Жаңалықтар

Жер туралы заңнаманы жетілдіру қажет

ашық дереккөзі

Жер туралы заңнаманы жетілдіру қажет

«AMANAT» партиясы жанынан құрыл­ған «Жер ама­наты» комиссиясы пай­да­ла­ныл­май жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­лерді мемлекет мен­шігіне қайтару мә­се­лесі­мен белсенді айналысып келеді. Ко­мис­сия бүгінге дейін еліміздің алты өңі­рін аралап, 140 мың гектардан астам жер­ді мемлекет меншігіне қайтарды. Өт­кен ап­тада «Жер аманаты» комиссиясы Сол­түстік Қазақстан облы­сына жұмыс са­пары барысында 19 мың гектарға жуық жерді қайтарып алды. Осы орайда «AMANAT» партиясы облыстық филиа­лы­ның атқарушы хатшысы Әсем Рах­ме­то­вамен өңірдегі жер мәселесі туралы сұх­бат­тасқан едік. – Алғашқы сауалымызды жайы­лым жердің көлемі қанша деген сауалмен бастасақ... – Солтүстік Қазақстан облысы жері­нің жалпы ауданы 9 804,3 мың гектар, оның ішінде жайылым жер – 3 256,3 мың гектар. Ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­дағы жерлердегі жайылым ауданы 1 991,0 мың гектарды құрайды. Ал елді мекен­дер­дегі жайылым жерлер – 786,4 мың гектар. Өңірде 547,1 мың гектар жайылым жер жетіспейді. Аудан әкімдіктері елді ме­кендердің шекараларын кеңейту мақ­сатында меморандумдар жасап, нәти­же­сінде 505,7 мың гектар алқаптағы жайы­лым жерді тұрғындарға пайдалануға берді. Бұл жетіспейтін жайылым жердің 92,4 пайызын құрайды (елді мекендердегі жайы­лым 114,4 мың гектар, ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдарымен меморандум арқылы 391,3 мың гектар). Бүгінде Солтүстік Қазақстан облы­сын­да ауыл шаруашылығы мақсатында 7,3 млн гектар жер бар. Жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан 77,6 мың гек­­тар жер мемлекет меншігіне қайт­а­рыл­ды. Ал 11 мың гектар жерді қайтару үшін сотқа жүгіну қажет болса, 66,5 мың гектар бойынша келісімшарт бұзылған. Қазір жалпы аумағы 16,4 мың гектар бо­ла­тын 97 жер телімін қайтару үшін сотта та­лап-арыздар қаралып жатыр. – Мемлекет меншігіне қайтарыл­ған 19 мың гектар жерді тұрғындар қа­шаннан бастап пайдалана алады? – Қазақстан Республикасы Жер ко­дек­сінің 100-бабына сәйкес мемлекеттік мен­шікке қайтарылған жерлер бос жат­қан жер құрамында есепке алынады. Ха­лықтың мал жаюы үшін жайылым ал­­­қаптарын ұлғайту мақсатында облыс бойын­ша елді мекендердің жерлеріне бос жатқан жерлерден, яғни 72,8 мың гек­тар жер алқаптағы жайылымдардан, оның ішінде жоғарыда аталған 18,9 мың гек­тар жер берілді. Қазақстан Республикасы Жер ко­дек­сінің 26-бабының 3-тармағына сәйкес, ха­лыққа қажетті жайылымдық алқап­тарды ұлғайту жөніндегі елді мекендер шегіне енгізілген жайылымдардың жер те­лімі азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың бөлек меншігіне және жер пайдалануына берілмейді. Елді мекендер шегіне енгізілмеген, мем­лекеттік меншікке қайтарылған пай­даланылмайтын ауыл шаруашылығы ал­қаптары (егістік, жайылым) жер ко­дек­сінің 43-1, 48-баптарына, сондай-ақ кон­курс өткізу қағидаларына сәйкес кон­курс негізінде шаруа немесе фермер қо­жалығын, ауыл шаруашылығы өндірі­сін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пай­далану (жалға алу) құқығымен бері­леді. – Ауылдық жерлерде жерге бай­ла­ныс­ты тағы қандай даулы мәсе­ле­лер бар? – Бізге өтініш білдіргендердің басым көп­­шілігі – жерінен айырылып қалған адам­­дар. Ал ауылдарда туындайтын проб­­­­лемалық мәселелердің бірі – пайға беріл­ген жерлер. Көптеген жер иелері өз құ­қықтарын білмей жерлерін серіктес­тік­терге берген. Біріншіден, олар осы әрекеті арқылы жер үлесіне құқығын