Қазақстандық барбер кез келген елде жұмыс істей алады
Қазақстандық барбер кез келген елде жұмыс істей алады
Бүгінде барбершоп трендтегі ерлер бизнесіне айналды. Кәсіптің көзін тапсаң, мол табысқа кенелуге болады. Әрине, ол үшін барбершопта шаш қиюды шебер меңгерген мамандардың жұмыс істегені маңызды. Аталған кәсіптің қыр-сырын білу үшін turkystan.kz тілшісі елордадағы барбершоптардың біріне арнайы барды.
Асхат Қабдулов екі жылдан бері дайын бизнесті алып, жұмыс істеп жатыр. Қарамағында төрт шаш қию шебері бар. Оның бірі жастарға осы кәсіп туралы курс өткізумен айналысса, үшеуі клиенттерге қызмет көрсетеді. «Бұл – жақсы табыс табуға болатын әрі шығыны аз кәсіп» дейді бизнесті басқару мамандығын меңгерген кейіпкеріміз.
Барбершоп – тұрақты табыс көзі бар әрі шығыны аз бизнес. Жалға алу ақысын төлесең болды. Қажетті заттарға айтарлықтай шығын кетпейді. Әрине, елорданың сол жағалауында жалға алу құны арзан емес. Ол бағаға да әсер етеді. Бірақ, біздікі – үнемі сұраныстағы кәсіп. Жұмыс тоқтап қалмайды, адам күнде келеді. Шаш қиюмен қоса, мұрт, сақал алу қызметтері де бар. Мысалы, әйелдер әр жерден жарнама көріп, ай сайын салон ауыстыруы мүмкін. Ал ер адамдар ондай емес. Оларға жасаған шаш үлгіңіз ұнаса, өмір бойы клиентіңіз болуы мүмкін», – дейді Асхат Қабдулов.
Осы барбершопта қызмет ететін Арай Төлеген шаш қиюды 6 жасында апасынан үйренген. Кішкентайынан туған-туыстарына түрлі шаш үлгісін жасаған ол бүгінде тәжірибелі маманға айналды. Еліміздің әр қаласына барып, «үйренемін» деген жастарды осы іске баулып жүр. «Қызығушылық болса, кез келген адамды үйретуге болады» дейді шаш қию шебері.
«Мұнда адал еңбегіңмен табыс табасың. Түрлі адам келеді, сөйлесіп, араласасың. Негізі, шаш қиярда адамның басына, шашының типіне қараймын. Маман болған соң, кімге қандай шаш үлгісі жарасатынын біліп тұрасың. Әрине, клиентті де тыңдаймын. Ең бастысы, жұмысың оның көңілінен шығуы керек. Елордада классикалық шаш үлгісіне сұраныс жоғары. Мемлекеттік қызметкерлер көбіне осы шаш үлгісін таңдайды», – дейді ол.
Осы салада 6 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кейіпкеріміз – бала кездегі арманына жеткен бақытты жан. Ол кішкентай кезінде «Барбершоп» деген фильм көріп, шаш қию маманы болуды армандаған екен. Америка барберларының қалай шаш алатыны оған қызық болған.