Жаңалықтар

«AMANAT» 400-ден астам партиялық бақылау бекетін ашады

ашық дереккөзі

«AMANAT» 400-ден астам партиялық бақылау бекетін ашады

Сайлауалды уәделердің орындалу барысын жүйелі бақылап отыру үшін «AMANAT» партиясы ел аумағында 400-ден астам партиялық бақылау бекетін ашады. Ең алдымен, проблемалық, әлеуметтік нысандар бақылауға алынады. «Тамыз айының соңына дейін еліміздің барлық өңірінде 400-ден астам бекет ашу жоспарланып отыр. Бүгінде мұндай бекеттер 114 білім беру нысанында ашылды. Оның көмегімен құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақтылы берілуін бақылауға болады. Осылайша, жергілікті жерлерде партия сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына жүйелі бақылау күшейеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде атап өткендей, ең алдымен электоралды кезеңде айтылған уәделерді орындау қажет», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Хатшысы Жігер Қалиев. Айта кету керек, әрбір нысанда техникалық паспортқа ұқсас шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері бар тақтайша орнатылады. Жұртшылықты көптеп тарту және партиялық бақылау бекеттері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның құрамына мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, блогерлер, «AMANAT» партиясы бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері кірді. Осы күні партиялықтар Алматы қаласының Наурызбай ауданында салынып жатқан 1500 орындық мектептің құрылыс барысын тексерді. Мердігер ұйым құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп сендірді. Нысанның сапалы әрі уақтылы тапсырылуы аманаттықтардың бақылауында болады.