Абайдың асыл ойлары – өмір оқулығы
Абайдың асыл ойлары – өмір оқулығы
Абайдың әрбір нұсқалы сөзінің, ой-орамының, тәмсілдерінің мәдени-дүниетанымдық, тарихи-тілдік, образдық-символдық, ғибраттық-тағылымдық мағынасы барынша терең, өлшеусіз, күрделі. Өйткені адам баласының бақылағыштық, зейінділік, ұғымдылық, қабілеттілік, тапқырлық, сыншылдық, зейіні мен зердесін кемелдендіретін интеллектуалдық құндылықтар. Сондықтан да Абай поэзиясындағы әрбір сөйлем өмір оқулығындай, тағдыр тәмсіліндей, даналық дәрісіндей.
«Сіз – жалын шоқ, біз – бір май» немесе жан мен тән туралы
Абай өлеңін ыждаһатпен оқысаңыз, жаның да, тәнің де тебіренеді. Ой, сана дүниесі сілкініп, қиял құсы шарықтап, көзқарасың, танымың, тәжірибең көріктеніп, әсерленесіз, көңіл күйіңіз жақсарады.
Абайдың ақындық ересен қуатының дәлелі – жан мен тәнінің бір-бірімен тастүйін тұтастығында. «Жүректің сөзі» мен әсер-сезімдердің сарқылмас қайнар көзі тәнімен жарастықты үйлесімінде. Абай Пушкин кейіпкері Онегиннің «өлі бойын» қас сұлу Татьянаның қалай жалынды отқа бөлегені, сезім күйлерін шалқытып-толқытқаны былайша көрсетіледі:Өлі бойға қан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды,
Еріп, от боп күйді жан.
(«Құп білемін, сізге жақпас»)
Сонда тән дегеніміз – әсер, сезімдердің, жасампаз мүмкіндіктердің, шынайы қиялдардың, ой суреттерінің бесігі.
Абай мына бір ой шумағында ми қызметі мен қиял ісінің өзара қарым-қатынасын әдемі түсінген және де белгілі бір әсер-күйлердің ықпалымен адамның ішкі сезім әлемі «мыс қазандай» қайнайтынын айтқан.
Үшбу қиял келсе басқа,
Сен жүдер деп мен үшін.
Болар еді қайнамасқа,
Мыс қазандай сорлы ішім.
(«Тәңірі қосқан жар едің сен»)
Бар денемнің бәрі – бір мұз,
Қайрылуға жарамас.
(«Таңғажайып, бұл қалай хат»)
Негізінде, «ми бес сенсорлық жүйе (көру, есту, дәм сезу, иіс сезу, жанасу) арқылы сыртқы ортадан мағлұмат алады». Эмоциялар, сезімдер, суретті ойлар легі тасқындап төгіледі, арманды тілектер, таңғажайып өзгерістер көрініс табады.
Айталық:
Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде.
Тән шымырлап, бой еріп
Ішім оттай күйгенде. («Жігіт сөзі»)
Ғалымдар соңғы онжылдықтарда «тән мен мидың электрлік-магниттік импульстер арқылы әрекеттесетінін анықтаған. Біздің иығымызда ағзаның көптеген қызметтерін қамтамасыз ететін тұтас химиялық зауыт орналасқан». (Дипенза Джо). Демек, жан мен тәнді баурап сөйлеу – ақындық даналықтың ақиқат көрінісі.
Ақылыңа сөзің сай,
Сіз – жалын шоқ, біз – бір май.
Ыстық сөзің кірді ішке,
Май тұра ма шыжымай. («Қыз сөзі»)
Тән мен жан, көңіл мен мейір, білім мен сезім, суреткерлік пен шеберлік біртұтастық тапқан.
Абайдың сөзі, сыры, даналығы, тапқырлығы – тірі сөз, отты сөз, бейнелі сөз, сай-сүйегіңді тербейтін сиқырлы күйлі сөз.
Егер де қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.
