Атырауда бірінші сынып оқушысына үлкен форма берген

Атырауда бірінші сынып оқушысына үлкен форма берген

Атырауда бірінші сынып оқушысына үлкен форма берген
ашық дереккөзі
Атырауда көпбалалы отбасынан шыққан балаға үлкен мектеп формасын берген. Киімнің кеңдігі сонша, оны қысқартып тігіп беру үшін тігінші 30 мың теңге сұраған. Бұл туралы turkystan.kz «Ақ Жайық» сайтына сілтеме жасап жазды. Оқу жылының басталуына небәрі жарты ай қалғанда көпбалалы аналар балаларын мектепке қалай дайындаймын деп мазасы кетіп жүр. Венера Нұрмолдиданың алты баласының екеуі мектепке барады. Оқушылардың керек-жарағын жинап беру оңай емес. Себебі, былтырғы жылмен салыстырғанда киім де, аяқ киім де бірнеше есе қымбаттап кеткен. Сондықтан ол Үкіметтің көмегін алу үшін қажетті құжат жинаған.
«Маған былтырдан қалған киім бар деді. Мен ең болмаса тігіншіге апарып, қысқартамын деген оймен алдым. Тігінші киімді қайта тігіп беруге 30 мың теңге сұрады. Бірінші сынып оқушысына 10-сыныптың баласы киетін киім бергені масқара ғой», - деді Венера Нұрмолдина.
Ол шағымын айтып әкімдікке барған. Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова мәселе оқу жылы басталғанға дейін шешіледі деп уәде берген.
«Бұл киімді байқауды ұтып алған мердігер мекеме қызметкерлері берген. Қазір жағдайды анықтап жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай мәселе туындамайды. Формасын ауыстырып береміз», - деді Айнагүл Дүйсекенова.
Оның айтуынша, бұрын аз қамтылған отбасылардың балаларына дайын мектеп формасы таратылған. Заңдағы соңғы өзгеріске сәйкес көмек енді ақшалай берілмек. Үкімет ақшалай көмектің мөлшерін бір балаға 37 мың теңгеден бекітті. Биыл көмекті облыстағы 9 645 оқушы алады. Ата-ана алған киімнің құжатын, яғни чекті білім беру ұйымдарына тапсыруға міндетті. Облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты былайша түсініктеме берді.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында №21 орта мектептің екі оқушысының анасы Венера Нұрмолдина «Мектепке жол» акциясы аясында екі ұлына мектеп формасын бөлуге өтініш берді. Осы мектептің әлеуметтік педагогы тиісті өлшемдегі киім үлгісінің болмауына байланысты материалдық көмекті күте тұруды сұрады. Алайда, Венера Нұрмолдина мектеп формасының өлшемі дәл келмесе де алып кете аламыз деп қолхат жазып берген», - делінген хабарламада.