Жұма, 30 Қыркүйек, 2022

Тамыз айындағы ҰБТ аяқталды

Тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 19 мыңға жуық талапкер қатысты деп хабарлады  turkystan.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

19 мыңға жуық түлектің 69%-ы қазақ тілінде, 31%-ға жуығы орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Айта кетсек, тамыздағы ҰБТ сертификатымен талапкерлер жоғары оқу орындарына ақылы негізде ғана түсе алады.

Тестілеу қорытындысы бойынша, 10 мың талапкер шекті балл жинай алды. Бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 54%-ын құрайды. ҰБТ орташа балы 58 балды құрады. Ең жоғары балл – 128.

ҰБТ өткізу барысында 118 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 39 азамат смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Қалған 79 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзып, аудиториядан шығарылған. Олардың да тест нәтижесі жойылды.

«Талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып тұр. Барлық қатысушылардың 21%-ы «математика-физика» комбинациясын, 20%-ы «химия-биология» комбинациясын таңдаған. «Химия-физика» пәндер комбинациясын тек 39 талапкер тапсырды», – деді ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Еске салсақ, тестілеу қорытындысымен келіспеген талапкер апелляцияға электронды түрде өтініш бере алады. Тамызда ҰБТ тапсырғандардан апелляцияға 2 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың ішінде 2 тест тапсырмасы қанағаттандырылды. Республикалық апелляциялық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.

Тамыз айындағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Сонымен қатар ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button