Данияр ШАМШАЕВ, дзюдодан Азия чемпионы: 149 секундта Азия чемпионы атанамын деп ойламадым

Данияр ШАМШАЕВ, дзюдодан Азия чемпионы: 149 секундта Азия чемпионы атанамын деп ойламадым

Данияр ШАМШАЕВ, дзюдодан Азия чемпионы: 149 секундта Азия чемпионы атанамын деп ойламадым
ашық дереккөзі
Токио Олимпиадасынан кейін «Кім қай­дан медаль еншілейді екен?» деп жеңіс­ке шөлдеп жүрген спортсүйер қауымның көңі­ліне медеу болған елеулі оқиға деп өткен ап­тада елордада дзюдодан ересектер арасында өт­кен Азия чемпионатын айтуға болады. Бас қалада бірінші рет өткізілген бұл байрақты бә­секеге Азияның 19 елінен келген 200 дзю­дошы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жайылған татамиде өзара кім мықтыны анықтады. Өз алаңында өте­тін Азия біріншілігіне ерекше дайын­дықпен келген ұлттық құрама дзюдошылары жа­рыс нәтижесінде 1 алтын, 2 күміс және 5 қо­ла жүлдені олжалады. Сондай-ақ олар жарыс­тың соңғы күні өткен командалық сайыс­та қола жүлдені еншіледі. Құрама қор­жынына жалғыз алтын медальді салған Да­нияр Шамшаев Таразда оқу-жаттығу жиынын өт­кізіп жүргенде-ақ чемпион болатынын сез­ген. Ол кезде Азия чемпионатына қатысу-қа­тыспауы екіталай болса да, 21 жастағы дарын­ды спортшы жүрек түкпірінде «Түбі қаты­сасың. Чемпион боласың» деген ой маза бер­мей қойғанын айтады. Төрт күн бұрын 73 келі­дегі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы ата­ғын жеңіп алған, ендігі кезекте осы салмақ бойын­ша Азияда көш бастайтын Даниярға ха­барласып, жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгі­меге тарттық. – «Ересектер арасындағы Азия чем­пионы» деген «су жаңа» атағың құтты бол­сын! Арада төрт күн өтсе де, қуа­ны­шың қойныңа сыймай, құрақ ұшып жүр­ген боларсың десем, олай емес се­кіл­ді... – Финалда қарсыласымды жеңген сәтте ал­ған әсерім керемет болды. Бірақ келесі күні бар назарым алда өтетін кезекті ірі жарысқа ауып, Азия чемпионы болғанымды ұмытып та кеттім (күліп). Бастысы, бапкеріміз екеуіміз діттеген мақсат орындалды. Қазір бар назарым ауып отырған әлгі ірі жарысқа бару үшін ма­ған осы жарыста қандай да болсын орын алуым керек болды. – Бірақ әр кездесуіңде қарсыласыңды бір минутқа да жеткізбей сұлатып салған сен астанаға өзің айтқандай «қандай да болсын жүлдені» емес, тек алтын медаль алуды көздеп келген сияқтысың. – Оныңыз рас (күліп). Тек алтын алуды діт­тедім. Қалай да қарсыластарымды ұтуым ке­рек болды. Сайдың тасындай іріктелген, Азия­ның кіл мықтыларын жинаған бұл жарыс өз еліңде, өз жеріңде өтіп жатқан соң бізге ар­тылған жүк ауыр, жүктелген жауапкершілік жо­ғары. Сөздің шыны керек, жарыс күндері екі иығымда екі үлкен тас тұрғандай біраз қи­налдым. Оңай болмады. Күресіп жатқанда ар­тық қимыл жасамауға, алғашқы қар­сы­лас­тарымды жеңген сәтте көп күлмеуге тырыс­тым. Эмоцияға берілмедім. Бар ойым