алға тартады. Д.Қонаев өз кезегінде Қ.Сәтбаевтың кандидатурасын ұсынады. Бір­қатар қарсылықтарға қарамастан Д.Қо­наевтың жауапкершілік жүгін мойнына алып, шындық жүзіне тура қарап, ақиқатты ту еткен табандылығы негізінде Қ.Сәтбаев Ғы­лым академиясының президенті болып сай­ланады. Осы кезеңдегі Д.Қонаев пен Қ.Сәт­баевқа қатысты баспасөздегі қилы көз­қарас, табансыз да тиянақсыз, ұшқары ой­ларға қарамастан, араларындағы адами мұрат­тар мен жоғары адамгершіліктен туын­даған достық, сыйластық сырлары та­рихи туындының әлеуметтік мәні мен көр­кемдік қуатын да айқындайды. Автор ақиқат жайттарға табан тіреп, дәлелді дәлдіктерді уа­қыт рухымен сабақтастықта өрістетіп, маңыз­ды тұстарға мән беріп, көркемдік ар­наларды негіз етіп, жүйелі жеткізеді. Мыл­тықсыз майданның жан-жүрекке салмақ са­латын, көңілге көлеңке түсіретін, көзге кө­рінбес бір қыры, сырлы сипаттары осы тұс­тан танылады. Жылдар жемісі мен өмір тә­жірибесі, уақыт рухы да терең көрініс береді. Бастысы, Д.Қонаев пен Қ.Сәтбаевтың адами болмысы мен биік мұраттары, қазақ ғы­лымы мен келелі келешегі хақындағы кемел ойлар мен терең толғаныстары мәнді сипат алады. Елдік мұрат пен қоғамшыл жү­рек, жауапкершілік жүгі мен ұстаным кре­досы айқын аңғарылады. Ұлт тарих­на­ма­сының кеңестік кезең тұсындағы тұғырлы тұл­ғалары – Д.Қонаев пен Қ.Сәтбаевтың адам­дық мұраттары мен адамгершілік си­пат­тарынан, сыйластық сырларынан елдік мүд­де мен ұлтқа қызмет ету миссиясы бәрі­нен де биік, жоғары тұрады. «Оның үстіне, рух­тас, мүдделес» (17-бет). Тарихи туындының басым бағыттары мен даму үрдістерінен уақыт ру­хы­ның ұлт руханиятына қатысты бірқатар жайт­тарына да кезігер едік. Айталық, Ор­та­лық Комитеттің хатшысы Ж.Шаяхметов Ғы­­лым академиясының президенті Д.Қо­наевты жедел шақырып, тарих, әдебиет және тіл білімі институттарының ғалымдары ат­қарып жатқан жұмыстары жөнінде мәнсіз Һәм негізсіз бірқатар сұрақтардың астына ал­ғаны бар. Ғалымдардың көпшілік бөлігі, әсі­ресе тарихшылар көне соқпақ, ескі сүр­леумен жүргеніне басымдық беріледі. Хатшы сө­зінен бірқатар ғалымдар, олардың ара­сында: «...М.Әуезовтің бұрын жіберген қате­лік­­терін қалпына келтіру орнына ескі әуе­ніне қайта басқаны байқалады. Мәскеуге бір­жола көшкен Әуезовті академиктер құра­мынан қалайда аластау керек» дегенді анық айтады. Сөз жүйесіне орай, танымал тарих­шы Е. Бекмаханов бағыттары мен із­денісін де тілге тиек етеді. Кенесары Қасымов көтерілісін дәріптегенде, не ұтты? Жұмалиев пен оның төңірегіндегілер жазаға тартылды», – де­генді де сөз арасында еске алды. «Ака­де­мия қазір ғылым ордасы ғана емес, сонымен бірге ордалы жыландардың ордасына айналған» дегенді бүкпесіз баяндайды (23-бет). Қысқасы, Академия ғалымдары Ор­талық Комитеттің қаулысына атүсті қа­рай­тынын, керісінше оған адалдық танытып, жауапкершілік жүгін арттыру қажеттілігін де қатқыл үнмен, сұсты сипаттармен жет­кізіп, бояуын қалыңдатып, екпін түсіре ай­тады. Бұдан байқалатыны, Орталық Комитет нұс­қауы, жоғары басшылық ұстанымы қан­дай да бір қалың бұқараның қарсылығынсыз, мүл­тіксіз орындалуы керегі айқын аңға­ры­лады. Ғылым ісі, ғалымдар еңбегі – Орталық бағыты мен арнаулы нұсқаулықтар аясында даму қажеттілігі де танылып тұрады. «Біз айттық, сендер істеңдер!» деген өктем де оз­быр, екпін-серпінге толы қатқыл үн де бар.