Ешқандай сусын қымызға жетпейді – Төрегелді Шарманов
Ешқандай сусын қымызға жетпейді – Төрегелді Шарманов
Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов газдалған сусындардың денсаулыққа қандай зиян келтіретінін айтты. Ғалымның айтуынша, ұлттық сусындардың құрамында ағзаға қажетті дәрумен көп.
«Нарықты жайлаған сан мың түрлі газдалған тәтті сусындарға қарсы тұра алатын қазақтың ежелгі сусыны - қымыз бен шұбат қана. Қазақ балаларын денсаулыққа ауыр зиян келтіретін пепси, коладан алшақтатып, ұлттық сусынға бет бұрғызуымыз керек.
Біздің қазіргі ең үлкен міндетіміз – елімізді ұлттық тағамдарға бағыттау. Өйтпегенде балаларымыз газдалған сусындарды ішуге әдеттеніп барады. Ал ол сусындар денсаулыққа өте зиян. Айталық, бір ғана коланың өзі семіздікке, диабетке, жүрек қан-тамыр, т.б. көптеген ауру тудырады.
Айт-айтпа, ешқандай сусын қымызға жетпейді. Ол – табиғи құдіретті сусын. Оның құдіреттілігі – құрамындағы дәрумендері, майы, ақуызы. Өйткені ол – табиғи көздер. Сондай-ақ ол көптеген ауруды емдеп қана қоймай, алдын алады. Ас қорытуды жақсартып, қауіпті ісікті болғызбайды. Кезінде туберкулез ауруларына қарсы тұра алатын бірден-бір табиғи көз - қымыз болған. Сол қымызбен қазір қазақтың өзін жарыта алмай отырмыз. Одан қашықтап кеттік», – дейді Төрегелді Шарманов.