Жаңалықтар

Атырауда халықаралық шахмат фестивалі басталды

ашық дереккөзі

Атырауда халықаралық шахмат фестивалі басталды

Атырауда халықаралық шахмат фестивалінің ресми ашылу салтанаты өтті деп хабарлады turkystan.kz. Жарысқа 300-ге жуық шахмат әуесқойлары қатысады. Оның ішінде Қазақстанмен қоса, АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің ойыншылары бар. Фестиваль алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат академиясына құттықтау хатын жолдап, жылы лебізін білдірді. Бұл туралы халықаралық гроссмейстер, 2019 жылы әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Азия чемпионатында жеңімпазы Динара Сәдуақасова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. «Достар, күні кеше біздің команда Атырауда 16-24 тамыз аралығында өтіп жатқан «Аtyrau Chess Festival 2022» ұйымдастыруына байланысты Мемлекет басшысының құттықтау хатын алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хатында турнир ұйымдастырушылары мен қатысушыларын құттықтады. Бұл мен үшін шынымен үлкен мәртебе! Біздің шара - Қазақстанның осы өңірінде өткізіліп жатқан бірінші халықаралық шахмат турнирі. Фестиваль ұйымдастырушысы ретінде еліміздің Президентіне сенім артқаны үшін ерекше алғыс білдіремін», - деп жазды шахматтан бірнеше дүркін чемпион. Еске сала кетсек, фестиваль бағдарламасына үш негізгі турнир кіреді. Олардың әрқайсысының нәтижелері швейцариялық жүйе бойынша бағаланады. «Фестивальдің басты мақсаты – Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, жас таланттарды іздеу және қолдау», - деді ұйымдастырушылар. Жарыстың жүлде қоры 13 миллион теңгеден асады.  Сонымен қатар Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) бакалавриат пен магистратурада оқуға грант бөледі.