«Бізге қалада отырып, ауылдағы мұғалімдерді сынаған оңай» – кәсіпкер
«Бізге қалада отырып, ауылдағы мұғалімдерді сынаған оңай» – кәсіпкер
Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Ата-ана үшін баласының киім-кешегінен бөлек білім алуы, сабақты жақсы оқуы да маңызды. 2020 жылы пандемиямен бірге онлайн білім беру жүйесі келді. Бірнеше ірі платформалар әр өңірде онлайн білім алуға мүмкіндік жасады. Солардың бірі – Sabaq Online.
Аталған компанияның негізін қалаушы әрі директоры Бөгенбай Серікбаймен сұхбаттасып, еліміздегі білім сапасы туралы әңгіме өрбіттік.
«Білім алуға деген ниеті бар оқушылардың саны – 5-7%»
- Елімізде жалпы білім алуға деген ниеті бар, оқығысы келетін оқушылардың саны – 5-7 %.
Қалған 95% оқушының оқығысы келмейді. Ашығын айтайық, олар үшін сылтау бірінші орында - «әлі уақыт бар», «үлгеремін» деп жүре береді. Ауылға барсаңыздар, көресіздер. Ал қаладағы оқушылар мүлде оқымайды. Олар шектік бағаны алсам болды, ата-анам оқытады деп есептейді. Бұл - мойындасақ та, мойындамасақ та ашық айтылуы керек шындық.
Балаға бүкіл жауапкершілікті жүктеп қоямыз. Иә, шетелдік тәжірибе деп жатамыз, бірақ бізге әлі ерте. Оқушылардың көбінде ішкі комплекстері бар. Олар үшін түрі, жақсы оқуы-оқымауы да проблема. Сол нәрсемен күресіп жүрген оқушыға келіп көмектесудің орнына бәрін өзіне итереміз. Мысалы, басқа бір баланың жетістігін айтып, бизнестегі дем беру әдісін пайдаланамыз. Егер дәл осы тәсілмен кетсек, баланы өлтіріп аламыз.
Әр баланың жеке тұлға екенін сезініп, олармен жеке-жеке жұмыс істеу керек екенін түсінетін уақыт келді.
- Онлайн білім беретін платформалардағы курстардың бағасы ата-ана үшін тиімді ме?
- Әрине. Негізі, онлайн платформалардың басты мақсаты да сол. 5-6 есеге дейін төмен әрі тиімді баға ұсынамыз. Тіпті бөліп төлеу де қарастырылған. Ата-ана үшін, бұл - өте жақсы мүмкіндік.
Біз кейде жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, олардың балаларына тегін курстар ұсынамыз. Арнайы біріккен түрде жұмыс істейтін жобаларымыз да бар.
Қазіргі оқушылардың бойында ойын ашық айтатын қасиеттері бар. Не ойлайды, соны айтады. Сыни ойланулары жақсы дамыған. Табыс табуға деген ниеттері бірден көрінеді. Дегенмен біздегі білім саласына әлі көп жұмыс істеу керек. Әлемдік тәжірибемен ілесе отырып, дамудың ең тиімді жолын таңдаған дұрыс.
Сұхбаттасқан - Марғұлан АҚАН.