Абайдың асыл ойлары – өмір оқулығы

Абайдың асыл ойлары – өмір оқулығы

Абайдың асыл ойлары – өмір оқулығы
ашық дереккөзі
Абайдың әрбір нұсқалы сөзінің, ой-орамының, тәмсілдерінің мәдени-дү­ние­танымдық, тарихи-тілдік, образдық-сим­волдық, ғибраттық-тағылымдық ма­ғы­на­сы барынша терең, өлшеусіз, күрделі. Өйткені адам баласының бақылағыштық, зейін­ділік, ұғымдылық, қабілеттілік, тап­қырлық, сыншылдық, зейіні мен зердесін ке­мелдендіретін интеллектуалдық құн­ды­лықтар. Сондықтан да Абай поэзия­сын­дағы әрбір сөйлем өмір оқулығындай, тағ­дыр тәмсіліндей, даналық дәрісіндей. «Сіз – жалын шоқ, біз – бір май» немесе жан мен тән туралы Абай өлеңін ыждаһатпен оқысаңыз, жа­ның да, тәнің де тебіренеді. Ой, сана дү­ниесі сілкініп, қиял құсы шарықтап, көз­қара­сың, танымың, тәжірибең көріктеніп, әсерленесіз, көңіл күйіңіз жақсарады. Абайдың ақындық ересен қуатының дә­лелі – жан мен тәнінің бір-бірімен тас­түйін тұтастығында. «Жүректің сөзі» мен әсер-сезімдердің сарқылмас қайнар көзі тәнімен жарастықты үйлесімінде. Абай Пушкин кейіпкері Онегиннің «өлі бойын» қас сұлу Татьянаның қалай жалынды отқа бө­легені, сезім күйлерін шалқытып-тол­қытқаны былайша көрсетіледі:Өлі бойға қан жүгірді, Қайратым құрыш болды, нан. Мұз жүрегім май сықылды, Еріп, от боп күйді жан. («Құп білемін, сізге жақпас») Сонда тән дегеніміз – әсер, сезімдердің, жасампаз мүмкіндіктердің, шынайы қиялдардың, ой суреттерінің бесігі. Абай мына бір ой шумағында ми қызметі мен қиял ісінің өзара қарым-қатынасын әдемі түсінген және де белгілі бір әсер-күйлердің ықпалымен адамның ішкі сезім әлемі «мыс қазандай» қайнайтынын айтқан. Үшбу қиял келсе басқа, Сен жүдер деп мен үшін. Болар еді қайнамасқа, Мыс қазандай сорлы ішім. («Тәңірі қосқан жар едің сен») Бар денемнің бәрі – бір мұз, Қайрылуға жарамас. («Таңғажайып, бұл қалай хат») Негізінде, «ми бес сенсорлық жүйе (көру, есту, дәм сезу, иіс сезу, жанасу) арқылы сырт­қы ортадан мағлұмат алады». Эмоциялар, се­зімдер, суретті ойлар легі тасқындап тө­гі­ле­ді, арманды тілектер, таңғажайып өзгеріс­тер көрініс табады. Айталық: Етің етке тигенде, Демің тиіп сүйгенде. Тән шымырлап, бой еріп Ішім оттай күйгенде. («Жігіт сөзі») Ғалымдар соңғы онжылдықтарда «тән мен мидың электрлік-магниттік импульстер арқылы әрекеттесетінін анықтаған. Біздің иығымызда ағзаның көптеген қызметтерін қамтамасыз ететін тұтас химиялық зауыт орналасқан». (Дипенза Джо). Демек, жан мен тәнді баурап сөйлеу – ақындық даналықтың ақиқат көрінісі. Ақылыңа сөзің сай, Сіз – жалын шоқ, біз – бір май. Ыстық сөзің кірді ішке, Май тұра ма шыжымай. («Қыз сөзі») Тән мен жан, көңіл мен мейір, білім мен сезім, суреткерлік пен шеберлік біртұтастық тапқан. Абайдың сөзі, сыры, даналығы, тапқыр­лығы – тірі сөз, отты сөз, бейнелі сөз, сай-сүйе­гіңді тербейтін сиқырлы күйлі сөз. Егер де қолың тисе білегіне, Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе. Бетіңді таяп барсаң тамағына, Шымырлап бу енеді сүйегіңе. («Білектей арқасында өрген бұрым») Миы толық, білімі терең, сезімі телегей, түйсігі қуатты Абай – ұлттың ұлы дәс­түр­лерін мықтап ұстанған кемеңгер. Қазақтың байырғы көзқарасына жүгінсек, Қараменде бидің жас Байқотанға айтқаны қандай тағылымды десеңізші! «Арың таза, ақылың болсын! Ойың биік алымды, Жас жігіттей жалынды, Сөзің жүйрік нанымды, Суырардай жанымды. Алды, артымды орайсың, Сақа бидей шалымды!». Оқырман жанын көркем дыбыстар сың­ғыры да толқытады. Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлы «Баяншы» дейтін 1920 жылы Қа­зан қаласында жарық көрген еңбегінде: «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты... дауысты дыбыстар сөздің жаны есебінде, дауыссыз дыбыстар һәм жарты дауысты дыбыстар сөздің тәні есебінде. Тәнді жан қандай билесе, дауысты дыбыстар басқа дыбыстарды сондай би­лейді». Сонда дауысты дыбыстар назым сөз­дің жаны, мәні, сәні, әні әрі есебінде. Денені әсерлендіреді, сәулелендіреді. Абайдың тұтастай алғанда шығарма­шы­лық психологиясы (жүйке жүйесі, энер­ге­тикалық қоры, көкіректе сақталған ұста­ным­дары, естеліктері, мінез-құлық үлгілері, көзқарастар, әдет-дағдылар) күрделі бір әлем. * * * Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?! Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?! Отаршылдық езгі, дәуір мәліметтері, хан заманындағы адамшылық қасиеттердің ізім-қайым жоғалғаны, халықтық асыл дәстүр­лердің әлсірегені Абайдың осы бір сөйле­мінде өткір айтылған. Бұл дегеніңіз биттеп, құрттаған қоғамдағы рухани құндылық­тар­дың құрдымға кеткенінен әрі асқынған қай­шылықтардың өрескел өршігенінен мә­лімет береді. Күрескер Абай: «Менсінбеуші ем наданды, Ақылсыз деп қор тұтып. Түзет­пек едім заманды, Өзімді-өзім зор тұтып» де­генін де қоғам жайы нақтылы байып­тал­ған. Отаршылдықтың кесір-кесапаты қазақ қоғамын аяусыз улады, әңгілерді көбейтті, естілерді дәрменсіз, нәуетек күйге түсірді. «Басында ми жоқ, өзінде ой жоқ», «Па­рық­сызға бәрібір, мейлі қамқа, мейлі бөз» деп турасын айтты. Ұлттық-рухани құнды­лық­тар асқақ дәрежесінен, абыройлы мәрте­бе­сінен айрылды. Осыған орай, «Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп, Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп» деп, көрмес түйені көрмес шіркіндерді шенейді. Қазақтың байырғы ескілікті сөзінде: «Кесек-кесек дау, жанжал / Кер кеткеннің ауылында. / Кесек-кесек өтірік / Кер кеткенің ау­зында» дейтін пікір бар. Ендеше Абай: «Өсек тасып құмардан шығатындар болады»; «Надан ел –қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәр­седен ұялады»; «Пейіл кетті, ант атты» дей­ді. Тағы да осы бір ойын үстемелеп «Өзі шош­қа өзгені ит деп ойлайтындар» кө­бей­генін айтады. Көшбасшылық, сыншылық көзқарасты, әділдік жолын, ел басқару өнерін тағдыры­ның да, шығармашылығының темірқазығы еткен Абай «Сусыз жерде қамыс болмайды, азған елде намыс болмайды», «Жаманмен көр­де де көрші болма» деп, халық айтқандай, намыссыздарды, арсыздарды, дүмшелерді, «арамдығының түбі жоқтарды» уытты сөздерімен әшкерелеген. Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса? Абайдың асыл ойлары – мінез-құлығың­ды, зерде-зейініңді, шешім қабылдау қабі­ле­тіңді, ойыңды, қиялыңды байытады, әлеуе­тіңіз­ді әлеумет ісіне жұмылдырады. Сөйтіп, Абай қоғам өміріндегі қауіпті, арандатқыш арамзаларды, антұрғандарды, есер, әулекі, әумесерлерді барынша әшкере­лейді. Зымиян зұлымдықтың қандай екендігі жайында ұлт қайраткері, көсемсөзші Мір­жақып Дулатов былайша пайымдайды: 1. «Зиянды адамдардың көбеюі арқылы жұрт азады деген көзбен қарау керек». 