Оралда кәсіпкерді өлтірді деген күдікті тергеу дәлелдерімен келіспеді

Оралда кәсіпкерді өлтірді деген күдікті тергеу дәлелдерімен келіспеді

Оралда кәсіпкерді өлтірді деген күдікті тергеу дәлелдерімен келіспеді
ашық дереккөзі
Мамандандырылған тергеу соты БҚО Полиция департаменті тергеушісінің 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелдіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарады, деп хабарлады turkystan.kz qamshy.kz сайтына сілтеме жасап. Сот отырысында «Рахат Лукум» караоке-ресторанының иесі Еркін Мұханғалиев өліміне қатысты ақпараттар айтылды. 6 тамызда Руслан Қожантаев пен Тұрлан Амангелді кәсіпкермен кездеседі. Кездесу кезінде Қожантаев өз пышағын алып, кәсіпкердің мойны мен кеуде тұсынан 3 рет соққы жасайды. Осы сәтте Тұрлан Амангелді де өз пышағын шығарып, ресторан қызметкерін қорқытып, оның қашуына жол бермейді.
«Мұханғалиев өз өмірін құтқарып қалу үшін ашық тұрған терезе арқылы қашуға тырысады. Бұл уақытта Қожантаев оған тағы бірнеше рет пышақ сұғып алады. Кейін Мұханғалиев орталық стадионға қарама-қарсы көлік тұрағына қашады. Күдіктілер оны қуып жетіп, Амангелді оны жерге құлатады да аяғымен тепкілейді. Содан соң Амангелді Қожантаевтың пышағын сұрап алып, кемі 6 рет пышақ сұғып алады. Ауыр жарақат алған Мұханғалиев оқиға орнында қаза табады. Қожантаев пен Амангелді оқиға орнынан қашып кетеді», – деді прокурор Тажғалиев.
Сараптама қорытындысы бойынша, Мұханғалиевтің өліміне мойын, кеуде, бел аймағының пышақ жарақаттары, сол жақ ұйқы артериясының, оң бүйректің зақымдануы және маңдай сүйектерінің сынуы себеп болған.
«Қожантаев пен Амангелдінің тұрақты табыс көзі жоқтығын, олардың аса ауыр қылмыс жасағанын, содан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғанын ескере отырып, олардың жасырынып, объективті тергеуге кедергі келтіруіне және куәгерлер мен жәбірленушілерге қысым көрсетуіне жеткілікті негіз бар. Соттан полиция бөлімі тергеушісінің өтінішін қанағаттандырып, Қожантаев пен Амангелдіні 2 айға қамауға алуды санкциялауды сұраймын», – деді прокурор.
Руслан Қожантаевтың өзі тергеу дәлелдерімен келіспейді. Ол өзінің 2 әйелі барын, екінші әйелінің босану уақыты жақын екенін айтты. Сондай-ақ өзінің балалары мен отбасы бар екенін мәлімдеді. Қожантаев соттан өзін 2 айға қамауға алмауды сұрады. Ал Тұрлан Амангелді сотта Руслан Қожантаевтың қысым көрсеткенін, сол күні Қожантаевпен бірге ресторанға баруға мәжбүр болғанын айтты. Айта кетсек, 2 күдікті де бұрын-соңды сотталмаған. Судья Руслан Қожантаев пен Тұрлан Амангелді 2 айға қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Яғни, тергеу жұмыстары толық аяқталғанға дейін айыпталушылар қамауда болады.