4 мың бала Елбасы сыйлығын алды

Оңтүстік Қазақстан облысында «ЭКСПО-ның жаңажылдық алауы» атты Қазақстан Республикасы Президентінің жаңажылдық шыршасы болып өтті.

Мерекелік шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев балаларды мерекемен құттықтап, Елбасының атынан 200 балаға планшет пен сыртқы киім табыс етті. Елбасының балаларға арнаған жаңажылдық сыйлығын облыстың барлық аудан, қалаларындағы жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасы балалары арасынан оқуда жетістіктерге жеткен 4 мыңға жуық белсенді жасөспірім алып отыр.

– Жаңа жыл – бұл бәріміз үшін ерекше мереке. Мұндай ұмытылмас сәттерде біз өткен жылға алғыс айтып, болашаққа жақсы жоспарлар құрамыз. Қиялға ерік береміз. Енді сендер бір жасқа есейдіңдер. Білімдерің тереңдеді. Үлкен өмірге қанат қағып келесіңдер. Жаңа жылда ең қымбат тілектеріңді тілейсіңдер! Жақсылыққа сеніңдер. Адамдар шын тілеп, сол үшін талмай ізденсе, білім алса арманы орындалады. Сендер де алға қойған мақсаттарыңа жету үшін талпыныңдар, – деді облыс әкімі балаларды құттықтау сөзінде. Одан соң балалар телеэкран арқылы Мемлекет басшысының арнайы құттықтауын тыңдады.

Back to top button