2. «Біреуге нақақ жала жапсаң, Алла ал­дын­да кінәлісің, Халық алдында ұяттысың, Ха­кім алдында жазалысың». 3. «Біреудің көрінеу жауыздығын айт­пау­дың өзі – жауыздық. Біреудің ұрлығын біле тұрып айтпасаң, сен өзің ұрысың» («Біздің істер»). Енді Абайға дейінгі ұлттық поэзияда отар­шылдық саясаттың қалайша жырланға­нына яғни тарихи сабақтастығына үңілейік. Қазақ жыраулары мен жыршы ақындар шығармашылығының идеялық-рухани, тари­хи-философиялық, саяси-әлеуметтік не­гізі – ұлт тәуелсіздігі, жер тағдыры, ұлттық рух пен сана, елшілдік-мемлекетшілдік м­ұ­рат. Заманның күрделі қайшылықтары, ұлт тағ­дыры мен тарихындағы зобалаң-дүр­бе­леңдердің мәні мен мағынасы, көкейкесті ой-толғаныстар, ұлы арман-аңсарлар Бұқар жы­рау, Дулат, Шортанбай, Нысанбай, Күдері­қо­жа, Досқожа, Махамбет, Нарманбет, Дос­кей, Сарышолақ, Албан Асан, Мұрат Мөң­кеұлы, Әбубәкір Кердері сынды дүлдүлдердің толғаулары мен дастандарында сыншыл­дықпен, шыншылдықпен, нәзік шеберлікпен өрнектелді. Ата тарихымызда 1783-1791 жылдарда Сырым Датұлы, 1836-1837 жылдарда Исатай-Ма­хамбет, 1837-1847 жылдарда Кенесары Қа­сымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістер ұлтын сүйген ақын-жыраулардың жүрегін жайындай тулатып, Ұлт, Заман, Уақыт аты­нан жанартаудай күркіреп, сес сөзін сел­дет­кен-ді. Ұлт-азаттық идеяны – ең бас­ты, ең негізгі ой қазығына, қуатты сарынға, әлеу­меттік-философиялық мазмұнға айнал­дыр­ды. Әсіресе, Бұқар жырау өнернамасы – за­манның тілі, үні, сыры деуге лайық. Ака­демик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» дейтін кітабында (1942): «Бұқар­дың сөздері ХVІІІ ғасырдағы қазақ тірші­лігі­нің энциклопедиясы» деп жазады. Рас сөз, жанды пікір. Шоқан Уәлиханов «Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деп түйін жасайды. Иә, Абылай ханның бас кеңесшісі, ақылгөйі, заманның сәуегейі Бұқар жыраудың көріпкелдігін Шоқан Уәлиханов «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты жазбасында айрықша атайды. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлт­тың ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жа­лын­ды күресі жырау мұраларында шы­найы шын­дықпен суреттеледі. Бұқар жырау тол­ғауларында Ресей империясының отар­лау­шылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері де мейлінше әшкере­ленеді. Мысалы, «Қилы заман» толғауында мысықтабандап келе жатқан заманды елестетеді: «Күнбатыстан бір дұшпан / Ақырда шығар сол тұстан. / Өзі сары, көзі көк, / Діндарының аты – боп. / Күншығысқа қарайды, / Шашын алмай тарайды. / Құдайды білмес, діні жоқ, / Жамандықта міні жоқ, / Затсыз, тексіз бір кәпір. / Аузы-басы жүн кәпір. / Жаяулап келер жұртыңа. / Жағалы шекпен кигізіп, / Балды май жағар мұртыңа. / Жемқорларға жем беріп, / Азды көпке теңгеріп, / Ел қамын айтқан жақсыны / Сөйлетпей ұрар ұртына. / Бауыздамай ішер қаныңды, / Өлтірмей алар жаныңды, / Қағазға жазар малыңды, / Есеп алар пұлыңа, / Солдат алар ұлыңнан. / Күндердің күні Абы­лай, / Есе тимес өзіңе, / Есіктегі құлың­нан». Қазақ қоғамының шынайы сәнінен, мә­нінен айырылатынын, дінінің, тілінің то­затынын, қабілетсіздер, көргенсіздер сұң­ғылаларды илеп