(«Білектей арқасында өрген бұрым»)
Миы толық, білімі терең, сезімі телегей, түйсігі қуатты Абай – ұлттың ұлы дәстүрлерін мықтап ұстанған кемеңгер. Қазақтың байырғы көзқарасына жүгінсек, Қараменде бидің жас Байқотанға айтқаны қандай тағылымды десеңізші! «Арың таза, ақылың болсын! Ойың биік алымды, Жас жігіттей жалынды, Сөзің жүйрік нанымды, Суырардай жанымды. Алды, артымды орайсың, Сақа бидей шалымды!».
Оқырман жанын көркем дыбыстар сыңғыры да толқытады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Баяншы» дейтін 1920 жылы Қазан қаласында жарық көрген еңбегінде: «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты... дауысты дыбыстар сөздің жаны есебінде, дауыссыз дыбыстар һәм жарты дауысты дыбыстар сөздің тәні есебінде. Тәнді жан қандай билесе, дауысты дыбыстар басқа дыбыстарды сондай билейді». Сонда дауысты дыбыстар назым сөздің жаны, мәні, сәні, әні әрі есебінде. Денені әсерлендіреді, сәулелендіреді.
Абайдың тұтастай алғанда шығармашылық психологиясы (жүйке жүйесі, энергетикалық қоры, көкіректе сақталған ұстанымдары, естеліктері, мінез-құлық үлгілері, көзқарастар, әдет-дағдылар) күрделі бір әлем.
* * *
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?!
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!
Отаршылдық езгі, дәуір мәліметтері, хан заманындағы адамшылық қасиеттердің ізім-қайым жоғалғаны, халықтық асыл дәстүрлердің әлсірегені Абайдың осы бір сөйлемінде өткір айтылған. Бұл дегеніңіз биттеп, құрттаған қоғамдағы рухани құндылықтардың құрдымға кеткенінен әрі асқынған қайшылықтардың өрескел өршігенінен мәлімет береді. Күрескер Абай: «Менсінбеуші ем наданды, Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек едім заманды, Өзімді-өзім зор тұтып» дегенін де қоғам жайы нақтылы байыпталған.
Отаршылдықтың кесір-кесапаты қазақ қоғамын аяусыз улады, әңгілерді көбейтті, естілерді дәрменсіз, нәуетек күйге түсірді.
«Басында ми жоқ, өзінде ой жоқ», «Парықсызға бәрібір, мейлі қамқа, мейлі бөз» деп турасын айтты. Ұлттық-рухани құндылықтар асқақ дәрежесінен, абыройлы мәртебесінен айрылды. Осыған орай, «Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп, Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп» деп, көрмес түйені көрмес шіркіндерді шенейді.
Қазақтың байырғы ескілікті сөзінде: «Кесек-кесек дау, жанжал / Кер кеткеннің ауылында. / Кесек-кесек өтірік / Кер кеткенің аузында» дейтін пікір бар. Ендеше Абай: «Өсек тасып құмардан шығатындар болады»; «Надан ел –қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады»; «Пейіл кетті, ант атты» дейді. Тағы да осы бір ойын үстемелеп «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлайтындар» көбейгенін айтады.
Көшбасшылық, сыншылық көзқарасты, әділдік жолын, ел басқару өнерін тағдырының да, шығармашылығының темірқазығы еткен Абай «Сусыз жерде қамыс болмайды, азған елде намыс болмайды», «Жаманмен көрде де көрші болма» деп, халық айтқандай, намыссыздарды, арсыздарды, дүмшелерді, «арамдығының түбі жоқтарды» уытты сөздерімен әшкерелеген.
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?
Абайдың асыл ойлары – мінез-құлығыңды, зерде-зейініңді, шешім қабылдау қабілетіңді, ойыңды, қиялыңды байытады, әлеуетіңізді әлеумет ісіне жұмылдырады.
