Жаңалықтар

Басылымдардың латын таңбалы атауы неге қате жазылып жүр?

ашық дереккөзі

Басылымдардың латын таңбалы атауы неге қате жазылып жүр?

Жақында Ұлытауда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек» деді. Иә, осы уақытқа дейін, билік көпшілікке ресми түрде латын қарпіндегі қазақ әліпбиін үш рет жария етті. Қоғам оның бірін де қабылдамады. Ал жұрттың латын қарпіне деген махаббаты күшті. Көшедегі көрнекі жарнаманы былай қойғанда, газет-журналдар аттары түгелге жуық латын қарпіне көшіп алған. Алайда әр басылым даулы таңбаларды әртүрлі жазып жүр. Мұны сол басылымды басқарып отырған журналист ағайын­дардың латын таңбасына көшуіміздің мәнісін жете түсіне қоймағаны деуге болатын шығар. Осы БАҚ атауларындағы басым қате – «JuldYz», «AiqYn», «AlmatY aqs­hamY», «OrtalYq Qazaqstan», «Arqa ajarY», «Qa­­­ragandY habarY», «Arqa aqshamY», «Talas tYnYsY» де­ген­­дегі келетін «ы» дыбысын латын гра­фи­ка­сында дауыссыз «й» дыбысына сәйкес ке­ле­тін «Y» таңбасымен беру. Бұл қате жөнінде ке­­шегі Құрылтайда да айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тілімізге арналған орфографиялық қа­ғи­даларды қайта қараған жөн. Мысалы, кириллица графикасындағы қазақ тілінің төл сөздерінде «Ы» әрпі жиі кездеседі. Осы әріп­ті механикалық түрде латын графи­ка­сы­на көшірсе, ағылшын тіліндегі «Ү» әрпі әр­бір тиісті сөзде пайда болады. Бұл – дұрыс емес. Бізге және түркітілдес бауырларымызға «Ү» әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға со­ғады. Мысалы, «тыныштық» («tYnYshtYq») де­ген сөзді алып қараңыздар, үш «Ү» әрпі пай­да болды. Сөздің өзі көзге жағымсыз кө­рі­неді. Осындай мысалдар өте көп. Міне, сол се­бепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілі­нің жаңа орфографиясы туралы арнайы ең­бек әзірлеуді тапсырдым», – деді. Біздің ғы­лыми мекемеде отырғандар мұны сөзбе-сөз ұғып, «tYnYshtYq» деп өз жазғандарын же­тілдіріп, Ы-сыз tnshtq деп жазатын ерекше нұсқа ұсынбаса деп, сезіктеніп отырмын. Бұлардан шығады. Бұлар деп отырғаным латын таңбасына көшуге қатысты мәселенің ғылыми дұрыстығына кепіл болатын Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титу­ты, Үкіметтің пәрменімен бекітілген ор­фог­рафиялық жұмыс тобы (тізім бойынша) жә­не олардың жұмысын қаржымен қам­та­ма­сыз етіп ұйымдастыратын Тіл комитеті мен оның қарауындағы Ш.Шаяхметов атын­дағы республикалық Тіл орталығы. Биылдан бастап тағы бір басылым өз атауын латын таңбасына көшірді. Республикадағы белді екі әдеби журналдың біреуі – «Таң-Шолпан». Журналдың бас редакторы, әріптесім Нұрлыбек Саматұлы хабарласып: «Біз де журнал атауын латын таңбасымен жазатын болдық, мен «Taƞ-Şolpan» болуы керек деп ұсынып отырмын, сіз қалай қарайсыз», – деді. Мен оның дұрыс жаз­ған нұсқасын қолдадым. Алайда неге олай болғанын қайдам, жорнал атауы мен ма­құлдаған «Taƞ-Şolpan» емес, «Tan-Sholpan» болып жартылай диакритикалық белгі (мак­рон), жартылай ағылшынша