Жаңалықтар

Танымал заңгер Тасмағамбетов пен Есімовтің Алматы жерлерін кімдерге таратқанын айтты

ашық дереккөзі

Танымал заңгер Тасмағамбетов пен Есімовтің Алматы жерлерін кімдерге таратқанын айтты

«Жер аманаты» республикалық комиссиясының негізгі мақсаттарының бірі – Алматыда сақталып қалған соңғы алма бағын аман алып қалу және экс-әкімдер Храпунов, Тасмағамбетов және Есімовтің кезінде заңсыз үлестірілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Белгілі заңгер, аталған комиссияның мүшесі Бақытжан Базарбек осылай деді деп жазды turkystan.kz qonaev.info-ға сілтеме жасап. «Олар зәулім үйлер, коттедждер салу үшін алма бағының жерлерін беріп жіберген. Салдарынан қаншама алма ағашы шабылды. Біз алма бақтарынан осылайша айрылып қалдық» деп жазды заңгер өзінің Facebook-тегі парақшасында. Қазір Алматыдағы Жамақаев көшесінің жоғарғы бөлігінде орналасқан алма бағы қалада сақталып қалған соңғы бақ екен. «Жақын күндері біз Виктор Храпуновтың «Элит Алатау 007» ЖШС-не, Иманғали Тасмағамбетовтің «Asia Construction» ЖШС және «Ermensay» ЖШС-не берген алма бақтары қаншалықты заңды берілгенін анықтайтын боламыз. Жауапкершіліктен ешкім қашып құтыла алмайды», - дейді заңгер. Экс-әкімдердің шешімдері «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы аясында тексерілетін болады.