Сөйтіп, Абай қоғам өміріндегі қауіпті, арандатқыш арамзаларды, антұрғандарды, есер, әулекі, әумесерлерді барынша әшкерелейді. Зымиян зұлымдықтың қандай екендігі жайында ұлт қайраткері, көсемсөзші Міржақып Дулатов былайша пайымдайды:
1. «Зиянды адамдардың көбеюі арқылы жұрт азады деген көзбен қарау керек».
2. «Біреуге нақақ жала жапсаң, Алла алдында кінәлісің, Халық алдында ұяттысың, Хакім алдында жазалысың».
3. «Біреудің көрінеу жауыздығын айтпаудың өзі – жауыздық. Біреудің ұрлығын біле тұрып айтпасаң, сен өзің ұрысың» («Біздің істер»).
Енді Абайға дейінгі ұлттық поэзияда отаршылдық саясаттың қалайша жырланғанына яғни тарихи сабақтастығына үңілейік.
Қазақ жыраулары мен жыршы ақындар шығармашылығының идеялық-рухани, тарихи-философиялық, саяси-әлеуметтік негізі – ұлт тәуелсіздігі, жер тағдыры, ұлттық рух пен сана, елшілдік-мемлекетшілдік мұрат. Заманның күрделі қайшылықтары, ұлт тағдыры мен тарихындағы зобалаң-дүрбелеңдердің мәні мен мағынасы, көкейкесті ой-толғаныстар, ұлы арман-аңсарлар Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Нысанбай, Күдеріқожа, Досқожа, Махамбет, Нарманбет, Доскей, Сарышолақ, Албан Асан, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері сынды дүлдүлдердің толғаулары мен дастандарында сыншылдықпен, шыншылдықпен, нәзік шеберлікпен өрнектелді.
Ата тарихымызда 1783-1791 жылдарда Сырым Датұлы, 1836-1837 жылдарда Исатай-Махамбет, 1837-1847 жылдарда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістер ұлтын сүйген ақын-жыраулардың жүрегін жайындай тулатып, Ұлт, Заман, Уақыт атынан жанартаудай күркіреп, сес сөзін селдеткен-ді. Ұлт-азаттық идеяны – ең басты, ең негізгі ой қазығына, қуатты сарынға, әлеуметтік-философиялық мазмұнға айналдырды. Әсіресе, Бұқар жырау өнернамасы – заманның тілі, үні, сыры деуге лайық. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» дейтін кітабында (1942): «Бұқардың сөздері ХVІІІ ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы» деп жазады. Рас сөз, жанды пікір.
Шоқан Уәлиханов «Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деп түйін жасайды. Иә, Абылай ханның бас кеңесшісі, ақылгөйі, заманның сәуегейі Бұқар жыраудың көріпкелдігін Шоқан Уәлиханов «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты жазбасында айрықша атайды.
Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлттың ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі жырау мұраларында шынайы шындықпен суреттеледі. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері де мейлінше әшкереленеді.
Мысалы, «Қилы заман» толғауында мысықтабандап келе жатқан заманды елестетеді: «Күнбатыстан бір дұшпан / Ақырда шығар сол тұстан. / Өзі сары, көзі көк, / Діндарының аты – боп. / Күншығысқа қарайды, / Шашын алмай тарайды. / Құдайды білмес, діні жоқ, / Жамандықта міні жоқ, / Затсыз, тексіз бір кәпір. / Аузы-басы жүн кәпір. / Жаяулап келер жұртыңа. / Жағалы шекпен кигізіп, / Балды май жағар мұртыңа. / Жемқорларға жем беріп, / Азды көпке теңгеріп, / Ел қамын айтқан жақсыны / Сөйлетпей ұрар ұртына. / Бауыздамай ішер қаныңды, / Өлтірмей алар жаныңды, / Қағазға жазар малыңды, / Есеп алар пұлыңа, / Солдат алар ұлыңнан. / Күндердің күні Абылай, / Есе тимес өзіңе, / Есіктегі құлыңнан».
Қазақ қоғамының шынайы сәнінен, мәнінен айырылатынын, дінінің, тілінің тозатынын, қабілетсіздер, көргенсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, шынайы дәрменсіздік жайлайтынын, марқасқалардың төбесінде қара бұлт үйірілетінін баяндаған.
