Жаңалықтар

Саналы ұрпақ – ұлт болашағы

ашық дереккөзі

Саналы ұрпақ – ұлт болашағы

 Елордада «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты республикалық Тамыз конференциясы өтті. Іс-шараны «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырды. Жиынның мақсаты – қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, олардың белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі, т.б. өзекті мәселелерді талқылап, мемлекеттік бастамаларды қолдау және жүзеге асыру. Конференцияда Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Керімқұлқызы, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов сөз алып, ата-ананың қоғамдағы, бала тәрбиесіндегі рөліне кеңінен тоқталды. «Халықаралық тәжірибе ата-аналардың ұрпақ, бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше екенін көрсетіп отыр. Әрине, тәрбие дегенде мектеп қана ойымызға түседі. Балалардың тәрбие жұмысы ақсап жатса, бірінші мектепті, баланы кінәлаймыз. Ата-ананың рөлі қайда? Менің ойымша, бәріміз бірігіп жұмыс істесек қана саналы ұрпақты қалыптастырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге өте маңызды міндеттер жүктеді. Соның бірі – құндылықтар мәселесі. Президент айтқан құндылықтарды барлық бағдарламаға енгізіп, дамытып жатырмыз.  Президент айтқан ең басты құндылықтар: бірінші – терең білім. Екінші – отансүйгіштік. Үшінші – еңбекқорлық. Осы құндылықтарды сынып сағатын немесе ата-аналар жиналысын өткізіп қана емес, бағдарламаға енгізу арқылы жүзеге асырамыз», – деді министр. «Біздің мақсат – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Жаңа Қазақстанға саналы ата-аналар тіреу болсын деген тілегіміз бар. Бәріміз ата-ана ретінде жауапкершілікті сезіне білуіміз керек. Ата-ана болу үшін ешкім университетке бармайды. «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген Абай атамыз. Қазір қоғамда әртүрлі жағдай болып жатыр. Сондықтан саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселеге айналып отыр», – дейді Нұркен Асанов.