«Рудныйдағы орыс мектептері қазақ сыныптарын ашуға құлықсыз» – Амандық Әмірхамзин

«Рудныйдағы орыс мектептері қазақ сыныптарын ашуға құлықсыз» – Амандық Әмірхамзин

«Рудныйдағы орыс мектептері қазақ сыныптарын ашуға құлықсыз» – Амандық Әмірхамзин
ашық дереккөзі
Қостанай облысының тумасы, өлкетанушы Амандық Әмірхамзин Рудный қаласындағы қазақ тілді оқушылар мен балабақша тәлімгерлерінің құқығы аяқасты болып жатқанын айтты деп хабарлады turkystan.kz.
«Қостанай облысының өңір орталығынан кейінгі үлкен қаласы — Рудный, өткен аптада өзінің 65 жылдығын атап өтті. Атақты Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік кәсіпорны орналасқан аймақ. Тұрмысы бар, жұртының жағдайы жақсы, өндірісі дамыған қала, халқы шамамен 135 000 шамасында. Айтқандай, шаһар пайда болған жердің байырғы атауы - Сарыбай. Бірақ, әңгіме қала атауы да, оның мерейтойы да туралы емес, қаланың тіпті жыр болған ҚАЗАҚША атауы бар ҮШ ҚАНА көшесі жөнінде емес, әңгіме шаһардағы мемлекеттік тілдегі мектептер мен ана тіліміздегі балабақшалар туралы. Қалада 20 мектеп бар деп есептесек, оның ТЕК ҮШЕУІ - мемлекеттік тілде. Орыс мектептері қазақ сыныптарын ашуға тіптен құлықсыз. Бұл ана тілімізде оқығысы келетіндердің санының аздығынан емес, мәселе Қостанай облысы әкімдігінің Білім басқармасы мен Рудный қалалық Білім бөлімінің енжарлығынан болып отыр. Түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Тіпті, Қостанай облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары, екі сөздің басын ҚАЗАҚША құрай алмайтын Айман Ибраева ханым қазақ тілді жұртшылыққа не айтар еді деген сұрақ мазалайды мені?!» деп жазды Амандық Әмірхамзин.
Ол мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкер білім саласында қалай жүр деген таңданысын да жасырмаған.
«Ата-аналар балаларын мемлекеттік тілдегі мектептерге бергісі келеді, бірақ, алыстағы қазақ мектебінен гөрі, үй іргесіндегі өзге мектепке беруге мәжбүр. Қала шағынаудандарындағы қазақ (тілді) ата-ана саны көп, олардың балалары бүрсеңдеп қыс бойы автобуспен шаһардың шетіндегі мектепке барып оқуға мәжбүр. Әсіресе, қақаған қыста төменгі сыныпта оқитын жас балаларға өте қиын. Оқу түстен кейін басталады да қараңғыда үйіне автобуспен қайту қауіпті және автобустар тағы уақтылы жүрмейді. Ал, іргедегі, мәселен, бір сыныптағы 20 баланың екеуі ғана орыс ағайындардардың баласы да, қалғаны қаракөздер, бірақ, орыс сыныбы. Міне, мәселе қайда жатыр? Соны ойлаған Қостанай облыстық әкімдігі мен Рудный қалалық әкімдігі бар ма екен? Әйтпесе, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» дейміз де, мемлекеттік тілде оқығысы келетін балалардың құқығын таптаймыз!», - деді ол.
Сондай-ақ автор қаладағы балабақша мәселесін де назардан тыс қалдырмаған.
«Рудный қаласында балабақша мәселесі де шешілмей тұр. Балабақшалар қазақ тобын ашуға құлықсыз, ата-аналар балаларын амалсыздан орыс тобына беруге мәжбүр. Мәселен, № 10 балабақшадан биыл 2 топ ашылмақ, бәрі де орыс тілінде. Мұнда да балабақшаға баратын балалардың 80 пайызы қазақ балалары. Бұл не масқара, ата-аналардың, балалардың ана тілінде тәрбие алу құқығын кім қорғайды? Бұл қаладағы барлық балабақшаларға қатысты. Егер, қазақ тобын ашатын болса, «сендерге керегі осы ма?» деп, жас айырмашылығына қарамай топырлатып, бір топқа тығып қояды. Бұл - енді, нағыз заңсыздық, қай заңда балаларды бұлай кемсітуге жол берілген? «Индиго» деген кезек алатын бағдарламадан тек орыс тобына жолдама алуға болады, қазақ тобы аз болған соң орын шықпайды. Амалсыздан балабақшаның ішінде орыс тобына өту үшін «Индиго»-ға қайта кезекке тұру керек. Рудный қаласы балалары осылайша дүбәра болып барады. Оның үстіне балабақша меңгерушілері КСРО кезіндегі тың игеру заманында келіп қалған «апайлар». Жүрдім-бардым тыңдайды. Қысқаша айтқанда, Рудный қаласындағы балабақшалардың атауларын алдаусыратып қазақшалап, әдемілеп қойғанмен, заты өзгеше. Егер, «Индиго»-ға кезек қоятын болса, ата-ананың тізімін сұратсын, тілін білсін. Жоғары жаққа тек бір тілде сұраныс бар деген жалған ақпарат жіберіледі. Тіпті, ата-аналардан: “балаңызды қандай топқа бересіз?”деп те сұрамайды», - деп ашынды жазба авторы.
Амандық Әмірхамзин Қостанай облыстық әкімдігі мен Рудный қалалық әкімдігінен және Қостанай облыстық Білім басқармасы мен Рудный қалалық Білім бөлімінен осы жағдайлар туралы егжей-тегжейлі жауап алғысы келеді. Сөз соңында құзырлы органдардан бұл мәселенің реттелуі үшін тиісті шара қолданылуын сұрады.