билейтінін, шынайы дәр­менсіздік жайлайтынын, марқас­қалар­дың төбесінде қара бұлт үйірілетінін баяндаған. Ақынның «Қилы заман» толғауының қа­шан, қалай туындағанын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз жазбаларында түсіндіреді. Абылай хан бір салтанатты күнде, ат үстінде Бұқардан: «Асанқайғының қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар дегені не тантық, суда жүрген шортан тауға біткен қарағайдың басына қайдан шығады? Миға қонбайтұғын сөз ғой», – деп сұрапты. Сонда Бұқарекең қырын қарай тұрып, атының ба­сын бұрып, қамшысын ерінің үстіне тастай салып, көзіне жас алып: «Әй, хан! Бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек еді!» – деп, осы толғауды тапқырлықпен туын­датыпты. Отарлаудың амалдарын қапысыз ойлас­тырған Ресей империясы сахарада қара шекпенділер мен келімсектерді түпкілікті қоныстандыру үшін, алдымен, тұс-тұстан қалалар мен бекіністер салды. Нулы, сулы, шүйгінді, орманды жерлерден қазақтарды қырға ығыстырды. Атамекенінен, кәсібінен ажырап, абдырай бастаған, тағдыр тәлкегіне ұшыраған халқының күйігін Бұқар жырау былайша жоқтап зарлайды: «Өзің қонған Көкшетау / Кәпір қала салды, ойла! / Жарқайың деген жерлерге / Шашылып шеті барды, ойла! / Атбасар мен Қалқұтан / Ба­лығы тәтті су еді. / Өзен бойын шаңдып ап, / Сүзекісін салды, ойла! / Қарқаралы деген тауларға / Қарқарасын шанышты, ойла! / Ұлытау, шеті Созақтан, / Берекелі жер­лерден, / Көкорай шалғын көре алмай, / Шұ­бырып қазақ кетті, ойла! / Нұрада бар Ақ­мола, / Есілде бар Қараөткел, / Екі өткел­дің аузынан / Қараөткелді салды, ойла! / Бая­науыл, Қызылтау / Оны да кәпір алды, ой­ла! / ...Кетпейін десе жері тар, / Қоршап ал­ған кәпір бар. / Ұйыққан қойдай қамалып, / Бүйірінен шаншу қадалып, / Сорлы қазақ қалды, ойла!». Махамбет толғаулары – ұлт-азаттық кө­теріліс шежіресі, қан кешуде айбынды, ай­­­дынды, от ауызды, орақ тілді жампоздың теңіз­дей толқыған кеудесінен буырқанып, отқа оранып туған. Солай болса да, тілінің мін­сіздігімен, мінезділігімен, қуат-әсер сым­батымен өзгешеленеді. Оқымысты Құдай­бер­ген Жұбанов ұлы жыраулар мен жыршы ақын­дардың тілін «қазақтың ауызша дамы­ған әдеби тілі» ретінде қарастырады. Содан соң, қазақтың халық мәдениеті, өнері, тілі ХІV-ХVІІІ ғасырлардың аралығында ерекше жоғары деңгейде дамығанын айтады. (Қ.Жұ­банов «Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі». «Ле­ниншіл жас», 1935 жыл. №31). Ен­де­­ше ұлт ақыны Махамбеттің ат үстінде, ұрыс дала­сында туған тастүйін толғамдары – жо­ғары сападағы қазақ әдеби тілінің миуалы жемісі. Ол – таңғажайып күрделі метафора­лар мен көрікті теңеулердің ақыны. Қазақ әдебиеті тарихында «зар заман» дейтін дәуірдің айтулы жыршылары болған. Бұлар да сахараның жүдеу тарта бастағанын, жердің тозғанын, жергілікті халықтың нулы, сулы өңірлерден айырылғанын, елді отар­лаушылардың езгісінде жаншылып, берекесі қашқанын, ана тілінің өрісі тарылғанын өткір, терең сезініп жырлайды. Олар: Бұқар, Шортанбай, Нарманбет сынды ақын, жыраулар. Дулат жырау зобалаңы мен зорлығы, шырғалаңы мен қорлығы асқынған қилы заманды сөйлетеді: «Қилы-қилы заманды / Заманға сай адамды / Салыстырып қарасам, / Су мүйіз болған танадай / Шыр көбелек ай­налам. / Кешегі бір заманда / Қарасы ант­қор, ханы арам; / Батыры көксер бас аман, / Бәйбіше тантық, бай сараң, / Бозбаласы бо­ша­лаң, / Қырсыға туды қыз балаң, / Нары жал­­қау, кер табан, / Құсы күйшіл, ат шабан, / Жырғалаң жоқ, жобалаң, / Ебі кеткен ел болды / Енді қайда мен барам?!». Жырау ой-сезімін, заман қайшылығын ше­бер жеткізу үшін осындай шендестірулерді туын­датқан. Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурыз­бай» атты даңқты дастаны ұлт қаһарманы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық кө­терілістің тарихи баяны десек те болады. Тарихилық, деректілік, көркемдік жағынан алғанда үздік туынды. Жырау Кенесары хан­ның Наурызбай, Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Бұқарбай, Қабан, Құр­бан тәрізді көкжал бөрілеріне әділ сипат­тама береді. Ақын-композитор, импровизатор Доскей Әлімбайұлы (1850-1946) Орталық Қазақстан аймағындағы Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын бірден-бір жетік білетін шежіреші еді. Оның «Кенесары» дейтін айтулы поэмасының алтын арқауы – Хан Кене тұлғасы. Ұлттық поэзия тарихында «зар заман» ағымының негізгі бастаушысы Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) отаршылдықтың от­тан кісен кигізгенін, «әуелі қор зор болға­нын, сон­дағы зорлар қор болғанын», «азулыға бар заман, азусызға тар заман» екенін пайымдап, қарғыс оғын жаудыра сөйлейді. Нарманбет Орманбетұлы «Сарыарқа» де­ген (1910) әнұран жырында дүние бол­мы­сын, қоғам дамуын жан-жақты суреттейді. «Ха­лыққа қала салған боламыз құл» деп, зар жы­лайды. Мысалы: «...Қалмады Сарыарқада ен­ді қызық, / Сандал тау, сары өлкені алды мұжық, / Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ, / Баласы байғұс алаш – қалдың мыжып», – деп күңіренеді. «Зар заманның артқы ақыны бұрынғы зар­лы мұңның бәріне ақырғы күмбезді тұрғызып, – деп жазады Мұхтар Әуезов, әде­биеттің бір ғасырлық дәуірін осы жоқтаумен тындырады». (Әуезов М. «Әдебиет тарихы». А: Ана тілі, 1991 жыл, 221-б.). Мұрат Мөңкеұлының заманауи ой-тол­ға­ныстарында: «Еділді тартып алғаны, / Етек­ке қолды салғаны. / Жайықты тартып алғаны, / Жағаға қолды салғаны. / Ойылды тар­тып алғаны, / Ойындағысы болғаны...». Немесе: «Ай орнынан туады, / Күн орнынан шы­ғады, / Бұның бәрі адамнан», – деуі қаны сор­ғалаған шындық. Ол «Мен қауіп еткеннен ай­тамын» деп, ой жібін әрі қарай сабақтап, «Адыра қалғыр заманның, Мен жаратпаймын сүреңін» дейтін зілді сөзінде заман, дін, адам қайтіп түзелер деп қамығып торығады. Сөз бен ой зергерлерінің ұлт тағдырын тер­ең толғауы, заманның зардап-қырсық­та­рын барынша болжап-барлауы, рухани құн­дылықтардың сетінеуін түсіндіруі, жер, тіл, дін тәрізді ұлы, киелі жаратындылардан айы­рыла бастауымызды айрықша сипаттап жет­кізуі, шын мәнісінде, ойландырмай қой­майды. Бұл орайда Албан Асан Бармақұлы (1866-1916) «Заман түрі» деген толғауында күңіренте, толқындата толғайды. Ал Әбубәкір Кердері «Заман деген жел­мая, Қалмасақ халқым жақсы еді, Желмаядан жы­ғылып» деп тіксініп, үрейленеді. Күдері­қо­жаның «Қарқаралы-Қазылық» деген келіс­ті кемел толғауы халықтың зары мен за­пыра­нын лекілдете жеткізген. Қоныстан, жерден айрылу – қанатыңнан қай­рылу, тамырыңнан безіну. «Атам, анам қара жер» деген