Ақынның «Қилы заман» толғауының қашан, қалай туындағанын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз жазбаларында түсіндіреді. Абылай хан бір салтанатты күнде, ат үстінде Бұқардан: «Асанқайғының қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар дегені не тантық, суда жүрген шортан тауға біткен қарағайдың басына қайдан шығады? Миға қонбайтұғын сөз ғой», – деп сұрапты. Сонда Бұқарекең қырын қарай тұрып, атының басын бұрып, қамшысын ерінің үстіне тастай салып, көзіне жас алып: «Әй, хан! Бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек еді!» – деп, осы толғауды тапқырлықпен туындатыпты.
Отарлаудың амалдарын қапысыз ойластырған Ресей империясы сахарада қара шекпенділер мен келімсектерді түпкілікті қоныстандыру үшін, алдымен, тұс-тұстан қалалар мен бекіністер салды. Нулы, сулы, шүйгінді, орманды жерлерден қазақтарды қырға ығыстырды. Атамекенінен, кәсібінен ажырап, абдырай бастаған, тағдыр тәлкегіне ұшыраған халқының күйігін Бұқар жырау былайша жоқтап зарлайды: «Өзің қонған Көкшетау / Кәпір қала салды, ойла! / Жарқайың деген жерлерге / Шашылып шеті барды, ойла! / Атбасар мен Қалқұтан / Балығы тәтті су еді. / Өзен бойын шаңдып ап, / Сүзекісін салды, ойла! / Қарқаралы деген тауларға / Қарқарасын шанышты, ойла! / Ұлытау, шеті Созақтан, / Берекелі жерлерден, / Көкорай шалғын көре алмай, / Шұбырып қазақ кетті, ойла! / Нұрада бар Ақмола, / Есілде бар Қараөткел, / Екі өткелдің аузынан / Қараөткелді салды, ойла! / Баянауыл, Қызылтау / Оны да кәпір алды, ойла! / ...Кетпейін десе жері тар, / Қоршап алған кәпір бар. / Ұйыққан қойдай қамалып, / Бүйірінен шаншу қадалып, / Сорлы қазақ қалды, ойла!».
Махамбет толғаулары – ұлт-азаттық көтеріліс шежіресі, қан кешуде айбынды, айдынды, от ауызды, орақ тілді жампоздың теңіздей толқыған кеудесінен буырқанып, отқа оранып туған. Солай болса да, тілінің мінсіздігімен, мінезділігімен, қуат-әсер сымбатымен өзгешеленеді. Оқымысты Құдайберген Жұбанов ұлы жыраулар мен жыршы ақындардың тілін «қазақтың ауызша дамыған әдеби тілі» ретінде қарастырады. Содан соң, қазақтың халық мәдениеті, өнері, тілі ХІV-ХVІІІ ғасырлардың аралығында ерекше жоғары деңгейде дамығанын айтады.
(Қ.Жұбанов «Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі». «Лениншіл жас», 1935 жыл. №31). Ендеше ұлт ақыны Махамбеттің ат үстінде, ұрыс даласында туған тастүйін толғамдары – жоғары сападағы қазақ әдеби тілінің миуалы жемісі. Ол – таңғажайып күрделі метафоралар мен көрікті теңеулердің ақыны.
Қазақ әдебиеті тарихында «зар заман» дейтін дәуірдің айтулы жыршылары болған. Бұлар да сахараның жүдеу тарта бастағанын, жердің тозғанын, жергілікті халықтың нулы, сулы өңірлерден айырылғанын, елді отарлаушылардың езгісінде жаншылып, берекесі қашқанын, ана тілінің өрісі тарылғанын өткір, терең сезініп жырлайды. Олар: Бұқар, Шортанбай, Нарманбет сынды ақын, жыраулар.