күресте болды. Ал чемпион атанған күні мойнымнан сол ауыр жүк түсіп, біршама жеңілдеп қалдым. Осы ретте лықа толған залдың қолдауын айта кеткен жөн. Олардың бізді қалай қолдағанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұның өзі біз­ге көмек болды. Татамиге шыққан сайын бізді желпіндіріп отырғанын көріп күресуге деген құлшынысымыз арта түсті. Барлығы та­тамиде күресіп жатқан саған тесіле қарап, жа­нын шүберекке түйіп, тақымын қысып «Қара да тұр, қазір жеңеді! Тынышталыңдар!» деп үміт артып отырған соң, шама-шарқымыз жет­кенше қарсыласқа есе жібермеуге тырыс­тық.  width= – Дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов осы жарыс қарсаңында берген бір сұхбатында сенің сал­мағыңда белдесетін тәжірибелі балуан, Азия чемпионатының қола жүл­дегері Жансай Смағұлов жарақатына байланысты Азия біріншілігінен қалыс қа­латынын, оның орнына жас, бірақ та­лантты саған мүмкіндік беруді жөн көр­генін айтқан еді. Сонда Жансай жара­қа­тынан айығып үлгерген жағдайда сен Азия чемпионатына қатыса алмаушы ма едің? Әлде осы салмақта сенен бөлек ел намысын қорғаған екінші балуан Ержан Серікжановтың орнына жарысқа қосар ма еді? – Жансай аға жарақат алып қалмағанда мұнда жалғыз өзі күресетін еді. Негізі, бұл жарысқа менің қатысу-қатыспауым екіталай болды. Жансай аға жарақатына байланысты жарыстарға қатыспай, оқу-жаттығу жиындарына бармай жүрген соң бас бапкер осы салмақта күресетін басқа балуандарды бақылап жүрді. Сосын ол кісі «жақсы күреседі», «орын алады-ау» деп Ержан аға екеуімізді таңдап, бізге сенім артты. Жалпы, ұзақ уақыт бойы бақылап жүрген бас бапкер біздің қалай күре­сетініміз былай тұрсын, мінез-құл­қымызды да жақсы біледі. Ол бір-екі сал­мақпен шектеліп қалмайды, барлық сал­мақта белдесетін балуанды жіті бақылап, қа­дағалап жүреді. Жарысты, жаттығуды басынан аяғына дейін отырып көреді. Ол кісіге кез келген сал­мақ бойынша сауал қойсаңыз, бүге-шүгесіне дейін айтып, қажет деректерді алдыңызға тізіп береді. – Бас бапкер «Азия чемпионатына қа­­­­тысасың» дегенді естігенде қандай күй­де болдың? – Оны естімей тұрып, Таразда тек бап­ке­рім екеуіміз жаттығып жүргенде қатыса­ты­нымды сезіп жүрдім. Жасырып не қылайын, жү­рек түкпірінде «Түбі қатысасың. Чемпион бо­ласың» деген ой маза бермей қойды. Ол кез­де ұлттық құрама Загребте өткен Гран-при тур­ниріне қатысып жатқан еді. Ал мен Бу­дапештте өткен Grand Slam турнирінен Тараз­ға оралған күннің ертесі-ақ дайындықты бас­тап кеттім. Өзім – тараздықпын. Сондық­тан жеке бапкерім Рақымжан аға екеуіміз бір­ден Таразға барып, тоқтаусыз дайын­дала­мыз деп шешім қабылдадық. Тіпті, сенбі, жек­сен­бі күні де дамыл таппай, көп жаттықтық. «Не де болса дайын жүрейінші» деп бар ойым сол чемпионатта болды. Бірақ жоғарыда ай­тып өткендей, Жансай аға құрама қатарына қо­сылмағандықтан, менде