Абайдың ойын, ұлы тілегін жырауларымыз да қан та­­­мырларын солқындата жырлаған. Демек, жыраулардың Ұлы қонысқа көзқарасы Абай шы­ғармашылығында орасан қуатпен дамы­тылған. * * * Жақсылық ұзақ тұрмайды, Жамандық әркез тозбайды, – дейді Абай. Ойшылдың әрбір сөзі, әрбір ойы терең­ді­гі­­мен, күрделілігімен, өмір, тұрмыс-тір­шіліктің неше алуан қат-қабат сырларын түйін­деп сипаттауымен ерекшеленеді. Жақ­сылығы мен жамандығы өлшеусіз мынау опалаң-топалаң жалғанда қалайша ғұмыр кешуді, не істеуді, нені істемеуді, көлденең кеселдерден қалайша құтылуды, нені мақсат етуді үйрететін даналық, ізгілік, тағылым мек­тебі бар. Ол – бабалар жолы! Ол – Абай­дың даналық жолы, жақсылық жолы! Пай­ғам­барымыздың «адамның ең жақсысы кім?» дегенде «Көпке пайдасы тиген кісі», ал «ең жа­маны кім?» деп сұрағанда «Көпке зияны тиген кісі» депті. «Құдай тағала әрі өзі, әрі сөзі, әрі көңілі қарадан сақтасын!» деп тілей­ді екен. «Мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың тағдыры күрделі де қасіретті. Бұған мына бір шумағы айғақ. Мен көрдім дүние деген иттің көтін, Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін. Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін. («Мен көрдім ұзын қайың құлағанын») Абайдың түпкі ойының мәнісі мен мәйе­гін тану үшін «Қазақтардың естерінен кет­пей жүрген бір сөз» дейтін жазбасында («Да­ла уәлаятының газеті», 1892 жыл, №29-31, 34-40) мынадай мәдени-тарихи, әдеби дерек­тер ұсынылған. Әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Йа­сауи: «Сіздің біріңіз, жамандық іс көре қал­саңыз, оны қолыңызбен түзетіңіз, тоқта­тыңыз, егер күшіңіз жетпесе тіліңізбен яғни оған қарсы шығып, наразылық білдірсін, оған да күші жетпесе, жүрегімен қарсы шық­сын (яғни көре тұра ешқандай әрекет ете ал­мағаны үшін жүрегі сыздасын мағына­сында), бұл иманның ең әлсіз түрі болып та­былады». (Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Йа­сауи. Көңілдің айнасы (Мират-ул Қулуб). Ан­кара, «Билиг», 2000. 17-бет). «Ежелгі гректер – бейнелеу өнерінде, рим­діктер – құқықта, израилдіктер мен араб­тар – дінде, француздар – әдебиетте, анг­ло-саксондықтар – экономикада, не­міс­тер – музыка мен философияда, ал түріктер – моральда бірінші орында». (Зия Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. Алматы, «Мерей», 2000. -101 бет.) Халық ағасы Абай өміріндегі трагедия­ның зоры 1898 жылдың маусымының 17 күні болған еді. Осы бір оқиға турасында пат­шалық Сенатқа орыс тілінде жазған ша­ғым хатында барша шындығымен, дәйекті дә­лелдерімен толық баяндалған, заңна­ма­лық, логикалық, гуманистік тұрғыдан тұжы­рымдалған. Абайдың ақиқатшылдығы, те­рең, түсінікті пайымды әділеттігі, Россияның Қылмысты істер жайындағы сот ісін жүргізу қағидаттарын ой-парасатымен таразылауы айқын танылады. Қара тобыр ішіндегі лағыл-гауһар да­ныш­пан Абайдың отаршылдық сойқан сая­сат­тың, жай тасындай оғат жарлықтың құр­­банына айналуы, сұмдық масқаралануы, қол­жазбаларының тұтқындалуы – бір басы­ның яки әулетінің ғана емес, ұлтқа, ұрпаққа, төл тарихқа жасалған алапат қиянат. Мұн­дай қасірет «әркез тозбайды». Құрдымға жұ­тылған қымбат қолжазба мұралардың өкі­ніші өшпейді.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор