Жаңалықтар

Ердоған: Женева үдерісі іске аспады

ашық дереккөзі

Ердоған: Женева үдерісі іске аспады

Ресей, Түркия, Иран, Сауд Арабиясы және Катардың, сондай-ақ сириялық оппозицияның өкілдері Астанадағы Сирия бойынша келіссөздерге қатысуы мүмкін, деп мәлім етті Түркия Президенті Тайып Ердоған. Бұған дейін Президент Путин түрік көшбасшысы Тайып Ердоғанмен Сирияда қақтығысушы тараптарға Астанада жаңа алаңда бейбіт келіссөз үдерісін жалғастыруды ұсыну жайлы уағдаласқанын хабарлаған. Оның айтуынша, бұл Женева келіссөздерін толықтырады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Путин және Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесу барысында бұл бастаманы қолдап, Қазақстан елордасында мұндай келіссөздер жүргізу үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. «Біз мұндай бастамаға қарсы емеспіз. Бұл мәселе СІМ деңгейінде қаралуда. Астанаға сириялық оппозицияның өкілдері, сондай-ақ Ресей, Түркия, Иран, Сауд Арабиясы және Катардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Катар мен Сауд Арабиясының Астанадағы саммитке қатысуы Түркия үшін маңызды. Біз Қазақстанға террористік ұйымдардың өкілдерін шақыру жөніндегі ұсынысты қолдамаймыз», - деді Ердоған Анкарада өткен баспасөз мәслихаты кезінде, деп хабарлайды ресейлік «РИА Новости» агенттігі. Түркия Президенті Женевадағы Сирияға қатысты келіссөздердің нәтижесіздігін мәлім етті. Оның айтуынша, Путин «женевалық үдерістің» іске аспауына байланысты Астанада Сирияға қатысты халықаралық кездесу өткізу туралы бастама көтергенін атап өтті.