күдіктен гөрі сенім ба­сым болды. Оның үстіне, мен – ұлттық құра­мада екінші нөмірлі дзюдошымын. Ал Жансай аға – бірінші нөмірлі балуан. Былтыр Қа­зақстан чемпионатының финалында ол кісі­ден жеңіліп қалғаным бар. Сондықтан ол жоқ­та мұндай ірі жарысқа менің қатысқаным дұ­рыс секілді. Ал оған қатысатынымды ұлт­тық құраманың жаттығу жиынына келгенде, чем­пионаттың өтуіне аз уақыт қалғанда білдім. Іштей сезіп жүргендіктен бұл мен үшін күт­пеген жаңалық болмады. Содан соң бірден құра­ма балуандарымен бірге Щучинскіге ба­рып, оқу-жаттығу жиынын бастап кеттім. – «Тараздықпын» дейсің. Бірақ кей де­ректерде «Алматы қаласында туған» де­лінген. Қайсысы дұрыс сонда? – Негізі, мен Алматы қаласында туғанмын. Күре­суді де сонда бастағанмын. Бірақ күреске дейін футбол, бокс секцияларына бардым. Бі­рақ үйдегілердің айтуынша, ынтам аз бол­ғандықтан, ол секцияларға бірде барып, бірде бар­май қалсам керек. Нақтысы есімде жоқ. Кішкентай болдым. Бірақ бір күні әкемнің кү­рес алаңына ертіп келгені есімде. Бұл спорт түрі бірден ұнағаны соншалық, бүгінде бұл «қаныма сіңіп» кетті. «Қанға сіңген» соң қазір тек күресуді білемін. Одан өзге спортқа қы­зық­паймын. Күрес десе ішер асым­ды жерге қоямын. Ал Тараз­ға қалай барғанымды сұра­саңыз, кезінде жастар ара­сында көзге түскен мықты балуан Медет Есболаев – ме­нің бірінші бапкерім. Алматыда күреске сол кісінің ықпа­лы­мен ден қойып, қы­зыға бастадым. Мені баптап өсір­ген ол тіпті оқу­ға түсуіме де се­бепкер болды. Со­сын ол өзінің Таразда тұратын ал­ғашқы бапкері, қа­зіргі жеке бап­ке­рім Рақымжан аға­ның қоластына ба­рып жаттығуға кеңес бер­ді. Сол уақытта Алматыда жүргенде қаржы жетіспеушілігінен жа­рыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қаты­са алмай, біраз қиналдым. Жарыстарға қатысу үшін өз қалтамыздан 200-300 мың теңге, ал ірі жарыстарда бақ сынау үшін 400 мың теңге төлейтінмін. Бірақ жарыс сайын мұндай қо­мақты қаражат төлеуге ата-анамның жағдайы келе бермейді. Асып-тасып бара жатқан түгі­міз жоқ, ауқатты отбасы емеспіз. Сөйтіп, 2019 жы­лы Таразға қоныс аударып, Рақымжан аға­ның шәкірті атандым. Мені осындай дең­гейге жеткізген сол кісі. Оған деген құрметім ерек­ше, алғысым шексіз.  width= – БАҚ беттерінен өзің туралы жаңа­лық­тарды оқи алдың ба? – Жоқ, әлі оқи қоймадым. Тек көзбен шо­лып шыққаным бар. – Журналистер «149 секундта чемпион атанды! 21 жастағы қазақ ешбір қарсы­ла­сын минутқа шыдатпады» деп жарыса жазды. – Иә, иә (күліп). Ол жағын естідім. Өзім көрмесем де, дос-туыстар хабарлап айтты. – Есептеп қарасақ, расымен Азия чем­пио­ны атануға небары 149 секунд жұм­сап­сың. Ал­­ғашқы екі қарсыласың үндіс­тан­дық Нинг­тоужама Суреш Сингх пен тә­жікстандық Бех­рузи Хожазоданы жы­ғуға 42 секундтай уа­қыт кетірсең, со­сын қырғызстандық Чин­гисхан Сагы­на­лиевті 31 