"Алмас қылыш" көркем фильмі жарық көрді

"Алмас қылыш" көркем фильмі жарық көрді

"Алмас қылыш" көркем фильмі жарық көрді
ашық дереккөзі
Қазақ хандығының құрылу тарихын баяндайтын "Алмас қылыш" көркем фильмі жарыққа шықты. "Қазақ елі" телесериалының кино нұсқасының алдын-ала көрсетілімін тамашалаған БАҚ өкілдері  мен тарихшылар жоғары бағасын беріп жатыр.

Тарихи кинотуынды Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының желісімен түсірілген. Шығарманы өңдеп, киноға ықшамдаған жазушы  -  Смағұл Елубай. Ал, жобаның авторы - Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл «Қазақфильм»  киностудиясы ұжымының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жасаған үлкен тартуы.

ХҮ ғасырда Әбілқайыр хандығынан іргесін бөліп, өз алдына жеке мемлекеттің туын тіккен Алаш жұртының алғаусыз арманы, Керей мен Жәнібек хандардың ерлік жолы дәріптелетін туынды 5 ай бойы 500-ден астам адамның қатысуымен түсірілген. Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" романы желісімен түсірілген фильмнің  мазмұндық мәні зор дейді тарихшылар. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков: "Бұл кинода аса бағалы нәрсенің бірі Құранның көрсетілуі. Құранны орны. Қазақ хандығы тарихында ислам діні ресми идеология болып қалыптасқаны рас" деді. Режиссердің айтуынша, түсірілім екі нұсқаға қатар жүргізілгендіктен аздаған қиындықтар туған. Одан бөлек бір жылдан бері елге мәлім туындының қаржы мәселесі жан-жақты көмектердің арқасында шешіліп, қазір жобаға қатысты жұмыстардың барлығы аяқталған. Рүстем Әбдірашев енді осы еңбекті елге таныту, жұртқа насихаттау керек дейді. Кино Алматы және Алматы облысы аумағында түсірілген. Көріністер үшін 30 нысан пайдаланып, фильм композиторы 25 жаңа музыкалық туындымен әрлеген. "Алмас қылыш" 5 қаңтардан бастап, еліміздің кинотеатрларынан көрсетіле бастайды.