Туған күн: әкеге арналған тілектер

Туған күн: әкеге арналған тілектер

Туған күн: әкеге арналған тілектер
ашық дереккөзі
Оқырман қауымның назарына turkystan.kz тілшісі әкеге арналған ақ тілектер легін ұсынады.  Әке туған күніңіз құтты болсын! Ешқашан көңіліңізге дақ түспесін. Әрдайым балаларыңыздың қуанышына бөленіп, ортамызда аман-есен жүре беріңіз. *** Әке, туған күніңізбен! Сізге мықты денсаулық, ашық аспан, мол бақыт және толағай табыс тілейміз. Бақыт, байлық басыңызға келіп қонсын. Өміріңіз гүлдей жайнай берсін. Құдайым қайғы-мұңды жолатпасын. *** Ардақты әке, ғұмырыңыздың әрбір сәті қуанышқа толы болғай. Көзіңіздің нұры – балаларыңыздың, немерелеріңіздің қызығына бөленіп, шад-шадыман ғұмыр кешіңіз. Жұлдызыңыз биік, бақытыңыз баянды болсын. Туған-туыс пен дос-жаранның арасындағы беделіңіз асқақтай берсін. *** Бәріміздің ақылшымыз, жол көрсетер темірқазығымыз, асқар таудай тірегіміз, ардақты жанашыр әкемізді туған күнімен құттықтаймыз. Өміріңіз мәнді, мағыналы болсын, жақсылыққа жайылған ақ дастарқанымыздан береке кетпесін. Сізге айтар тілегіміз бен алғысымыз шексіз. Алла көрер қызығыңыз бен ырысыңызды арттырсын. *** Жан әке, біздің сізге айтар алғысымыз шексіз. Қайғысы мен қуанышын қатар тосқан өмірде, баба тарихымызды жадымызда жаттатқызып, ата-салтын тұрмысымызда сақтатқызып, ананың тілінен бал татқызып, осындай жарқын өмірге жетеледіңіз. Өлместің емес – өшпестің, құлқынның емес – құндылықтың күйін күйттеуге үйреттіңіз. Біз сіздің деніңіздің саулығын, отбасы бақытының жалғасуын, ұрпағыңыздың үбірлі-шүбірлі болуын тілейміз. Алла имандарыңызды берік етіп, лайым ұзақ ғұмыр жасауға жазсын! *** Адамгершілігімен, азаматтық іс-әрекетімен айналасына қадірлі болған, кісілік пен кішілік нұры тұла бойынан төгіліп тұрған сіздей ардақты әкемізді әрдайым мақтаныш етеміз! Жасыңыз жақсылығымен келсін. Өмір жолында адаспау үшін білімді болуға, еңбексүйгіштікке үйреткен, жамандықтан сақтандырып, пана болған өзіңіз! «Балам, «көргенсіздің баласы» деген жаман атаққа қалма. Адал жүріп, адал тұр! Қолыңнан келсе жақсы іс жасап, алғыс ал» деген өсиетті құлағыма құйып тәрбиелеген де өзіңіз едіңіз. Тәрбиеңіздің шарапатын көп жерде көрдім, өмірден өз орнымды адаспай табуыма көмегі тиді. Сол үшін сізге мәңгі қарыздармын. *** Менің әкемнің әрбір айтқан кеңесі тура және дәл болатын, керегімізге жарайтын. Сенен ерлік пен батылдықтың өнегесін алдық. Бұл дүниеде өзің секілді ақылшымыздың барына мың шүкір. Әрдайым менің жетістігіме шынайы қуанасың, ал мен сенің көңіліңе қаяу түсірмеуге тырысып келемін. Жүз жаса, ауырма! Туған күнің құтты болсын, әкешім! *** Әкешім, бала кезде де, осы жаста да өзгеден кем етпей бәрін бердің: махаббатты да, жылулықты да аямадың. Бүгін осы жасқа келіп, есейсек те, өзіңнің сол баяғы кішкене балапандарың болып қала бермекпіз. Сенің орның біз үшін бөлек. Үмітіңді ақтау – өмірлік мақсатымыз. Сен аман бол, жасыңа жас қос! Қартайма, жасыма! Біз, балаларың, әрқашан қасыңдамыз!