секундта жеңдің. Ал фи­налда өзбек­стандық Муроджон Юлдо­шевты 34 секундта сұлатып салдың. «Қайтсем де бір ми­нутқа жетер-жетпес уақытта «ип­пон­мен» жеңуім керек» деген тактика ма бұл? Әлде барлығында жолың болып, ыңғайы со­лай келіп қалды ма? – Соған ыңғайластырамыз ғой (кү­ліп). Кез келген дзюдошы татамиге шыға са­ла жең­гісі келеді. Өзіңіз айтқандай, ың­ғайы келіп тұрса, «иппон» әдісіне са­лып, жығуға тыры­са­ды. Сол секілді мен де татамиге «Міндетті түр­де иппонға «тас­тауым» керек» деген оймен шы­ғамын. Бас­ты мақсат сол – қарсыласты «ип­понға» салып, лақтыру. Тек мен бұл жарыс­қа таң­даған амал-айла, әдістерімді тез орынд­ап қойғаным ғой (күліп). – Бірақ кейде балуандар тез ұту үшін асығыс жасап, қарсыластың уысына өзі қалай түсіп қалғанын білмей қалады. – Дұрыс айтасыз. Ондай да жиі бола­ды. Бірақ қасыңда білікті бапкер болса, аз уақыт ішін­де жасалуға тиіс амал-ай­ла­ның өзін са­на­лы түрде жасауды үйре­не­сің. Сондай-ақ са­нау­лы секундтар ішінде қарсыласты жығуға үй­ре­тетін дайындық жұмыстары да ықпалын ти­гізеді. – Ақтық бәсекеден соң берген сұх­ба­тыңда «Фи­налда тұруға және күтуге бол­ма­д­ы. Бірден шабуыл жасау керек» дедің. – Иә, бірден шабуылдау керек болды. Жал­пы, менің қалай күресетінімді менен жақсы же­­ке бапкерім ғана біледі. Залда жаттығып жүр­­генімде сыртымнан жіті бақылап, талдау жа­сайды. Сосын келіп осал тұсымды тап ба­сып, «түзетеді». Ал мықты жағымды «қамшы­лап», одан сайын мықтылай түседі. Басты жос­пар – бір орында тұрмай, күресу. Жеке бап­керім осы жолы да татами шетінде «Ұстап алып жықсаң, жеңіске жетесің. Бірінші баста. Бір орында тұрма» деп сыбырлап отырды. Ол кі­сінің айтқаны дәл келді. Барлық кездесуімде ол кісінің айтқанын бұлжытпай орындадым. Осы чемпионатқа екеуіміздің таңдаған так­тикамыз жемісін берді.  width= – Сұхбат демекші, коман­далас­та­рың­ның халықаралық телеарна журна­лис­терінің орысша қойған сұрағына тек қа­зақ тілінде жауап бергені әлеуметтік же­ліде қызу талқыға түсті. Барлығың со­лай ақылдасып алдыңдар ма әлде? – Солай ма? (күліп). Мен ол туралы сізден бірін­ші рет естіп тұрмын. Бірақ біз барлық жерде тек қазақша сөйлесеміз ғой (күліп). Қазақ тілі бәрінен биік тұрады. – Барлық кездесуіңде мерзімінен бұ­рын жеңіске жетсең де, арасында сес­кен­ген қарсыластарың болған шығар? – Иә, болды. Финалда чемпиондық атаққа та­­ласқан өзбекстандық Муроджон Юлдо­шев­тан аздап сескендім. Неге десеңіз, алдыңғы жы­лы Ақтау қаласында өткен Азия кубогінде одан ұтылып қалған едім. Осы жолы есемді қайтардым. – Командалық жарыстың ширек фи­налында Жапония құрамасына қарсы өт­кен кездесулерде қоржынға жалғыз өзің ұпай салғаныңмен, қалған коман­даластарың ұтылып қалды. Ал Өзбекстан ко­мандасымен қола жүлде үшін таласта иы­ғыңды жарақаттап алуыңа бай­ла­ныс­ты татамиге шыға алмадың. Қазір