болып шы­ғып­ты. Тек қазақша емес әйтеуір. «Ш» әрпінің латынша таңбалануына бай­­­ланысты қатеге «Almaty aqSHamy», «Arqa aqSHamy» газеттері де ұрынып отыр. Қазір ал­ғашқы кездегідей емес «Ш» мәселесі ше­шіл­ген. Қазақ тілінде екі әріп бір дыбыс, бір әріп екі дыбыс деген шарттылық жоқ. Бізде Ақаң­нан келе жатқан бір дыбыс бір әріп ұста­ны­мы. Тілдің табиғаты солай. Осы сақталуы ке­рек. Ал «Ш» дыбысын (sh) екі таңбамен таң­балау ағылшын тілінен көшірілген. «Tan-Sholpan» дегенде «Ң» дыбысын диак­ритикалық белгімен жазыпты. Оны да «Ш» дыбысы секілді ng-деп екі таңбамен (диг­­­рафпен) таңбаламағанына шүкір дейміз. Біз­дің ойымызша, бұған ақыр жасанды таңба (диак­ритика) қолданады екенбіз, ерекше­лік­ті әріптің бойына салғанымыз (Ŋ) ұтымды бо­лар еді. Бөлек тұрған ноқат сенімсіз, түсіп қалуы, көзге ілінбей қалуы мүмкін. Оның үс­тіне, қазіргі жастардың тілінде «Ң» ды­бы­сын анық айта алмайтындар көп. Сондықтан қазақ жазуында оның құйрығы салбырап «Ң» (Ŋ) екені анық көрініп тұрғаны жөн. «Егемен Қазақстан» – EGEMEN QAZAQSTAN, «Түркістан» – TURKISTAN, «Ана тілі» – ANA TILI газеттерінің атауында қолдан жасалған диакритикалық таңба жоқ. Яғни, латын қарпіне көшу жөнінде қиындық та жоқ. Сол себепті дұрыс жазылып тұр. Егер қолдан жасалған таңба болса, онда бұларда да мәселе туындары анық. «Қазақ әдебиеті» газеті әліптің артын бағып отыр. Бұл газеттің атауында да талас тудырып отырған таң­ба­лар жоқ, сондықтан ақын-жазушылар ба­сы­лымы Әзербайжан қолданып отырған кириллицадағы Ә таңбасын қойып, батыл қимылдағаны жөн. Осы уақытқа дейін Президент жарлы­ғымен бекітілген нұсқалар жарам­сыз болып шықты. Бірінші нұсқа 2017 жылы 11 қыр­күйек күні парламентте латын нұсқа­сын­дағы қазақ әліпбиінің алғашқы вариант­тары та­ныстырылды. Мұның кемшілігі – бір ды­бысты қос әріппен таңбалау. Бұл қазақ тілі­нің табиғатына жат. Екінші нұсқа Қазақстан Республи­ка­сы Президентінің 2017 жылғы 26 қа­зандағы №569 Жарлығымен бекітілді. Мұ­ның кемшілігі – қазақ тіліне тән ды­быс­тар­ды төбесінен апостроф деген теріс үтір­мен ерекшелеп, сөздердің арасын ашып жі­беру. Үшінші нұсқа 2018 жылдың 19 ақпа­нында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графика­сына көшіру туралы» жарлығына өзгеріс енгізді. Мұның кемшілігі – қазақ тілінің ды­быс­та­рын акут деген таңбамен ерекшелеп Ш және Ч дыбыстарын бірінші нұсқадағыдай қос таңбамен белгілеу. Осындағы бірде бір нұсқада ғылым жоқ, ұлттық ұстаным жоқ. Анау жара­ма­са, мынасын ұсынып көрейік деген мә­нөбір ғана. О бастан осы істің басы-қасын­да жүргендер бұған да тоқтамай көпке дейін «жетілдірілген» деген нұсқаны сүйреп жүрді. Неғұрлым былықтырсақ, соғұрлым ғылыми болады деп ойлайтын болса керек, оның ішінде әлемдегі диакритиканың (седиль, макрон, бревис, умлаут) бәрін әкеліп таққан. Әліпби түзу, емле ережелерін жазудың екеуі де саясатқа қарап емес, тілдің жүйесіне, дыбыстың ішкі заңдарына сүйеніп жасалады. Сондықтан