Дулат жырау зобалаңы мен зорлығы, шырғалаңы мен қорлығы асқынған қилы заманды сөйлетеді: «Қилы-қилы заманды / Заманға сай адамды / Салыстырып қарасам, / Су мүйіз болған танадай / Шыр көбелек айналам. / Кешегі бір заманда / Қарасы антқор, ханы арам; / Батыры көксер бас аман, / Бәйбіше тантық, бай сараң, / Бозбаласы бошалаң, / Қырсыға туды қыз балаң, / Нары жалқау, кер табан, / Құсы күйшіл, ат шабан, / Жырғалаң жоқ, жобалаң, / Ебі кеткен ел болды / Енді қайда мен барам?!».
Жырау ой-сезімін, заман қайшылығын шебер жеткізу үшін осындай шендестірулерді туындатқан.
Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» атты даңқты дастаны ұлт қаһарманы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихи баяны десек те болады. Тарихилық, деректілік, көркемдік жағынан алғанда үздік туынды. Жырау Кенесары ханның Наурызбай, Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Бұқарбай, Қабан, Құрбан тәрізді көкжал бөрілеріне әділ сипаттама береді.
Ақын-композитор, импровизатор Доскей Әлімбайұлы (1850-1946) Орталық Қазақстан аймағындағы Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын бірден-бір жетік білетін шежіреші еді. Оның «Кенесары» дейтін айтулы поэмасының алтын арқауы – Хан Кене тұлғасы.
Ұлттық поэзия тарихында «зар заман» ағымының негізгі бастаушысы Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) отаршылдықтың оттан кісен кигізгенін, «әуелі қор зор болғанын, сондағы зорлар қор болғанын», «азулыға бар заман, азусызға тар заман» екенін пайымдап, қарғыс оғын жаудыра сөйлейді.
Нарманбет Орманбетұлы «Сарыарқа» деген (1910) әнұран жырында дүние болмысын, қоғам дамуын жан-жақты суреттейді. «Халыққа қала салған боламыз құл» деп, зар жылайды. Мысалы: «...Қалмады Сарыарқада енді қызық, / Сандал тау, сары өлкені алды мұжық, / Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ, / Баласы байғұс алаш – қалдың мыжып», – деп күңіренеді.
«Зар заманның артқы ақыны бұрынғы зарлы мұңның бәріне ақырғы күмбезді тұрғызып, – деп жазады Мұхтар Әуезов, әдебиеттің бір ғасырлық дәуірін осы жоқтаумен тындырады». (Әуезов М. «Әдебиет тарихы». А: Ана тілі, 1991 жыл, 221-б.).
Мұрат Мөңкеұлының заманауи ой-толғаныстарында: «Еділді тартып алғаны, / Етекке қолды салғаны. / Жайықты тартып алғаны, / Жағаға қолды салғаны. / Ойылды тартып алғаны, / Ойындағысы болғаны...».
Немесе:
«Ай орнынан туады, / Күн орнынан шығады, / Бұның бәрі адамнан», – деуі қаны сорғалаған шындық. Ол «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп, ой жібін әрі қарай сабақтап, «Адыра қалғыр заманның, Мен жаратпаймын сүреңін» дейтін зілді сөзінде заман, дін, адам қайтіп түзелер деп қамығып торығады.
Сөз бен ой зергерлерінің ұлт тағдырын терең толғауы, заманның зардап-қырсықтарын барынша болжап-барлауы, рухани құндылықтардың сетінеуін түсіндіруі, жер, тіл, дін тәрізді ұлы, киелі жаратындылардан айырыла бастауымызды айрықша сипаттап жеткізуі, шын мәнісінде, ойландырмай қоймайды. Бұл орайда Албан Асан Бармақұлы (1866-1916) «Заман түрі» деген толғауында күңіренте, толқындата толғайды.
Ал Әбубәкір Кердері «Заман деген желмая, Қалмасақ халқым жақсы еді, Желмаядан жығылып» деп тіксініп, үрейленеді. Күдеріқожаның «Қарқаралы-Қазылық» деген келісті кемел толғауы халықтың зары мен запыранын лекілдете жеткізген.