ден­саулығың қалай? – Шүкір, жақын арада ем-дом аламын. Осы ретте командалық жарыстың ерекшелігін ай­та кетейінші. Бұл жарыс татамиде өзің үшін емес, команда үшін күресетінің ұнайды. Тіпті, ке­лесі болып татамиге мен шығуым керек бол­са да, менің алдымда күресіп жатқан аға-бауыр, әпке-қарындасымызға қолдау білдіріп, дауысымыз қарылғанша айқайлап, барынша қол­дау көрсетеміз. Бұл – кәдімгідей азарт. Фут­болда алаңда он бір ойыншы бір-біріне ай­қайлап, тактика ауыстырып жатады ғой. Біз де дәл солай (күліп). Қарсылас құраманың балуа­нын ұтсаң, татамиден түсерде керемет күй кешесің. Себебі мұнда команда қор­жы­ны­на ұпай саласың. Жалпы, жекелей сында жет­кен жеңістің мәні бір бөлек, ал командалық жа­рыста бәрімен бірге топ жарғанның мәні тіп­тен бөлек. Екеуін де сөзбен сипаттап жет­кізе алмаймын. – «Азия чемпионы» атағының берері не? – Азия чемпионатын ұтсақ, әлемдік рей­тинг­тегі ұпайымызға 700 ұпай қосылады. Ал жер­гілікті деңгейде облыс атынан берілетін ай­лық мөлшері көтеріледі. Сондай-ақ ұлттық құра­ма тарапынан қаржылай сыйақы беріледі. Бірақ қанша берілетінін айтқан жоқ. Десе де, бұл менің – ересектер арасындағы халық­ара­лық жарыста жеткен алғашқы жеңісім, бұрын-соңды ондай сыйақы алып көрмегенмін. Сондықтан нақты сомасын білмеймін. – Әңгіме басында Азия чемпионы атан­ған күннің ертесі-ақ бар назарың ке­лесі ірі жарысқа ауғаныңды айтып қал­дың. Ол жарыс – қазан айының ба­сында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін Әлем чемпионаты ма? – Иә. Бар ойым – Олимпиада... Ой, Олим­пиа­да деппін ғой, сол Әлем чемпионатында (күліп). – Құдай аузыңа бұл сөзді салып тұрса ке­рек. Бұйырса, Олимпиадада бақ сынар­сың. – Айтқаныңыз келсін! Бұйырса! Ұлттық құра­ма балуандары осы айдың 12-сі күні оқу-жат­тығу жиынын өткізу үшін Голландияға ат­танады. Мен иығымды емдеу үшін елде қа­ламын. Алматы облысында өтетін келесі жиын­да қатарға қосылмақ ойым бар. Одан кейін тағы бір жиын өтеді. Сосын әлем чем­пионатына барамыз. Олимпиада демекші, төртжылдықтың басты додасына ұпай саны бойынша іріктеу қазірден басталып жатыр. – Ал Азия чемпионатында алған ең жо­­­ғары ұпайың ол рейтингке кіре ме? – Жоқ, бірақ бұл ұпай әлемдік рейтингтегі ор­ныңа әсерін тигізеді. Негізі, Азия чем­пио­натының орнына Азия ойындары өтуі керек еді. Бірақ ол жарыс бір жылға шегерілді. Ол жер­де де ұпай жинауға мүмкіндік бар. Десе де, бұл рейтингтердің бір-бірімен байланысы бар. Әлем­дік рейтингтегі орның Олимпиада жол­дамасын иеленуіңе ықпалын тигізеді. – Сен күресетін 73 келі салмақта бәсе­ке қызып тұр. Өкшеңді басып келе жат­қан балуандар жетерлік. Салмақ ауы­с­тыру ойда бар ма? – Менің бұл салмаққа ауысқаныма бір жыл болды. Өткен жылы 66 келіде ел чем­пио­ны атандым. Бірақ бір жарыстан соң салмағым артып, бұрынғы қалпымды ұстап тұру қиынға