Елордада аз қамтылған отбасылардың балаларына қандай көмек беріледі?

Елордада аз қамтылған отбасылардың балаларына қандай көмек беріледі?

Елордада аз қамтылған отбасылардың балаларына қандай көмек беріледі?
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 16 700-ден астам балаға материалдық көмек берілетінін мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.
«Жалпыға міндетті білім беру аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету үшін 670 млн теңге бөлеміз. Бағдарлама бойынша мектепке қажет киім, аяқкиім, кеңсе тауарларын сатып алу мәселесі қарастырылып отыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 16 700-ден астам балаға осындай материалдық көмек беріледі. Өткен жылдармен салыстырар болсақ, материалдық көмек көрсетілген балалар саны артты. Мәселен, 2020 жылы – 13 245 бала, ал 2021 жылы – 14 620 оқушы», - деді Алтай Көлгінов.
Әкімнің айтуынша, әр балаға 40 мың теңгеден бөлінеді.
«Мысалға, отбасында 4 бала болса, 160 мың теңге беріледі. Осыған дейін әр балаға арналған материалдық көмек көлемін 40 мың теңгеге дейін арттырдық. Материалдық көмек өтініш берушінің банк картасына (немесе арнайы шотқа) аударылады. Осылайша өтініш берген ата-ана кез келген дүкенге барып, қажет киім мен оқу құралдарын сатып ала алады. Бұл ретте бөлінген қаражат баланың қажет заттарына ғана жұмсалғанын құжат арқылы (түбіртектер, төлем туралы чектер) растау қажет», - деді ол.
Материалдық көмек алу үшін балаңыз оқитын мектепке жүгінуіңіз керек. Қазіргі уақытта оқу орындарының әкімшілігі тізім жасап жатыр. Материалдық көмек мына санаттағы оқушыларға көрсетіледі: - АӘК алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар; - АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасылардан шыққан балалар (37 389); - отбасында тұратын жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; - ТЖ салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балалар; - басқа санаттар (өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар).