Данияр ШАМШАЕВ, дзюдодан Азия чемпионы: 149 секундта Азия чемпионы атанамын деп ойламадым
Данияр ШАМШАЕВ, дзюдодан Азия чемпионы: 149 секундта Азия чемпионы атанамын деп ойламадым
Токио Олимпиадасынан кейін «Кім қайдан медаль еншілейді екен?» деп жеңіске шөлдеп жүрген спортсүйер қауымның көңіліне медеу болған елеулі оқиға деп өткен аптада елордада дзюдодан ересектер арасында өткен Азия чемпионатын айтуға болады. Бас қалада бірінші рет өткізілген бұл байрақты бәсекеге Азияның 19 елінен келген 200 дзюдошы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жайылған татамиде өзара кім мықтыны анықтады. Өз алаңында өтетін Азия біріншілігіне ерекше дайындықпен келген ұлттық құрама дзюдошылары жарыс нәтижесінде 1 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлдені олжалады. Сондай-ақ олар жарыстың соңғы күні өткен командалық сайыста қола жүлдені еншіледі. Құрама қоржынына жалғыз алтын медальді салған Данияр Шамшаев Таразда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүргенде-ақ чемпион болатынын сезген. Ол кезде Азия чемпионатына қатысу-қатыспауы екіталай болса да, 21 жастағы дарынды спортшы жүрек түкпірінде «Түбі қатысасың. Чемпион боласың» деген ой маза бермей қойғанын айтады. Төрт күн бұрын 73 келідегі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атағын жеңіп алған, ендігі кезекте осы салмақ бойынша Азияда көш бастайтын Даниярға хабарласып, жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық.
– «Ересектер арасындағы Азия чемпионы» деген «су жаңа» атағың құтты болсын! Арада төрт күн өтсе де, қуанышың қойныңа сыймай, құрақ ұшып жүрген боларсың десем, олай емес секілді...
– Финалда қарсыласымды жеңген сәтте алған әсерім керемет болды. Бірақ келесі күні бар назарым алда өтетін кезекті ірі жарысқа ауып, Азия чемпионы болғанымды ұмытып та кеттім (күліп). Бастысы, бапкеріміз екеуіміз діттеген мақсат орындалды. Қазір бар назарым ауып отырған әлгі ірі жарысқа бару үшін маған осы жарыста қандай да болсын орын алуым керек болды.
– Бірақ әр кездесуіңде қарсыласыңды бір минутқа да жеткізбей сұлатып салған сен астанаға өзің айтқандай «қандай да болсын жүлдені» емес, тек алтын медаль алуды көздеп келген сияқтысың.
– Оныңыз рас (күліп). Тек алтын алуды діттедім. Қалай да қарсыластарымды ұтуым керек болды. Сайдың тасындай іріктелген, Азияның кіл мықтыларын жинаған бұл жарыс өз еліңде, өз жеріңде өтіп жатқан соң бізге артылған жүк ауыр, жүктелген жауапкершілік жоғары. Сөздің шыны керек, жарыс күндері екі иығымда екі үлкен тас тұрғандай біраз қиналдым. Оңай болмады. Күресіп жатқанда артық қимыл жасамауға, алғашқы қарсыластарымды жеңген сәтте көп күлмеуге тырыстым. Эмоцияға берілмедім. Бар ойым күресте болды. Ал чемпион атанған күні мойнымнан сол ауыр жүк түсіп, біршама жеңілдеп қалдым. Осы ретте лықа толған залдың қолдауын айта кеткен жөн. Олардың бізді қалай қолдағанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұның өзі бізге көмек болды. Татамиге шыққан сайын бізді желпіндіріп отырғанын көріп күресуге деген құлшынысымыз арта түсті. Барлығы татамиде күресіп жатқан саған тесіле қарап, жанын шүберекке түйіп, тақымын қысып «Қара да тұр, қазір жеңеді! Тынышталыңдар!» деп үміт артып отырған соң, шама-шарқымыз жеткенше қарсыласқа есе жібермеуге тырыстық.
– БАҚ беттерінен өзің туралы жаңалықтарды оқи алдың ба?
– Жоқ, әлі оқи қоймадым. Тек көзбен шолып шыққаным бар.
– Журналистер «149 секундта чемпион атанды! 21 жастағы қазақ ешбір қарсыласын минутқа шыдатпады» деп жарыса жазды.
– Иә, иә (күліп). Ол жағын естідім. Өзім көрмесем де, дос-туыстар хабарлап айтты.
– Есептеп қарасақ, расымен Азия чемпионы атануға небары 149 секунд жұмсапсың. Алғашқы екі қарсыласың үндістандық Нингтоужама Суреш Сингх пен тәжікстандық Бехрузи Хожазоданы жығуға 42 секундтай уақыт кетірсең, сосын қырғызстандық Чингисхан Сагыналиевті 31 секундта жеңдің. Ал финалда өзбекстандық Муроджон Юлдошевты 34 секундта сұлатып салдың. «Қайтсем де бір минутқа жетер-жетпес уақытта «иппонмен» жеңуім керек» деген тактика ма бұл? Әлде барлығында жолың болып, ыңғайы солай келіп қалды ма?
