Жеңілдетілген несие беретін бағдарлама неге тоқтады?

Жеңілдетілген несие беретін бағдарлама неге тоқтады?

Жеңілдетілген несие беретін бағдарлама неге тоқтады?
ашық дереккөзі
Көлік алуға жеңілдетілген несие беретін бағ­дарлама биыл мамырда іске қосыл­ған еді. Бағдарлама аясында азаматтарға бас­тапқы жарнасыз, 4 пайызбен автокөлік са­тып алуға мүмкіндік туған болатын. Деген­мен бағ­дарлама бір айдан кейін тоқтатылды, несие рәсімдеу кезінде де біршама қиындықтар бол­ғаны айтылған еді. Жаңа көлік алғысы кел­ген­дер қатары көптігі сонша, ұзын-сонар кезек тү­зілді, бірақ автосалондарда несие шартына сәйкес келетін көлік болмады. Бағдарлама шарты бойынша, кез кел­ген қа­зақстандық 4 пайызбен несиеге 10 мил­лион теңгеден аспайтын бағаға көлік ала ала­ды делінген болатын. Бастапқы жарна 0 пайыздан басталады. Несие 7 жылға дейін қар­­жыландырылады. Жалпы, жеңілдетілген ав­тонесиеге 100 миллиард теңге жұмсау жос­­парланды. Бұл – «ӨКМ Операторы» шо­­­­тынан алынатын ақша. Бағдарлама бойын­­ша 10 миллион теңгеге дейін несие қарас­­тырылды. Ал көлік 10 миллионнан қым­­бат болса, 1-2 миллионды өз қал­таңыз­дан төлеп, несие рәсімдеуге болатыны да ай­­тыл­ды. Өте қымбат көліктерге жеңіл­де­тіл­­ген автонесие берілмейді, көліктің бағасы 15 миллион теңгеден аспауы керек. Шарттарына қарағанда өте тиімді, кө­лік алу­ға қолайлы көрінген бағ­дар­ла­ма­ның игілігін кімдер көре алды? Бас­талмай жатып аяқталған жеңілдетілген не­сиенің бұлайша кілт тоқтатылуына не себеп болды?

Ойдағы орындалмады

Биылғы қаңтарда вице-премьер Роман Скляр жеңілдетілген автонесиенің жаңа бағдарламасына 100 миллиард теңге бө­лінетінін айтты.

Осылайша, Үкімет «Жасыл даму» мем­ле­кет­тік ұйымына берілген 200 мил­лиард теңгеден астам қаражатты халық­тың игілігіне жұмсау туралы шешім қабыл­дан­ғанын мәлімдеген болатын.

Оны қалайша халық игілігіне жұм­сай­мыз? Біз осы қаражаттың 100 миллиард тең­гесін отандық автокөлікті несиелендіруді субсидиялауға беретін болдық. Оның ере­же­сі мынадай болады: алғашқы жарнасыз жы­лына 4 пайызбен 7 жылға несие беріледі, – деген еді вице-премьер.

Айта кетейік, жеңілдетілген автонесиелеу бағ­дарламасы 2015 жылы іске қосылған еді. Ол 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіс­ке негізделді. Қаржыландырудың жалпы шегі – 82 миллиард теңге. Бағдарлама іске асы­рылған сәттен бастап револьверлік қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 мил­лиард теңгеге 30 525 қарыз берілген. Сол кезде Роман Скляр жаңа бағдарламаны бұрынғы бағ­дарламамен салыстырып өтті.

Осыған дейінгі бағдарламада жылдық пайыз – 20, бастапқы жарна 4 пайыз болса, қазір жылдық пайыз – 4, бастапқы жарна 4 пайыз болады. Бұл 7 жылға есептеледі. Әри­не, 7 жыл көп уақыт болмағандықтан көбіне арзан көліктер берілетіні түсінікті. Дегенмен, 71 мың азамат жаңа көлікті қолжетімді бағамен сатып ала алады, – деді Роман Скляр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі сол кезде 15 мыңнан астам қазақстандық жеңілдетілген автонесиеге кезекте тұрғанын да атап өткен болатын.

Бағдарлама бойынша көлік алған ал­ғашқы ел тұрғыны туралы да БАҚ жа­рыса жазған еді. Алғашқы көлік бағдарла­ма іске қосылғаннан кейін 4 күн өткен соң беріл­ді. Дегенмен содан соң несие арқылы кө­лік алғандар туралы ақпарат ағыны сұйы­ла түсті. Ақыр аяғында, бір айдан кейін несие рә­сімдейтін үш банк те өтініш қабылдамай­тындарын мәлімдеді.

Сұраныс көп, көлік аз

Ресми деректерге сүйенсек, жеңіл­де­тілген несие бойынша автокөлік са­тып алуға өтінім қабылдау уа­қыт­ша тоқ­та­тыл­ған. Оған мемлекет тара­пынан қаржы­лан­дыру болмағаны себеп екені де мәлім бол­ды. Жалпы 9 мыңға жуық өті­нім қабыл­даныпты. Банктердің мәліметінше, қаржы­лан­дырудың бірінші кезеңі аяқталды. Өтінім қабылдау 20 мамырдан бастап тоқ­татылған. Өтінімдер қашан қайта қабыл­да­натыны, яғни мемлекеттен қаражаттың екін­ші траншы қашан түсетіні әзірге белгісіз. Көлікті жеңілдетілген несиеге өтініш бе­ріп үлгерген азаматтардың бір бө­лігі ғана алған. Енді автокөлікті несиеге ал­ғысы келгендер өтініш бере алмайды және ол қан­ша уақытқа созылары белгісіз. Сонымен қа­тар салондарда жеңілдетілген несиеге бері­летін көліктер жоқтың қасы болып шық­қан еді. Бағдарлама, әрине, халық үшін тиімді. Бір қарағанда, бөлінген 100 миллиард үл­кен қаражат болып көрінсе де, бір қазақ­стан­дыққа орта есеппен 10 миллион теңге бөлінетінін ескерсек, бұл бағдарлама 10 мыңға жуық көлікке ғана жетеді. Еліміздегі көлік сұранысын ескерер бол­сақ, былтыр нарықта 120 мың жаңа көлік сатылған. Салыстырып қарасақ, 10 мың көлік елдегі сұранысты жабуға жете ала ма деген сұрақтың жауабы онсыз да бел­гілі. Сұраныс көп, жаңа көлік жеткіліксіз. Аталған бағдарлама кенжелеп қалған кө­лік нарығын оңалтуға сеп болатын ме­ха­низмдердің бірі екені бұған дейін де айтыл­ған еді. Себебі еліміздегі 100 көліктің 64-і ескірген, яғни бұл өз кезегінде экологияның нашарлауына және жол апатының көбеюіне әкеліп соғатын негізгі факторлар. Сондықтан осы ескі көліктердің нарықтағы үлесін азай­ту үшін жеңілдетілген автонесие бағдарла­масы таптырмас мүмкіндік еді. Қорыта айтқанда, бағдарламаның игілігін толық көруге жаңа көліктің жеткіліксіздігі, бөлінген қаржының аздығы себеп болды деген қорытындыға келуге болады. Дегенмен бағдарлама тоқтап қалған жоқ, тек қашан жалғасатыны белгісіз.

Д. ЖАНАТҚЫЗЫ