жо­­ғалтады. Агроқұрылымдардың бас­шы­лары қаржы ұйымдарынан (банктерден) несие алу мақсатында пайлық жерлерді ке­пілге қояды. Яғни, кәсіпкерлер тұр­ғын­дардың сауатсыздығын пайдаланып, жер­ді банкке кепілдікке қойып, несие ала­ды. Алайда шаруашылықтар банктен ал­ған қарызды қайтара алмай, жер телім­дері қаржы ұйымдарында кепілдікте қ­а­­лады. Бүгінгі күні СҚО бойынша қар­жы ұйымдарында 1 млн гектар жер ке­піл­­­дікте жатыр. Ол жерлер «жұмыс іс­те­мейді». Осылайша, пай иелері жер үле­сіне өз құқығын жоғалтып отыр. Алдағы уа­қытта осы жерлерді қайтаруға әрекет жа­сау жағы қарастырылып жатыр. Екін­ші мәселе – пай иелерінің серіктестік құра­мынан шығып қалуы. Көбінесе ак­ционерлер серіктестіктің құрамынан шық­қысы келеді. Алайда ЖШС құра­мы­нан шығу Жер кодексінің 101-бабы не­гізінде жүзеге асырылады, яғни серік­тес­тікке қатысушылардың жалпы жина­лы­сын өткізу арқылы ғана жүзеге асы­рылады. Серіктестікке қатысушылардың ке­мінде 50 пайызы қатысқан жағдайда жа­л­пы жиналыстар заңды болып есеп­теледі. – Солтүстік өңірде жерге қатысты заң­сыздық көп екенін білеміз. Ха­лық­тан шағым жиі түсе ме? – Халық жер мәселесі бойынша жиі жү­гінеді, ұсыныс та көп түседі. Мә­селен, экономиканың банкроттығы ке­зін­де акционерлердің жер үлестерімен бір­ге жерді пайдалану құқығына ие бол­ған басқа экономикаға көшуі ұсы­нылды. Серіктестікке қатысушының (пай­шы­н­ың) жер телімдеріне уақытша жер пай­далану құқығын жаңа инвесторға беру кезінде шартты жер үлестеріне құқы­ғын сақтау, сондай-ақ әлеуметтік шие­леністі болдырмау мақсатында жаңа се­ріктестікке қатысушының (пайшы­ның) шартты жер үлестеріне құқығын сақ­тау бойынша жер заңнамасына өз­геріс­тер енгізу қажет. Сондай-ақ серік­тестікке қатысушылардан шыққан кезде олар ақшалай өтемақы төлеуді ұсынады, өйт­кені жеке акционерлерге жер учас­келерін бөлу жер учаскесінің тұтастығын бұза­ды. – Мемлекет меншігіне қай­тарыл­ған жерлерді пайдалануға өтінім бергендердің арасында жастар бар ма? – Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру Жер кодексінің 43-1-ба­бы­на сәйкес конкурстар өткізу арқылы жү­зеге асырылады. Облыс бойынша жастар арасында жер пайдалану құқығын алуға өтінім бер­гендер бар. Тайынша ауданында ағым­дағы жылдың тамыз айында кон­курс­қа өтінім берген 46 қатысушының үшеуі – 29 жасқа дейінгі жастар. Олар жер телімдерін егістік, жайылым және ша­бындық мақсатта жалға алуға өтініш бер­ген. Олар осылайша ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға үлес қосқылары келеді. – Биыл қанша жерді мемлекет мен­­­шігіне қайтару көзделіп отыр? – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруа­шылығы министрлігі пайдаланыл­май бос жатқан және ҚР заңнамасын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерді қайтару бойын­ша бекітілген жоспарды ұсынды. Сол­түс­тік Қазақстан облысы бойынша мұндай жер­лер көлемі – 300 мың гектар. Жерді мемлекет меншігіне қайтару мә­селесі пайдаланылмайтын жерлердің анықталуына қарай жүргізілетін болады. Бүгінде облыс бойынша жалпы ау­да­ны 81,1 мың гектар жер қайтарылды. Оның 8,6 мың гектары егістік жер болса, 62,8 мың гектары жайылым жерлер. Жал­пы, пайдаланылмай жатқан жерлерді мем­лекеттік меншікке қайтару жұмыс­тары қарқынды жалғасуда. – Пайдаланылмаған жерлерді өз ер­кі­мен қайтаратын жер иелері бар ма? – Бүгінгі күні жерді жалдау шарт­та­рын өз еркімен бұзу арқылы жалпы ауда­ны 19,9 мың гектар болатын 45 жер пай­даланушы жер телімін мемле­кет­тік меншікке қайтарып берді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