Жаңалықтар

Скейтбордингтен Олимпиадаға қатысуға мүмкіндігіміз аз – Антон Повеквечнов

ашық дереккөзі

Скейтбордингтен Олимпиадаға қатысуға мүмкіндігіміз аз – Антон Повеквечнов

Скейтбординг – жақында ғана Олимпиада ойындарына енген заманауи спорт түрі.  Экстремалды спорт түрлерінің арасында ең қиыны болғанына қарамастан, елімізде скейтбордингті өз бетімен меңгеріп, түрлі жарыстарда топ жарып жүрген жастар көбейіп келеді. Жалпы, Қазақстанда скейтбординг федерациясы 2017 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Ал 2019 жылы Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті мен World Skate халықаралық федерациясы аталған спорт түрін ресми түрде мойындады. Осы орайда, Қазақстан скейтбординг федерациясының вице-президенті Антон Повеквечнов қазір елімізде скейтбордингке деген көзқарас қалай өзгергені туралы  turkystan.kz тілшісіне айтып берді. – Антон, сіздің осы спорт түрімен шұғылданатыныңызды білеміз. Қазір скейтбординг туралы көбі біле бермейтін сияқты. Жалпы, қазір қоғамда бұл спорт түріне деген көзқарас қалай? – Алғашында скейтбординг көше спорты, балалардың хоббиі саналып келді. Бұл спорттың мәнін көбі түсінбейтін. Көшеде күзетшілер қуып шыққан жағдайлар болды. Сырғанап, сонымен бірге әртүрлі трюктар жасалатын экстрималды спорт түрі ғой. Сондықтан көшедегі заттарға зиян келтіреді деп ойлады. Олимпиадалық спорт түріне енгесін ақырындап көзқарас өзгеріп жатыр. Қазір адамдар жай хобби емес, спорт ретінде қабылдайды. [caption id="attachment_191774" align="alignnone" width="1210"] – Скейтбординг Токиодағы Олимпиада ойындарына енді. Қазақстан төрт жылдық додада аталған спорт түрінен бақ сынай ала ма? – Мүмкіндігіміз аз. Біз, әрине, дайындаламыз. Бірақ Олимпиадаға қатысу спортшыға ғана емес, инфрақұрылымға байланысты. Әлем чемпионатына қатысып жүргенімізге екі жыл болды. Ол жердегі скейт саябақтардың деңгейі басқа. Салыстыруға келмейді. Мысалы, өткен жылы Римде өткен әлем чемпионатына қатыстық. Жақында Парижге іріктеу турниріне барып келдік. Ендігі әлем чемпионаты Бразилияда өтеді. Балалар түрлі трюк жасайды. Оған жылдамдық керек. Түрлі бөгеттерден өтуі керек. Тапсырманы мүдірмей орындау үшін тегіс бетон болуы керек. Сол кезде ұшып жүріп, үлкен арақашықтықта трюк жасай аласың. Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ. Асфальт, ағаш каркастан жасалған. Осындай тосқауыл болғандықтан жылдамдықты арттыра алмаймыз. Халықаралық жарыстардағыдай жағдай жасалмаған соң, ол жаққа барғанда қиналасың. [caption id="attachment_191776" align="alignnone" width="2048"] Қазір елордада үш ай ғана жаттыға аламыз. Одан кейін қыс басталады. Жаттығатын ғимарат жоқ. Жыл сайын іздейміз. Ғимарат үлкен болуы керек. Бетон төселген алаң табу да қиын. Балаларда ұзақ үзіліс болса, бұлшықетке әсер етеді. Өйткені трюк жасау бұлшықетке байланысты. Жыл бойы дайындалмаған соң жаттығуларды ұмытып, қалыптан шығып қалады. Сосын бәрін басынан бастауға тура келеді. Әлемдік жарыстарда жетістікке жету үшін жақсы дайындық, жағдай керек. Әйтпесе Қазақстанда осы спортқа қызығатын талантты балалар көп. Мемлекеттен аздаған көмек бар. Еңбекақы төленіп жатыр. Жақында Қазақстан кубогы болды. Ол жерге, тіпті, ата-әжелер келді, жарысты тамашалауға. Демек, бұл спортқа балалар ғана емес, үлкендер де қызығады. Мәнерлеп сырғанау, скейтбординг, жеңіл атлетиканы үйлестірген керемет іс-шара өтті. Бұл – әлемдегі ең күрделі спорт. Сондықтан онымен кез келген адам айналыса алмайды. Қолдың көмегінсіз жоғары жылдамдықпен түрлі трюктар жасалады. Алдағы уақытта осы спортпен шұғылданатын спортшыларымызға қолдау көрсетіледі деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рақмет!