– Соған ыңғайластырамыз ғой (күліп). Кез келген дзюдошы татамиге шыға сала жеңгісі келеді. Өзіңіз айтқандай, ыңғайы келіп тұрса, «иппон» әдісіне салып, жығуға тырысады. Сол секілді мен де татамиге «Міндетті түрде иппонға «тастауым» керек» деген оймен шығамын. Басты мақсат сол – қарсыласты «иппонға» салып, лақтыру. Тек мен бұл жарысқа таңдаған амал-айла, әдістерімді тез орындап қойғаным ғой (күліп).
– Бірақ кейде балуандар тез ұту үшін асығыс жасап, қарсыластың уысына өзі қалай түсіп қалғанын білмей қалады.
– Дұрыс айтасыз. Ондай да жиі болады. Бірақ қасыңда білікті бапкер болса, аз уақыт ішінде жасалуға тиіс амал-айланың өзін саналы түрде жасауды үйренесің. Сондай-ақ санаулы секундтар ішінде қарсыласты жығуға үйрететін дайындық жұмыстары да ықпалын тигізеді.
– Ақтық бәсекеден соң берген сұхбатыңда «Финалда тұруға және күтуге болмады. Бірден шабуыл жасау керек» дедің.
– Иә, бірден шабуылдау керек болды. Жалпы, менің қалай күресетінімді менен жақсы жеке бапкерім ғана біледі. Залда жаттығып жүргенімде сыртымнан жіті бақылап, талдау жасайды. Сосын келіп осал тұсымды тап басып, «түзетеді». Ал мықты жағымды «қамшылап», одан сайын мықтылай түседі. Басты жоспар – бір орында тұрмай, күресу. Жеке бапкерім осы жолы да татами шетінде «Ұстап алып жықсаң, жеңіске жетесің. Бірінші баста. Бір орында тұрма» деп сыбырлап отырды. Ол кісінің айтқаны дәл келді. Барлық кездесуімде ол кісінің айтқанын бұлжытпай орындадым. Осы чемпионатқа екеуіміздің таңдаған тактикамыз жемісін берді.
– Бір ай бұрын ұлттық құрамамен жұмыс істеуге Франциядан арнайы мамандар келгенін білеміз. Олармен жаттығу жиынын өткізіп үлгердіңдер ме?
– Иә, бірінші жиын өткізді. Бірақ Азия чемпионатына қызу дайындалып жатқан соң, аз уақыт ішінде көп нәрсе үйрендік деп айта алмаймын. Француз мамандардың біздің қатарға қосылғанына бір ай уақыт болды. Дегенмен ерекше амал-айлаларды көрсеткенінен-ақ олардың білікті бапкерлер екені көрініп тұр. Олар бізбен екі жыл көлемінде жұмыс істемек. Білмегенімізді үйретіп, шеберлік сабақтарын өткізбек ойы бар. Жұмыс нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз.
– Токио Олимпиадасындағы тоқыраудан кейін бүкіл Азия көз тіккен бұл чемпионат елдегі көпшіліктің көңіліне демеу болды десем, келісерсің?
– Иә. Көпшіліктің мұндай жарысты сағынғаны байқалып тұрды. Бізде қолдау күшті болды ғой. Мемлекет тарапынан қолдау көбейгені рас. Жастар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Спортқа ақша бөлініп жатыр. Бізді барғымыз келетін жерге апарады. Айлығымызды тұрақты беріп тұрады. Құдайға шүкір, барлығы жақсы. Токио Олимпиадасына дейінгі жағдай туралы ештеңе дей алмаймын. Себебі мен Олимпиадаға жарты жыл қалғанда жастар арасында ел чемпионы атанып, ұлттық құрама қатарында қабылдандым. Құрама сапында жүргеніме биыл екінші жыл болды. Барлығы әрдайым қолдап, қолпаштап жүрді. Шыны керек, өткен аптада бізді бұлай айрықша қолдайды деп ойламадым. Елдегі спортты дамытуға жауапты азаматтардың да, залда гуілдеген халықтың да қолдауы ерекше болды. Мұндай атмосфера жалғасын тапсын деп тілеймін.
– Сені Әлем чемпионатынан басқа қандай жарыстардан көре аламыз?
– Әлем чемпионатынан кейін Баку, Абу-Даби, Токиода Grand Slam сериясы бойынша турнирлер өткізіледі. Сосын Masters бойынша беделді сайыстар ұйымдастырылады. Бірақ оған Топ-16-ға кіретін дзюдошылар ғана қатыса алады.
– Қазір сен әлемдік рейтингте...
– Қазір мен әлемдік рейтингте 86-орында тұрмын. Азия чемпионатындағы жеңісімнен кейін 40-орынға тұрақтауым керек. Ал егер әлем чемпионатында жеңіске жетсем, үздік ондыққа я бестікке кіретін боламын.
– Үздік бестікке кіруіңе тілекшіміз! Әрдайым жеңіс тұғырынан көрейік! Сәттілік!
– Азия чемпионаты біте сала мені елеп-ескеріп, іздеп, хабарласқаныңызға рахмет! Сіздің де жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