Универсиада-2017: Отыз күннен астам уақыт қалды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының төрағалығымен 2017 жылы Алматы қаласында өтетін 28-ші Қысқы универсиада ойындарына дайындық барысы жөнінде кеңейтілген жиналыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшылығы, Астана және Алматы қалаларының Спорт басқармаларының басшылары, 28-ші Қысқы универсиаданы ұйымдастыру бойынша дирекция басшылығы, Ұлттық штаттық командалар және спорттық резерв дирекциясының басшылығы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері және спорт түрлері бойынша бас бапкерлер, мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.
Отырыс барысында Ұлттық құрама команданың дайындығы бойынша Спорт комитетінің төрағасы, Универсиада ойындарын ұйымдастыру мәселесі бойынша дирекция басшысыларының баяндамалары тыңдалды. Әр бапкер өз спорт түрлері бойынша ұлттық құрама спортшыларының дайындығы жөнінде нақты ақпараттар берді. Универсиада ойындарын ұйымдастыру мен спортшыларды дайындау барысында орын алған мәселелер министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен шешімін тапты.
«Бүгін біз жақсы нәтижелі отырыс өткіздік. Универсиаданың жалпы өту барысы мен біздің ұлттық құрама спортшыларының бабын келтіру жөнінде біраз мәселенің басын ашып, шешіп алдық. Ендігі мақсатымыз – осы жасалған ауқымды істің толық қорытындысын көру. Универсиаданың басталуына отыз күннен астам уақыт қалды осы уақыт аралығында жоспар бойынша әрекет етулеріңізді тапсырамын. Келген әрбір қонақ, халықаралық ұйым өкілдері мен спортшылар Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан қуатты ел екенін көреді деп сенемін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында осындай үлкен жобаларды қолға алып отырмыз. Демек, бізге жүктелген міндетімізді абыроймен атқаруға бар күш жігерімізді салуымыз керек», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің қорытынды сөзінде 

Back to top button