Дүйсенбі, 3 Қазан, 2022

Ғали Ормановтың 1939 жылғы күнделігі латын қарпінен кирилл қарпіне көшірілді

Ақын, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың 1939 жылғы латын қарпімен жазылған күнделігі кирилл қарпіне көшірілді. Бұған дейін еш жерде жарық көрмеген құнды мұрада жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтер жазылған. 

1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевқа әдеби хатшылық қызмет атқарған Ғали Орманов ұлы тұлғаның әрбір кездесуі мен сапары, шығармашылығы жайлы деректерді күн сайын хатқа түсіріп отырған. Жыр алыбының ел мен жерге деген аса жоғары сүйіспеншілігі мен үнемі халыққа қол ұшын созып, әрбір сәтте жанынан табылуға асығатын ұлтжанды қасиетін де осы күнделік арқылы терең тануға болады.
Ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлының сөзінше күнделік 1939 жылы жазылған.

Ғали Ормановтың 1939 жылғы күнделігі латын қарпінен кирилл қарпіне көшірілді

Ғали Ормановтың 1939 жылғы күнделігі латын қарпінен кирилл қарпіне көшірілді

«Күнделікті латын әліпбиінен кирилл қарпіне көшірген Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылми қызметкері Әділәлі Жабықбайұлына алғыс айтамын. Сол күйі сақталып, жазуы өзгермеген. Бүгінде сол күнделік жазылған әліпбиді білетін адамдар аз екен. Күнделіктен кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Күнделіктің мазмұны бойынша Жамбыл Жабаевқа кімдер келген, қандай мәселелер талқыланған деген мәлімет көрсетілген. Күнделік еш жерде жарық көрмеген. Сондықтан Жамбыл атамыздың шығармашылығын зерттеуге септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді Айдар Қырықбайұлы.

Айта кетейік, Жамбыл Жабаев жайлы деректерді жанында жүріп хатқан түсірген Ғали Орманов Жетісу өлкесінде, қазіргі Алматы облысының Қапал ауданына қарасты Ешкіөлмес тауының бауырында дүниеге келген. Ол қазақ әдебиетіне 20-жылдардың соңғы ширегінде келген орыстың, шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласына да үлес қосқан. Көптеген өлеңдер жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктің авторы.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button