соқты. Сосын жеке бапкерім «Сен әлі жассың. Талай белесті бағындыруың керек. Бұлайша сал­мақ қуалай берсең, денсаулығыңа зияны тие­ді. Дұрысы, 66-дан 73-ке ауысайық» деп ақы­лын айтты. Сөйтіп, 73 келі салмаққа ауы­суыма тура келді. Бұйырса, Олимпиадаға дейін осы салмақта қаламын. Бір жақсысы, қазір мен салмақ қумаймын. Әркез 73-74 келінің төңіре­гінде «жүремін». Тек жарыс алдында ұн өні­мінен жасалған тағамдар ішпеймін. Көбіне көкөністер мен жеміс-жидектер қолданамын.  width= – Бір ай бұрын ұлттық құрамамен жұ­­мыс істеуге Франциядан арнайы ма­ман­­дар келгенін білеміз. Олармен жат­тығу жиынын өткізіп үлгердіңдер ме? – Иә, бірінші жиын өткізді. Бірақ Азия чем­пионатына қызу дайындалып жатқан соң, аз уақыт ішінде көп нәрсе үйрендік деп айта ал­маймын. Француз мамандардың біздің қа­тарға қосылғанына бір ай уақыт болды. Де­генмен ерекше амал-айлаларды көрсет­кені­нен-ақ олардың білікті бапкерлер екені көрі­н­іп тұр. Олар бізбен екі жыл көлемінде жұ­мыс істемек. Білмегенімізді үйретіп, ше­бер­лік сабақтарын өткізбек ойы бар. Жұмыс нә­тижесін алдағы уақытта көре жатармыз. – Токио Олимпиадасындағы тоқырау­дан кейін бүкіл Азия көз тіккен бұл чем­пионат елдегі көпшіліктің көңіліне демеу бол­ды десем, келісерсің? – Иә. Көпшіліктің мұндай жарысты са­ғын­ғаны байқалып тұрды. Бізде қолдау күшті бол­ды ғой. Мемлекет тарапынан қолдау кө­бей­гені рас. Жастар да назардан тыс қалып жат­қан жоқ. Спортқа ақша бөлініп жатыр. Біз­ді барғымыз келетін жерге апарады. Ай­лығымызды тұрақты беріп тұрады. Құдайға шү­кір, барлығы жақсы. Токио Олимпиадасына дейін­гі жағдай туралы ештеңе дей алмаймын. Се­бебі мен Олимпиадаға жарты жыл қалғанда жас­тар арасында ел чемпионы атанып, ұлт­тық құрама қатарында қабылдандым. Құрама са­пында жүргеніме биыл екінші жыл болды. Бар­лығы әрдайым қолдап, қолпаштап жүрді. Шы­ны керек, өткен аптада бізді бұлай айрық­ша қолдайды деп ойламадым. Елдегі спортты дамытуға жауапты азаматтардың да, залда гуіл­деген халықтың да қолдауы ерекше болды. Мұн­дай атмосфера жалғасын тапсын деп тілеймін. – Сені Әлем чемпионатынан басқа қан­дай жарыстардан көре аламыз? – Әлем чемпионатынан кейін Баку, Абу-Даби, Токиода Grand Slam сериясы бойынша тур­нирлер өткізіледі. Сосын Masters бойынша бе­делді сайыстар ұйымдастырылады. Бірақ оған Топ-16-ға кіретін дзюдошылар ғана қа­ты­са алады. – Қазір сен әлемдік рейтингте... – Қазір мен әлемдік рейтингте 86-орында тұрмын. Азия чемпионатындағы жеңісімнен кейін 40-орынға тұрақтауым керек. Ал егер әлем чемпионатында жеңіске жетсем, үздік ондыққа я бестікке кіретін боламын. – Үздік бестікке кіруіңе тілекшіміз! Әрдайым жеңіс тұғырынан көрейік! Сәттілік! – Азия чемпионаты біте сала мені елеп-ескеріп, іздеп, хабарласқаныңызға рахмет! Сіздің де жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