оны тілші ғалымдар онда да лингвистикалық білімі толық мамандар жасауы керек. Осы уақытқа дейін жазу реформасын ки­риллицадан латын әліпбиіне жа­сан­ды түрде тек сәйкес әріптерді өзгерту (Қ. Тоқаев) деп түсініп келген шенділерді қол­­дап, жоғарыға не ұнаса, соны жасап ұсы­на­тын­дарды ғалым деп айтуға тұрмайды, қы­тай зауыты десе болады. Енді бұлар бұрынғы қан­ша қаржы жұмсап күресінге кеткен жо­ба­ларға түк қатысы жоқтай Жаңа Қа­зақ­станға жаңа әліпби әзірлеп енгізуге де дап дая­р отыр. Президент Қ.Тоқаевтың: «Мен Тіл білі­мі институтына қазақ тілінің жаңа ор­фографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым» – дегеніне бұлар «құп болады» деп кірісіп те кеткен болар. Орфографиялық жазу норманың ережелерінен тұрады, жазудың өзі әріп­терді түзуден көрінеді. Ал әріп – дыбыс­тың келбеті. Яғни, алдымен тілімізде қанша дыбыс бар, олар қандай таңбалармен белгі­ле­неді дегеннен бастау керек емес пе?! Жазу­ды құрайтын таңбалар анықталмай тұрып, оның ережесін жасауға бола ма екен. Бұл біркелкі таңдалған кірпішсіз қабырға өрем деумен бірдей. Оның үстіне бұлар Үкімет отырысында мақұлдатып, 2019 жылы 18 қаң­тарда EGEMEN QAZAQSTAN газетіне Емле­нің ережелерін жариялаған еді. Ол жоба қа­зір күресінде жатыр. Сондықтан бұлардан еш­теңе шықпайды. Алдымызда әлем мойын­даған Ахмет әліпбиінің принциптері және бір дыбыс бір әріп ұстанымына дәл келетін сым­дай тартылған жүйесі бар тіліміз бола тұрып, осыншама қате жіберген бұларға енді еш­теңе жүктеуге болмас. Бұлар елді тағы отыз жыл адастырады. Осы уақытқа дейін жо­ғарғыдағы шала әліпбилермен жын қуған­дай елді шулатып диктант алып еді. Енді аяғынан бастаңдар десе, соны істемекші, 2030 жылға дейін қоя тұрыңдар десе, оған да көнбекші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ашы­ғын айту керек, бұл қазақ ті­лінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жа­сал­ған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақ­ты реформа керек. Тіл – ұлттың жаны. Оған немқұрайлы қарауға мүлде болмайды. Сон­дықтан біз тіліміздің мәртебесін арт­тыра­тын графиканы ғана қабылдаймыз», – деді. Дұрыс, бұл – реформа. Ол жөнді болуы үшін ғылыми негізі тастай болуы керек. Яғни, мына дыбыс мынандай таңбамен бел­гіленуі керек деген әліпби жобасын бұрын­ғыдай Президент бекітпеуі керек. Алдында асығыс бекітіп еді. Енді не болды? Білдей екі Жарлық орындалмай қалды. Президент тілге реф­орма жасағысы келсе, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік тілі ескі Кеңес ке­зінде қабылданған әліпбиден жаңа латын гра­фикасына көшірілсін. Ғылым және жо­ғар­ғы білім министрлігі 2025 жылға дейін әліп­би мен емле ережелерін жасап, қолда­ныс­­қа енгізсін» деген Жарлық шығаруы керек. Яғни, латын қарпіне көшу туралы саяси ше­шімді өзі шығарып, ал оның маз­мұнын қа­лай болмағын ғалымдарға тапсыру керек. Бірақ осыған дейін қайта-қайта қате жоба ұсын­ған орпотопқа емес...

Бижомарт ҚАПАЛБЕК