«Ұзынағашта қазаққа жат ескерткіш тұр» – публицист (ВИДЕО)

«Ұзынағашта қазаққа жат ескерткіш тұр» – публицист (ВИДЕО)

«Ұзынағашта қазаққа жат ескерткіш тұр» – публицист (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Ұзынағашта Ресей басқыншылығына арналған ескерткіш тұр. Ел арасында баспагер ретінде танымал Бақытжан Бұқарбай осылай деп дабыл қақты. Ол белгі қойылған жерге арнайы барып, видео-үндеу жариялады деп жазды turkystan.kz. Оның айтуынша, бұл жерге жету оңай емес.
«Өткенде әдейі сол жерге соғып, осы видеоны түсірдім. Осындай үлгідегі стелаларды Ресей империясы жергілікті халықтың қанын төгіп, басып алған жерлерде орнататын болған. Төбесінде империяның бүркіті тұр: бір қонған жерден ұшпаймын, бір орныққан мекеннен кетпеймін дегенді меңзейді» деп жазды видео авторы Facebook-тегі парақшасында.
Ол мұның қашан қойылғанын білмейді, бірақ айналасы біраз уақыттан бері күтім көрмегені байқалатынын айтқан.
«...шөп басып, плиткалары қирай бастаған. Соған қарамастан жақында бір тақта орнатыпты. Сонда орыстың өзіне керек болмай қалған дүниені қазақтың қастерлеп сақтап жүргенін қалай түсінуге болады? Аудан басшылығы мен Президент әкімшілігі қайда қарап жүр? Қазаққа жат ескерткішті алып тастау дұрыс шешім болар еді. Ал ең сұмдық идеологиясының көрінісі төмендегі видеода», - деді Бақытжан Бұқарбай тағы бір сорақы жайттың барын меңзеп.
Бейнежазбада ол «Осындай типтегі стелаларды орыс империясы басып алған жеріне қоятын болған. Мұндағы жазуы бар тақтайшалар жақында қойылғаны көрініп тұр. Тақтайшаны орнатқандар импершіл көзқарастағы адамдар деуге болады. Өйткені жазулар 1917 жылға дейін қолданылған орыс әліпбиімен жазылған. Қазіргі әліпбимен жазса бір сәрі. Демек, бұлардың пиғылы дұрыс емес», - дегенді айтты. Ескерткіште бірнеше тақтайша ілінген. Ол ондағы мәтіндерді оқып берді.
Тақтайшалардың әрқайсысында «1860 жылы болған Ұзынағаш шайқасында жеңіске жеткеніміздің құрметі үшін орнаттық», «Во славу русского оружие», «В честь освобождение казахских земель от благодарного народа» деп жазылған.
Бір қызығы, ескерткіштің төрт бұрышында да зеңбіректің кескіні орналастырылған. Баспагер бұл ескерткіштегі жазулар қазіргі қазақ идеологиясына мүлде жат екенін айтты.
«Бұл не масқара? Өздері келіп жерімізді басып алып, «Біз қазақ жерін босаттық» деп, осындай ескі, сасық пиғылын көрсететін дүниені орнатып қойыпты. Бұл қазіргі қазақтың, Жаңа Қазақстанның идеологиясына жат нәрсе. Бұл тақтайшаларды алып тастау керек. Біздің үндеу осы», - деді ол.
Айта кетейік, кейбір ашық дереккөздерде бұл ескерткіштің 1885 жылы тұрғызылғаны айтылған. Дәлірек айтқанда, белгі 1860 жылы қазақтар мен казак гарнизонының бірігіп, Қоқан хандығының шабуылына тойтарыс бергеніне байланысты салынған көрінеді.