«Сұхбат бергенім үшін қысым көрдім»: ауруханадағы жағдайды айтқан тұрғын жансақтау бөліміне түсті

«Сұхбат бергенім үшін қысым көрдім»: ауруханадағы жағдайды айтқан тұрғын жансақтау бөліміне түсті

«Сұхбат бергенім үшін қысым көрдім»: ауруханадағы жағдайды айтқан тұрғын жансақтау бөліміне түсті
ашық дереккөзі
Сұхбат бергенім үшін қысым көрдім деген Нарынқол тұрғыны жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап. Осыдан 10 күн бұрын ол телеарнаға сұхбат беріп, ауылдағы ауруханаға білікті мамандар қажет, сауатсыздар керек емес деп ойын ашық айтқан еді.
«Әйтеуір, диагноз қояды, диагноздың көбін ұялы телефонға қарап қояды. Өздері ауруды таба алмайды ғой. Оқымаған, түк білмейтіндер керегі жоқ. Оқыған, білімі жететіндер келу керек», – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Әлібек Дәлденбаев.
Даудың басы осы сұхбаттан басталған еді. Көп ұзамай, әлеуметтік желіде Әлібек Дәлденбаевтың кешірім сұраған видеосы тарап, желіде қызу талқыға түсті. «Қорқытып кешірім сұратқан», «Ойын айтқаны үшін кінәлі ме?» «Жергілікті әкімдік қысым көрсеткен» деген пікірлер жазылды.
«Әкімшіліктен звондап, көпбалалы отбасы  болғандықтан кітап па, дәптер ме береді деп ойлап, аңқылдап жүгіріп барған. «Содан бардым дейді, адамдар машинадан түсіп, қасымда  тұрды. Енді амалсыз шындықты айттым.  Амангелді деген кісі әкім. 15 тәулікке қамау керек депті». Маған айтпаған, өзі барып,  кінәлі бола салайын, Алла көріп тұр деп», – деді Ә.Дәлденбаевтың жұбайы Балқия Әбдірахманова.
Алпыс жастағы ауыл тұрғыны маған қысым жасағандықтан кешірім сұрап, видеоға түстім дейді. Ал Нарынқол ауылының әкімдігі ешкімді қорқытпағанын алға тартты. Екі тарапты да тыңдап, бір мәмілеге келетіндерін жеткізді.
«Кірді, отырдық, әңгімелестік. Жаман әңгіме болған жоқ. Мен басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, осы кісілерге барамыз деп айттым», – деді Нарынқол ауылдық округінің әкімі Амангелді Шенебеков.
«Ауыл әкімінің кей сөзімен келіспеймін» деген қарияның әкімдік алдында қан қысымы көтеріліп, сол жерден жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кетті.
«Ұялы телефонға қарап диагноз қоймаймыз.  Ауданның әкімі бар, ауданның бас дәрігері бар, келіңіз, кім сізге телефонмен диагноз қояды? МКБ-10 деген аурудың коды бар, ұялы телефонға қараймыз.  57 дәрігер бар, соның бәрі топас емес, білікті дәрігерді алып келіңіз», – деді Райымбек аудандық ауруханасының бас дәрігері Жантас Әкімбаев.
Райымбек аудандық ауруханасының бас дәрігері қоластындағы әрбір қызметкер үшін сенімді екенін айтты. Ауылда маман тапшы екенін растай отырып, 17 дәрігерді жұмысқа шақырғанын жеткізді. Жақындарының айтуынша, әкімдік алдында хәлі нашарлап, аурухананың жансақтау бөліміне түскен Әлібек Дәлденбаевтың жағдайы қазір бірқалыпты. Ал жергілікті әкімдік бұл мәселені көп ұзамай шешіп береміз деп уәде етті. Алайда кешірім сұраған видеоны кім түсіргені белгісіз болып отыр.