Қоныстан, жерден айрылу – қанатыңнан қайрылу, тамырыңнан безіну.
«Атам, анам қара жер» деген Абайдың ойын, ұлы тілегін жырауларымыз да қан тамырларын солқындата жырлаған. Демек, жыраулардың Ұлы қонысқа көзқарасы Абай шығармашылығында орасан қуатпен дамытылған.
* * *
Жақсылық ұзақ тұрмайды,
Жамандық әркез тозбайды, – дейді Абай. Ойшылдың әрбір сөзі, әрбір ойы тереңдігімен, күрделілігімен, өмір, тұрмыс-тіршіліктің неше алуан қат-қабат сырларын түйіндеп сипаттауымен ерекшеленеді. Жақсылығы мен жамандығы өлшеусіз мынау опалаң-топалаң жалғанда қалайша ғұмыр кешуді, не істеуді, нені істемеуді, көлденең кеселдерден қалайша құтылуды, нені мақсат етуді үйрететін даналық, ізгілік, тағылым мектебі бар. Ол – бабалар жолы! Ол – Абайдың даналық жолы, жақсылық жолы! Пайғамбарымыздың «адамның ең жақсысы кім?» дегенде «Көпке пайдасы тиген кісі», ал «ең жаманы кім?» деп сұрағанда «Көпке зияны тиген кісі» депті. «Құдай тағала әрі өзі, әрі сөзі, әрі көңілі қарадан сақтасын!» деп тілейді екен. «Мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың тағдыры күрделі де қасіретті. Бұған мына бір шумағы айғақ.
Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.
(«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын»)
Абайдың түпкі ойының мәнісі мен мәйегін тану үшін «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» дейтін жазбасында («Дала уәлаятының газеті», 1892 жыл, №29-31, 34-40) мынадай мәдени-тарихи, әдеби деректер ұсынылған.
Әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Йасауи: «Сіздің біріңіз, жамандық іс көре қалсаңыз, оны қолыңызбен түзетіңіз, тоқтатыңыз, егер күшіңіз жетпесе тіліңізбен яғни оған қарсы шығып, наразылық білдірсін, оған да күші жетпесе, жүрегімен қарсы шықсын (яғни көре тұра ешқандай әрекет ете алмағаны үшін жүрегі сыздасын мағынасында), бұл иманның ең әлсіз түрі болып табылады». (Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Йасауи. Көңілдің айнасы (Мират-ул Қулуб). Анкара, «Билиг», 2000. 17-бет).
«Ежелгі гректер – бейнелеу өнерінде, римдіктер – құқықта, израилдіктер мен арабтар – дінде, француздар – әдебиетте, англо-саксондықтар – экономикада, немістер – музыка мен философияда, ал түріктер – моральда бірінші орында». (Зия Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. Алматы, «Мерей», 2000. -101 бет.)
Халық ағасы Абай өміріндегі трагедияның зоры 1898 жылдың маусымының 17 күні болған еді. Осы бір оқиға турасында патшалық Сенатқа орыс тілінде жазған шағым хатында барша шындығымен, дәйекті дәлелдерімен толық баяндалған, заңнамалық, логикалық, гуманистік тұрғыдан тұжырымдалған. Абайдың ақиқатшылдығы, терең, түсінікті пайымды әділеттігі, Россияның Қылмысты істер жайындағы сот ісін жүргізу қағидаттарын ой-парасатымен таразылауы айқын танылады.
Қара тобыр ішіндегі лағыл-гауһар данышпан Абайдың отаршылдық сойқан саясаттың, жай тасындай оғат жарлықтың құрбанына айналуы, сұмдық масқаралануы, қолжазбаларының тұтқындалуы – бір басының яки әулетінің ғана емес, ұлтқа, ұрпаққа, төл тарихқа жасалған алапат қиянат. Мұндай қасірет «әркез тозбайды». Құрдымға жұтылған қымбат қолжазба мұралардың өкініші өшпейді.
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор