Мажарстанда Ахмет Байтұрсынұлы ұлықталды

Мажарстанда Ахмет Байтұрсынұлы ұлықталды

Мажарстанда Ахмет Байтұрсынұлы ұлықталды
ашық дереккөзі
Мажарстан астанасы Будапешт қаласында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп шығарған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағы мен Арминий Вамберидің «Путешествие по Средней Азии» атты кітабының таныстыру рәсімі өтті деп хабарлады turkystan.kz. Қазақтың дара ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым әрі түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл және көрнекті мажар түркологі Арминий Вамберидің туғанына 190 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараны Түркі академиясы Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігімен бірлесіп өткізген. Мажар ғылым академиясының ғимаратында өткен алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының делегациясы, ТҮРКСОЙ-дың бұрынғы Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Янош Ховари, Мажарстан Ғылым академиясының мүшесі Иштван Вашари, белгілі қырғыз түрколог Кадырали Конкобаев, Тарих институтының директоры Антал Молнар, Гуманитарлық зерттеулер орталығының бас директоры Балог Балаш, Сегед университетінің профессоры Мария Иванич, Айша Мандоки, сондай-ақ белгілі түрколог-ғалымдар мен дипломатиялық миссия өкілдері де қатысты. р Қазақ, ағылшын тілінде жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағына Ахаң туралы замандастарының және белгілі ғалымдардың мақалалары топтастырылса, «Түркістан» сериясы аясында жарық көрген «Путешествие по Средней Азии» еңбегінде әйгілі саяхатшы Арминий Вамбери Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениеті, этнографиясы мен географиясы туралы деректер қамтылған. Бұл кітап алғаш 1865 жылы Санкт-Петербургте орыс тілінде жарық көріп, кейін Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның бастамасымен әзірленген «Түркістан жинағының» 12-томына енген еді. Ал Түркі академиясы аталмыш еңбекті түпнұсқасына сәйкес қайта жариялады. Сондай-ақ мажар оқырмандарының назарына Түркі академиясы шығарған еңбектер, атап айтқанда ғұн әміршісі Аттила туралы ағылшын тілінде жазылған «The Lord of Europe Attila» (Еуропа әміршісі Атилла) атты кітаптың, Мандоки Қоңыр Иштванның «Үзілмес тамырлар», қазақ-мажар тілінде құрастырылған «Жамбыл жырлары – Dzsambul muvei», Тоныкөк ескерткішінің 1 300 жылдығына орай жарық көрген «Bilge Tonyquq» жинақтары да ұсынылды. Айта кетсек, салтанатты жиын аясында тамырлас елдердің ынтымақтастығын арттыруға қосқан үлесі мен ғылымның дамуына сіңірген еңбегі үшін мажар ғалымдары, яғни Янош Ховари, Иштван Вашари, Мария Иванич Халықаралық Түркі академиясының Алтын медалімен марапатталды. Түркі академиясы әзірлеген құнды кітаптар Мажар ғылым академиясының кітапхана қорына тарту етілді. а